Келер жылы Павлодар облысының әр мектебінде тарихи-этнографиялық музейлер ашылады

0
24 Қараша 2018, 14:17 261 0

Фото: pavlodarnews.kz

Астана, BAQ.KZ. 2019 жылдың қаңтар айынан өңіріміздің барлық жалпы орта білім беру мектептерінде «Ұлы дала мұрасы» атты арнайы жоба жүзеге асырыла бастайды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, аталмыш жоба Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай жүзеге асырылып, бүкіл мектептердегі музейлердің форматы мен мазмұны өзгертілмек. Ауқымды жоба «Ұлы дала мұрасы» деген атқа ие болды.

«Жоба аясында Қазақстанның ежелгі тарихынан бастап, бүгінгі дейінгі тарихи сәттерден хабардар етеміз. Бабаларымыз әлемдік өркениетке зор үлес қосқан. Ол қазіргі кезде бүкіл әлемге тарап кеткен киім үлгісі, ат әбзелдері және басқа да технологиялық жетістіктерге қатысты. Өкінішке орай, оны балаларымыз біле бермейді. Біздің мақсатымыз – балалардың тарих, әдебиет, географиядан білгенін өмірде пайдалануды үйрету», — дейді Дінислам Болатханұлы.

Әзірленіп жатқан жобаның концепциясы бойынша мектеп жанындағы ашылғалы жатқан музейлерде сақ, ғұн, көктүрік, Алтын Орда, Қазақ хандығы тарихын барынша толық қамтылады. Қазіргі кезде облыста 246 алпы орта білім беру мектептері жұмыс істейді. Облыстық білім беру басқармасының басшысы жеткізгендей, облысымыздың барлығы дерлік мектептерінде музейлер және музей бұрыштары бар. Бұл Ертіс өңірінің ерекшелігі, әрі артықшылығы. Дінислам Болатханұлының айтуынша, жаңа жоба мемлекет қазынасына жүк түсірмейді.

«Қазіргі кезде бар музейлер кезінде «Мектепке – тағзым» жобасы аясында мектеп түлектерінің, қарапайым демеушілердің көмегімен ашылған. Осы жолы да осы тетік арқылы жұмысты жүзеге асырады. Сол себепті, облыстық бюджетке салмақ түсірмейміз, — дейді Дінислам Болатханұлы.

«Ұлы дала мұрасы» мектептерде музей ашумен шектелмейді. Жобаға сәйкес, этнографиялық-археологиялық бағыт та жүзеге асырылады. Ол бойынша балалар туған өлкелерін зерттеп, қазақ халқының салт-дәстүрімен етене танысады.

«Дайын нәрсені сатып алып, әкеп қоя салу емес, балаларды еңбекке баулуды да ескеруіміз қажет. Еңбек сабақтарында оқушыларымыздың қолынан әжептәуір дүниелер шығады. Ата-бабаларымыз қолданған бұйымдарды қолымен жасамас бұрын балаларға ол заттардың тарихы, шыққан тегі көрсетіледі. Абай атамыз айтпақшы, өскелең ұрпақ көргенінен ғибрат алуды үйренеді», — дейді Дінислам Болатханұлы.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ