Келер жылға жоспар көп | «Айқын» газеті

0

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық парламентшілер Петерборда ТМД Парламентаралық ассамблеясының шараларына қатысты.

ТМД ПАА Кеңесінің отырысы мен Парламентаралық ассамблеяның 48- отырысында ұйымға қатысушы мем­ле­кеттер парламенттерінің басшылары жиырмадан астам маңызды мәселелерді талқылады. Күн тәртібіне «Өрттен ерікті қорғау туралы», «Дербес деректер туралы» секілді маңызы зор үлгілі заң жо­балары енгізілді, сондай-ақ 2019 жылдың алғашқы жартысындағы ТМД елдеріндегі мемлекеттік билік орган­дарының сайлауларын байқауға әзірлік мәселелері қаралды және ТМД ПАА-ның алдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Сенат депутаттары сондай-ақ осы ұйым жанындағы қауіпсіздік және жаңа қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жө­ніндегі заңнаманы үйлестіру жөніндегі бірлескен комиссиялардың, ТМД ПАА Қорғаныс және қауіпсіздік, Саяси мәселелер және халықаралық ынты­мақ­тастық, Құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларының отырыс­тарына қатысты.
Бұдан бөлек, жиын аясында Таврия сарайында парламентшілердің қаты­суымен Шыңғыс Айтматовтың туғанына 90 жыл толуына арнап қойылған көрме ашылды.
ТМД ПАА Кеңесінің қорытындыла­ры бойынша өткен баспасөз мәсли­хатында Сенат басшысы қытайлық «Бір бел­деу – бір жол» жобасын іске асыруға ТМД елдерінің қатысу мүмкіндігі ту­ралы пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, әлемдегі экономика мен халықаралық ахуалдағы шиеленістер, санкциялық текетірестер, алпауыт елдер арасындағы сауда қайшылықтарының өршуі аясында қытайлық стратегияның мән-маңызы арта түсетін болады.
«ТМД елдерінің бұл жобаға белсенді қатысуы Еуразиядағы ықпалдастық үдерістерін өрістетуге, аймақтық сауданы дамытуға ықпал етеді. Одан басқа, бұл санкциялық соғыстардың теріс зардаптарын жоюға мүмкіндік береді», – деді Қ.Тоқаев.
Сенат басшысы парламентара­­лық ұйымға мүше мемлекеттер бұл жоба­­ға қатысудың тиімділігін қазірден ­сезі­ніп отырғанын атап өтті. Бүгінде осы бастаманы одан әрі дамыту күн ­тәр­тібінде тұр, бұл жерде көлік-ло­гисти­калық дәліздер мен тиісті инфра­құрылым қалыптастыруға бай­ланысты мәсе­лелерді шешу туралы сөз болуда.
«Біз парламентаралық үнқатысуда сауда мен экономикалық ынтымақ­тастықты дамыту тақырыптарының келешегі зор деп санаймыз. Депутаттар ТМД ПАА аясында заңнамалық, нормативтік база қалыптастыруға елеулі үлес қоса алады. «Бір белдеу – бір жол» тұжырымдамасын ілгерілету ауқымды Еуразиядағы ықпалдастық үдерістерін үйлестіруге ықпал етеді», – деп түйді Қ.Тоқаев.
Қазақстанның жоғарғы палатасының төрағасы Ассамблеяның биылғы жұмы­сының қорытындыларына оң баға берді. ТМД елдерінің парламентшілері заң­намалық, экономикалық, әлеуметтік мәселелерде ассамблеяға мүше әр ел өздеріне лайық шешімдерді таба алуы үшін құқықтық іргетас қалыптастырды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, дегенмен, қол жеткен деңгейде тоқтап қалуға бол­майды, жұмыс үдерістерін жетілдіру үшін күш-жігерді біріктіру және оны цифрлы технологияның дамуын ескере отырып өркендету керек.

Айхан ШӘРІП