Келер ұрпақ бізге қарғыс айтпауы керек

0
101

Театр маусымының ашылар кезі ұжым үшін үлкен уайым. Уақыт пен еңбекті сарп еткен дүниенің көрермен назарына ұсынылып, талан-таражға салынатын кезі. Түрлі сын, түрлі пікір. Мақтаған да, даттаған да жан табылады. Маусымашардың жүрек толқытатыны да сол себепті. Биыл сегізінші рет көрерменімен көрісіп жатқан «А.И» театры бір емес, екі жаңа қойылым қойды. Жаңашыл бағыт, өзгеше көзқарас, басқаша бетбұрыс сезілді. Театр репертуары уақыт пен кеңістік талғамайтын туындылармен толығыпты. Ұжым басшысы белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Айгүл Иманбаевамен сұхбаттастық. Сегіз қырлы, бір сырлы жанмен осы жолы тек театр турасында тілдестік. Жеке театр құруды алғашқылардың бірі болып қолға алған ол бүгінде бұл үрдістің белең алғанына қуанышты. 

– «А.И.» театрының VIII маусымына куә болдық. Алғаш ашылған кезге оралсақ. Бәрі қалай басталды?
– 2006 жылдан бастап жеке театр ашу жайлы ойланып жүрдім. «Сабақты ине сәтімен» демекші, бұл идеям іште төрт жылдай піскен соң барып жүзеге асты. 2010 жылы Тараз қаласындағы драма театр­ға келісімшартпен «Сыған серена­да­сын­дағы» Изольданы ойнау үшін белгілі режиссер Қуандық Қасымов шақырды. Бір айға жуық уақыт сонда тұрдым. Қуандық ағамен күнде шай ішіп, түрлі тақы­рыпқа тілдесетінбіз. Бірде сөз ара­сын­да «Алматыдағы Мүсірепов театрында жүргеніме біраз болды. Сол жақтан өзіме арнайы қойылым қойдырсам. Жеке жоба жасасам қалай болады?» дедім. Содан режиссердің «Жоба деп, басқа деп басыңды қатырып қайтесің? Ең абзалы, сен театр ашсаңшы» демесі бар ма? Шошып кеттім. Қолымнан келе ме? Неден бастай­мын? Бұл дүние ойымда болғаны­мен, жүрексінетінмін. Қуандық ағам «Сенің қолыңнан келеді» деп дем беріп, сол кісінің мұрындық болуымен алғашқы қадам жасалды. Сонымен бірге, белгілі актер Жұлдызбек Жұманбаймен де осы тақырыпта көп сөйлестік. Ол да бірден қолдады. Театрдың ашылуына септігі тиген тағы бір адам – жақын құрбым, ақын Назгүл Сарыбаева. Осы төрттік бірігіп, тәуекел дестік. Сөйтіп, театр жұмысы басталды да кетті. 2011 жылы 14 ақпанда «А.И.» театр шымылдығы француз драматургы Жан Ануйдың «Медеясымен» ашылды. Сол сәттен бері дамылсыз қыз­мет етіп келеміз. Маңдай тер, адал еңбектің қашанда бағасы жоғары, наны тәтті. Қарап отырсам, кеше ғана бастағандай едік. Зу етіп 8 жыл өтіп кетіпті. Алғашқы бес жылында Алматыда қойып жүрдік. Кейін елордаға қоныс аудардық. Міне, соңғы үш жылдан бері театр маусымы Астанадан ашылып жүр. Өнерді қолдайтын, бағалайтын жұртшылық бізден жаңа дүниелер күтетінін сеземін. Елегізіп, «осы маусымда қандай қойылым қосылады?» деп жүретіндер көп. Мұндай кісілердің қатарында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Наушақызы, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұ­лов бар. Үнемі залдан табылып, қолдап жүреді. Көрермен ықыласы тіптен бөлек. Тақымын қысып, тілеуімді тілеп отыра­тын­дар жетерлік. Залдан сондай жағым­ды энергетика аламын. Сүрінбеуім­ді, бәрінің жақсы болуын іштей тілейді. «Ал не істейсің? Не көрсетесің?» деп сынап келетін­­дерден гөрі игілік тілеп келетіндер­дің қарасы көп.
– Сынап келетіндерді тыңдап көрдіңіз бе? Сонда олар не дейді?
– Театр енді ашылған тұста халықтан гөрі әріптестер көбірек сынады. Кәсіби сын деуге де келмейді. Қазір тізіп шықсам, құдды өкпелегендей боламын. Бірақ менің ренішімнің өзі «шай орамал кепкенше». Жұмысыма, оның алға басуына сенімсіздік білдіргендерінің арқасында одан ары мықты бола түстім. Мотивация болды. «Бөлініп не керек? Үй ішінен үй тіккені несі?» деген сөздерді жиі естідім. Сондай сәттердің бірінде танымал театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Айгүл, театр ашып, дұрыс істедің. Түбінде әр мемлекеттік қазақ театры жекешеленеді. Бұл үрдіс кең етек алып, жеке театр құрушылар көбейеді», – деді. Марқұм Әшекеңнің мұны айтқанына біраз жыл өтті. Айдай келіп отыр. Театр ашуды менің алдымда бастаған тек Болат Атабаев еді. Өкінішке қарай, бүгінде «Ақсарай» тараңқырап кетті. Одан кейін Тұңғышбай Жаманқұлов, Асанәлі Әшімов, Азамат Сатыбалды және бірқатар әріптес­те­­рім де жеке театр құрды. Бәріне тілек­ші­мін.
– Жаңа маусымда қос бірдей қойылым­ның премьерасын жасау – бұрын-соңды болмаған жағдай. Әрі Қодар мен Қарабайдың образы да ерекше шықты. Қара қою костюм кигізіп қойдыңыздар. Жаңа интерпретация­ның мәні неде?
– VIII маусымды EXPO ғимаратындағы Nomad City Hall залында аштық. Бес күн бойы өнер көрсеттік. Екі премьера қойыл­ды. Спектакльдің елге берері болуы тиіс. Мәселен, біз ұсынған «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» ғасыр жоқ. Ең соңында режиссер Мақпалдың аузына әдемі сөз салып берді. Сол түйін ұнады: «Қарғыс атады деуші еді. Әлі жүр дейді жер басып. Сырты күліп, іші өліп жатыр екен-ау, оңбас, оңалмас» деп бітеді. Екі шеше моланың басында отырады. Ал төбеде Қарабай мен Қодар тұрады. Ғабит Мүсіре­пов­тің сонша жыл бұрын жазған шығар­масы әлі күнге дейін өзекті. Қодар­лар қай заманда да болып тұрғаны ғой, демек. Бастысы, «Ұлтың кім? Кімсің? Фолькло­рың қандай?» деп шетелде сұрай қалғанда, «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп ауыз толтырып айта алсақ деймін. Бәрін ескергіміз келеді. Мәселен, киім, декора­ция өте үлкен қаражатты талап етеді. Маған үнемі «Осы сенің крышаң кім?» деп жатады. Менің «крышам» – бір Алла. Құдай қуат берем десе, береді. Адамға үнемі ниеті жолдас болады. Той-томалақ­тан тапқанымның бәрін, тіпті баламның аузы­нан жырып осы театрға салып отыр­мын. Өйткені бұл – саф өнер. Ол болса, саңлаққа ғана қонады. Қаймағын бұзбай ұстаудың өзі оңай емес. Өнерде кие бар. Мамандығыма махаббатпен қарайтыным­ның себебі де – осы. Егер тапқан-таян­ға­ным­­ды ішіп-жемге, киім-кешекке жұмсар болсам, баяғыда май-шелпекте өмір сүрер ем. Келер ұрпақ бізге қарғыс айтпауы керек. Әр адам қоғамдағы өз саласына жауап беруі тиіс. Сол себепті міндетім – өнеріммен үн қосу. Театрға келген адамға ақыл айтпаймыз, ой тастаймыз. Сол мақ­сат орындалса, өнерім арқылы қоғамға үлес қосқаным. Биылғы тұсаукесердің тағы бірі – «Менің әйелім өтірікші». Бастан аяқ екі сағат ішек-сілеңіз қатып, күлесіз. Өте қызық комедия. Бірақ арты­нан ойланып қаласыз. Әдемі көйлек киіп, қыдырумен басқа дым білмейтін келіншек ана болудың, бала дүниеге әкелудің маңы­зын түсінеді. Тастанды балалар жайлы да қамтылады. Күлкі арқылы адамды ойлан­тады. Діттегеніміз де – осы.
– Бір бағытта ғана жұмыс істемейсіз. Әнші, педагог, актриса, тележүргізуші айта берсе, көп. Актриса Айгүлдің арманында жүрген рөл қандай?
– Ешбірін бөлместен өнер деп қарай­мын. Соның ішінде театр өнеріне тоқтал-сам. Бұл жерде өресі, ойы, жүрегі бар жандар жүреді. Егер осы аталғандар бойда болмаса, бәрі бекер. Театрда жастығыңмен Жібек пен Баянды ойнай бересің. Жасың ұлғайған сайын Найман-ана сынды образ­дар­ға жақындайсың. Тереңдей бересің. Ойымда жүрген терең рөлдердің бірі – Томирис. Тарихи дүниелердің ішінде осы шығарма ерекше ұнайды. Бұл ойды іске асыруға ештеңе кедергі емес. Бәлкім, пісу керек шығар. Қазір ойға алып, түртіп алдым. Томиристі жарыққа шығару керек екен. Жақсы ой тастадыңыз.


– «Тапқанымды театрға саламын» деп қалдыңыз. Материалдық мәселеге бас ауырт­пайтын адамға ұқсайсыз…
– Өнерге келген барлық адамда арқа болады. Бірақ өренің деңгейі бәрінде бірдей жоғары емес. Ішкі мәдениеті әртүрлі. Өз басым, өнерге келгенде – таза фанатпын. Өнермен таңымды атырып, күнімді батыруға бармын. «Қай жерде табыс бар» дегенмен басымды қатырмай­мын. Маған ризық өзі келеді. Өйткені ісіме адалмын. Өнерді жақсы көрем. Өте жаттанды естілетін шығар. Бірақ, рас солай. Табиғатымнан сәл нәрсеге сынбай­мын. Кішігірім қиындыққа бола өкіріп жылап, қиналатындардан емеспін. Ақшаға бола уайымдағанды ұнатпаймын. Тығы­рық­­қа тіреліп қалсам, әрі кетсе дос-жаран­нан қарызға ала саламын. Мені сынды­рып, құлатуы мүмкін дүниенің бәрі рухани әлеміммен байланысты. Сенген адамым сатқанда, бойынан жасандылық көргенде қиналып кетемін. Былқ-сылқ етіп құлап, талай тұрдым. Бала кезімнен кө­ріп келе жатқаным – моральдық қиындық. Анам өмір бойы бас есепші болып жұмыс істеді. Ауылдың элитасы саналатын. Сәндіні не, тәттіні де алғаш болып біз алатынбыз. Жан басына бір кәмпиттен берілген заман болды. Сол уақытта біздің үйдің серван­тын­да келілеп тұратын. Материалдық қиын­дық көрмедік. Бірақ әке-шешенің екі жақ­қа кетуі, ағайын арасындағы кикіл­жің­дер жүректі жырып отырды. Оның орнын толтыру оңай емес. Ақшалай мәселеге неге мән бермеймін? Өйткені бастысы, денің сау болсын. Сатып алуға келмейтін дүниеге ғана қиналуға болатын шығар. Жаратқан бәрін есептеп, сызып қояды. Оған сан мәрте көзім жеткен. Адамға алақан жайғызбасын. Керегімді Құдайдан сұраймын.
– Ендігі жылы сіздерден не күтеміз? Көрерменді қалай қуантасыздар?
– 2019 жылға қатысты жоспар көп. Дина Жұмабаеваның «Человеческий голос» моноспектаклін қойсақ деп отырмыз. Режис­сер – жас та болса, актер жүрегінің қылын терең сезе білетін, аша білетін маман. Ондай адамның қолына түсу де – арман. Бірақ бірнеше ескерту де жасадым. Соңғы кездері көп қойып жүр, бір-біріне ұқсап кетпесе деймін. Ақпанда жұмыс басталуы тиіс. Премьера наурызға қарай шығып қалуы тиіс. Негізі әдетте, бір қойы­лым­ға бір ай жеткілікті. Сенсеңіз, «Менің әйелім өтірікшіні» он бес күнде әзірледік. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» жиырма күн кетті. Мемлекеттік театрларда бұл процесс ұзақ жүреді. Бізде тез дайын­да­латын себебі – жеке театр болғанымызда. Әрі бүгін ғарыш заманы екені тағы бар. Бәрін максимум тез жасауға тырысу керек. Таң атады, күн батады. Өмір осылай өте береді. Үлгерсең, үлгергенің. Үлгермесең, қаласың. Одан бөлек, якутиялық Сергей Потапов пен ресейлік Йонас Вайткуспен келісімшарт жасасып жатырмыз. Негізі, осы жолы да екі қойылым жоспарлап отырмыз. Сәтін салса, көре жатарсыздар.

Сұхбаттасқан
Жадыра АҚҚАЙЫР

Дереккөз: Айқын