Келелі істің кеңесі
Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді» дей отырып, көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек деген болатын.
Осы орайда жоғарыдағы Елбасы мақаласында атап өтілгендей, ұлтымыздың тарихи танымын тереңдетіп, санасын жаңғыртып, ежелгі мәдени-рухани құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңіру үшін атқарушы тараптардан біршама істер қолға алынып жатыр. Мәселен, өткен апта соңында елордадағы Ұлттық музейдің ұйымдастыруымен «Ежелгі өркениеттер тоғысындағы Ұлы дала елі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Аталған басқосуға еліміздің жетекші ғалым-мамандары мен шетелдік сарапшылар қатысып, Ұлы дала тарихына байланысты ой-толғамдарын ортаға салды. Осылардың ішінде, әзербайжандық ғалым Махфуза Зейналованың түркі халықтарының тарихи-мәдени ортақтастығы жайлы айтқан тұжырымы, Ботай мәдениетін негіздеуші ғалым-археолог Виктор Зайберт және жас маман Ақан Оңғарұлының Ұлы дала салт аттылары туралы жасаған баяндамалары көптің көңілінен шықты.
Аталған жиынды түйіндеген тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуовтің пайымдауынша, бұл реткі басқосуда талқылау нысанына алынған тақырыбында айтылғандай, Ұлы даладағы ежелгі өркениеттерді сараптаудың басты бағыттары айқындалды, сонымен қатар мемлекетаралық тұрғыдан істелуі қажет кейбір жұмыстардың жоспары нақтыланыпты.
Ұлттық музей ұжымы бұған дейін «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты үлкен жобаның қорытындысын жасаған болатын. Бұл басқосу сол шараның жалғасы іспеттес. Өйткені алдағы жылы Елбасының мақаласы бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланып, оларды жүзеге асырудың тетігі қаланбақ. Сол себепті бүгінгі конференцияны алда атқарылар келелі істің кеңесі десе де болады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/