«Кейде жігіт пен қыздай қол ұстасып алатын»: Алматы облысында өгей қызын зорлап өлтірді деген күдіктінің көршілері оқиға жайлы айтты

0

Алматы облысы Талғар ауданындағы жатақханалардың бірінде болған сұмдық жайт жергілікті жұрттың үрейін ұшырған болатын. Жасөспірімді қатаң тәртіппен ұстап, қасынан бір елі шығармаған ер адам бұрын сотты болған дейді көршілері. Бұл туралы  Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

13 жасар қыздың денесін екінші қабаттағы өзінің пәтерінен табылған. Ол анасы және өгей әкесімен бірге тұрыпты. Көршілерінің айтуынша, жұмыста болған әйел адам жеткіншек байланысқа шықпағаннан кейін бірден келуге тырысқан. Алайда қаскөйдің арам пиғылынан арашалап қалуға үлгермеген.

Бір жыл бұрын осы жатақханаға көшіп келген отбасын көршілері сырттай танығанымен, етене араласа қоймапты. Бар білетіндері келіншек таңертең жұмысқа кетіп, кеш оралады екен. Ал осы уақытта 13 жастағы қыз бала өгей әкесімен бірге қалып жүрген. Ер адамның талабы қатаң болғандықтан ба, әлде тәрбие солай ма әйтеуір жасөспірімнің аулада ойнап жүргенін ешкім байқамапты. Тіпті, көшеге шықса да екеуі қол ұстасып жүретін, дейді.

«Өгей әкесі бұрын сотталған. Мүмкін, оны барлық жерде жұмысқа қабылдамаған. Негізі үйінде жүретін. Өгей қызы екеуі сыртта бірге кір жайып, дүкенге барып жүрген кезде қол ұстасып алатын. Кейде жігіт пен қыздай көрінгенде күдік ұялатқаны да рас. Тіпті, үйінен балалармен ойнауға да шығармайтын. Бірақ, ішімдік ішкенін көрмедім. Еңбеккор екенін байқайтынбыз», – дейді көршісі Күләш Жұбанова.

Алып ұшып үйіне келген анасы әуел баста пәтерінің есігін аша алмаған. Жақын маңдағы көршілері оны бұзуға көмектесіпті. Кірген мезетте өрімдей қыздың азапталған денесін тапқан. Бұл оқиғадан кейін қазір мұндағы тұрғындар да есіктерін кілттеп, үрей үстінде жүр.

«Жаман қиын болды бұл. Жас қызға обал қылды ғой. Айуандықпен өлтіріп қойыпты. Барлық жатақхананың тұрғындары қорқып қалды. Қазір есіктерін іліп отыратын болды. 12 де бір гүлі ашылмаған жас қыз еді», – дейді көріші Сағадат Сәлібаев.

Қызының өлі денесін көрген ананың жағдайы нашарлап, қазір ауруханада жатыр. Көршілері үш баласы барын жеткізді. Оның екеуі қаладағы туыстарымен бірге тұрады екен. Ал 47 жастағы азамат қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап Алматыға қашып кеткен. Жедел іздестіру барысында құзырлы орган өкілдері оны тауып, қамауға алған. «Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қыздың 47 жастағы өгей әкесі анықталды. Жедел іздестіру іс-шараларының барысында оқиға орнынан жасырынған күдікті Алматы облысы полиция департаментінің жедел уәкілдерімен Алматы қаласының аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті ер адам уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», – дейді Алматы облысы ПД медиа-аналитика тобының маман Ернар Сайдильдин.

Ұсталған ер адамға қазіргі уақытта 99 баптың үшінші бөлігі бойынша іс қозғалуда. Бірге тұрған қаршадай қызды не себепті бұлай азаптап өлтіргенін жатақхананың тұрғындары да білмей дал. Ал қанды оқиғаның қалай өрбігені және оған не түрткі болғаны тергеуден кейін бірақ анықталмақ.