«Кейде өркениеттің келмеуінің осындай «артықшылығы» болады»: Тұрғындар Қостанай облысының «феномені» туралы – Қазақстан жаңалықтары

0

Күні бүгінге дейін елімізде коронавирус жетпеген бір-ақ аймақ болған-тын. Ол – Қостанай облысы. Бұл факті әлеуметтік желілерде түрлі қалжыңға толы мемдердің пайда болуына себеп болса, бір шеті, аймаққа қызыға да қарап отырғандар көп. Тіпті қазақстандықтар ғаламторда қалжың-шыны аралас «Қостанайда пәтер қанша тұрады?» деген жазбаларын қалдыруда. Stan.kz тілшісі Қостанай облысының бірнеше тұрғынына хабарласып, аймақтағы жағдай мен халықтың көңіл-күйі туралы білді. 

Фейсбук әлеуметтік желісінде белсенді Амандық Әмірхамзин есімді азамат мұның сыры шалғай жолдар мен инфрақұрылымның болмауында деп санайды.

«Бүгінгі таңда коронавирус жетпеген тек бір аймақ қалды. Бұл менің туған жерім, кіші Отаным – Қостанай облысы. Біздің аймаққа пандемия өтпеуі үшін 10 блокпост қойылған, барлық сақтық және шектеу шаралары қолға алынды. Сақтықта қорлық жоқ дейді ғой. Бұл шаралар өзін-өзі ақтайды деп үміттеніп отырмыз. Сонымен қатар, менің ойымша, жолдардың шалғайлығы мен инфрақұрылымның болмауы (облыста бір ғана әуежай, оның өзінде біраз уақыт жөндеуде тұрды) коронавирустың келмеуіне басты себеп болып отыр. Кейде өркениеттің келмеуінің осындай «артықшылығы» болады», – деген пікірімен бөлісті Амандық Әмірхамзин. 

Қостанай облысында 30 мыңдай тұрғыны бар шағын Арқалық қаласы да орналасқан. Бұл – қазақтың біраз ақын-жазушылары, ағартушыларының кіндік қаны тамған әйгілі Торғай облысының бұрынғы орталығы. 1997 жылы Торғай облысы жабылып, Арқалық қаласы Қостанай облысының құрамына енді.

Осы қаланың 71 жастағы тұрғыны Ажар Нұрханқызының пікірінше, өңірдің әлі коронавирустан дін аман болуының себебі дер кезінде қабылданған шараларда жатыр.

«Біздің облыста коронавирусқа байланысты сақтық шаралары қолға дер кезінде алғандықтан ба деп ойлаймын. Коронавирус келмегеніне қарамастан, ел-жұрт далаға көп шыға бермейді. Ойын-сауық мекемелерінің бәрі жабық. Халық та сақтық шараларын ұстануда, маска тағып, медициналық қолғап киіп жүр. Аса үлкен естілік танытуда», – дейді аймақ тұрғыны. 

Айта кетсек, бүгін елдегі коронавирус жағдайына байланысты өткен арнайы онлайн-бринфингте журналистер Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан Қостанай облысының «феномені» туралы сұраған болатын. 

Бұған Біртанов: «Естеріңізге сала кетсем, наурыз айының басында бәрі «Қазақстанда қалай әлі коронавирус тіркелмеді, бір нәрсені жасырып отырған шығарсыздар» деп таңғалатын еді. Сондықтан ешқандай «феномен» жоқ, инфекцияның таралуының табиғи механизмдері бар. Ол адамдар қозғалысының трафигі мен карантиндік шаралардың тиімділігіне байланысты. Қостанай облысы дәрігерлерінің ерен еңбегі нәтижесін көрсетуде. Мен оларға алдағы уақытта да сәттілік тілеймін және вирус жеткен жағдайда оның таралып кетпеуіне тілектеспін. Қостанай облысының медиктері сақадай-сай», – деді Біртанов. 

Ескерту. Бұл материал аймақта коронавирус пайда болмай тұрып жазылған еді. Осы уақытта аймақта вирус жұқтырған бір тұрғын анықталды.

 

Дайындаған: Жанар Жансейіт​

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз