«Кейде өкінемін»: Нұрболхан Шарапов Ләйлә Сұлтанқызымен болған арадағы дауға қатысты жан сырын ақтарды (ВИДЕО)

0

Танымал отандық жайдарманшы Нұрболхан Шарапов журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында Ләйлә Сұлтанқызымен соттасқан кезін еске алды. Әзілкеш кей кездері бұл әрекетіне өкінетінін жеткізді. Сондай-ақ ол тележүргізуші соттың шешімі бойынша өтеп беруі тиіс шығындарды әлі күнге дейін төлемегенін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұдан үш жыл бұрын тележұлдыз Ләйлә Сұлтанқызымен жайдарманшы Нұрболхан Шарапов арасында кикілжің туындап, танымал тұлғалар соттасуға дейін барған болатын. Сұлтанқызы жүргізетін отандық бағдарламада көтерілген тақырыптардың бірі жайдарманшының шамына тиіп, ол бағдарламаны қатаң сынға алған болатын. Алайда бағдарлама жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы Нұрболханның бұл сынын орынсыз санап, оны жеке басыма тіл тигізді деп айыптап, сотқа берген. Нұрболхан Шарапов аталған дауды Аман Тасығанмен болған сұхбаты барысында еске алды. «Ләйлә Сұлтанқызымен болған дау кезінде эмоцияға берілдім. Негізі ол жерде тек бағдарламаны сынаған едім. Бірақ оның жүргізушісі Ләйлә болғаннан кейін, ол оның ішіне эмоциямен кіріп кетті. Бағдарлама емес, Ләйләмен соғыс басталып кетті», — дейді ол. Айтуынша, бұл әрекетіне кейде өкініп қалады. «Кейде өкінемін. Бірақ кейде оның шыққанын да (ред. — даудың) мен құптаймын. Ондай нәрселер қазір қоғамда қатты белең алып кетті, телевизияда да мен сынға алған дүниелер ашық түрде айтылып жатқаннан кейін, оны дәріптеу республикалық телеарналарда көрсетіліп жатқаннан кейін айтуға тура келді», — дейді әзілкеш.

Жайдарманшының сөзіне сенсек, Ләйлә Сұлтанқызымен арадағы дау аяқталған соң, сот шешімі бойынша тележүргізуші соттасуға кеткен 1 миллионнан астам шығынды оған толықтай өтеп беруге міндеттелген. Алайда, қазіргі таңда шығын өтелген жоқ, дейді Шарапов. «Өтеп беруге тиіс еді. Бірақ өтеген жоқ. Бергісі келмей жатыр ол кісі. Бастапқыда ол іс қылмыстық іс деп танылған еді. Кейін 131-132-баптар азаматтық іске өтіп кетті. Өтеп беруі тиіс сома миллион теңгенің ар жақ, бұл жағы. Қорғаушы жалдаған ақша, ұшаққа кеткен, сараптамаға кеткен шығындар», — дейді ол. Нұрболхан істі соңына дейін апарып, өтемақыны алуға тырысатынын атап өтті. «Кешіріммен қарамайсыз ба?» деген сұраққа әзілкеш үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап берді. «Мені білесіз ғой. Қадалған жерден қан аламын. Мен ақымды жегізіп қоймаймын. Еркектік өз алдына ол бөлек нәрсе. Бұл жерде қайтарам. Аяғына дейін. Ата-анамның уайымы бар. Тойымның үстінде жасалған қастандық бар. Ата-анам қанша уайымдады. Тойым болып жатқан кезде соншалықты қиналып жүргенім. Оның бәрі ішімде болды», — дейді Нұрболхан Шарапов.