Кейбір тұрғындардың атына 30-40 мың телефон нөмірі тіркелген – комитет төрағасы
Қысқа сілтеме алу
Қазақстандықтар арнайы сервисті пайдаланып, бір адамның атына 30-40 мың нөмір тіркелгенін анықтады. Салаға жауапты министрлік бұл жағдайды түсіндірді
НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Қазақстанда 42 миллион SIM-карта тіркелген. Әр тұрғынның атында 30-40 мың нөмір тіркеуде болған. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко осылай айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Комитет төрағасы министрліктің арнайы сервисті іске қосқанын атап өтті.
«Онда үш қызметті пайдалануға болады: нөміріңіздің тіркелген-тіркелмегенін білу, ұялы телефон мен ЖСН-ның тіркелгенін, әрі ЖСН арқылы атыңызға қанша нөмірдің тіркелгенін білу. Тұрғындар сервисті жиі пайдаланатын болды. Олар белсенді түрде нөмірлерін тексере бастады», — дейді Виталий Ярошенко орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет төрағасы журналистерге елімізде қанша SIM-карта сатылғанын айтты. Бұл үшін мемлекеттік орган Қазақстанның ұялы байланыс операторлары абоненттерінің статистикасына жүгініпті.
«Елімізде 42 миллион SIM-карта сатылған және олар қолданыста. Ал халық саны – 18 миллион. Яғни, статистика бойынша әр азаматқа орташа алғанда екі-үш SIM-картадан келеді. Жоғарыдағы сервисті пайдаланып, кейбір тұрғындардың екі-үш нөмірі бар екенін, ал кейбір тұрғындардың атына 30-40 мың нөмір тіркелгенін анықтадық. Адамдар өз аттарына мұнша нөмірдің тіркелгенін білмеген», — деді телекоммуникациялар комитетінің төрағасы.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда қанша адам байланыстан ажыратылғаны белгілі болды
Айта кетейік, цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтардың атына қанша нөмір тіркелгенін білуге мүмкіндік беретін сервисті іске қосты. Ол үшін тұрғындар сайтқа кіріп, ЖСН нөмірін жазуы керек. Осылайша, қазақстандықтар өз аттарына қанша нөмірдің тіркелгенін біле алады.
Атыңызға тіркелген бөтен нөмір қолайсыздық тудырады
Виталий Ярошенко ұялы телефон нөмірін бөтен адамның атына тіркеу қандай қолайсыздық тудыратынын айтты. Ол бөтен адамның атына тіркелген нөмірді пайдаланған кездегі қауіп-қатерге тоқталды.
«Мұндай жағдайда сіз өзге адамның атынан әрекет жасайсыз. SIM-картадан айырылып қалу қаупі де бар. Себебі бұл SIM-карта басқа адамның атына тіркелген. Ол кез келген уақытта ұялы байланыс операторының кеңсесіне келіп, өтініш жаза алады. Осылайша, SIM-карта бұғатталады. Карта иесі нөмір арқылы кімдерге қоңырау шалынғанын, интернет-трафик, смс туралы мәлімет ала алады», — дейді Ярошенко.
Ол SIM-карта иесі нөмірді бұғаттан кезде ондағы бірліктерді басқа нөмірге ауыстыруға құқы бар екенін атап өтті. Комитет төрағасы бөтен адамның атына тіркелген нөмірді пайдаланбауға кеңес берді. Себебі оның салдары болуы мүмкін.
«Бөтен адамның атына немесе сіздің атыңызға тіркелген нөмірді басқа азамат пайдаланған кезде не болуы мүмкін? Нөмір көмегімен заңға қайшы әрекеттер жасалуы ықтимал. Алдымен құқық қорғау органдары ұялы байланыс операторына хабарласады. Нөмірдің сіздің атыңызға тіркелгенін біліп, сізге келеді. Кейін бұл нөмірді пайдаланып, қылмыс жасаған адамды іздейді. Бұл қолайсыздық тудыратыны анық. Сондай-ақ, бөтен адамдар сіздің атыңызға тіркелген SIM-картаны пайдаланып, кредит алуы мүмкін. Кейін коллекторлық компаниялар сізге хабарласады», — деді комитет төрағасы.
Қазақстандықтарда бөтен нөмірлер қайда жүр
Виталий Ярошенконың айтуынша, тұрғындар жауапсыз дилерлердің қызметінен зардап шеккен.
Ұялы байланыс операторларының өкілдіктері Sputnik Қазақстанға мыңдаған бөтен нөмірлерді техника және электроника сататын дүкендердің тіркегенін айтқан. Тұрғындар затты кредитке немесе бөліп төлеу арқылы алғанда өздерінің жеке мәліметін жария етіп, осындай жағдайдың құрбаны болған.
Бөтен нөмірден қалай құтылуға болады
Қазақстандықтар арнайы сервистен атына қанша нөмір тіркелгенін ғана көре алады. Ал нақты қандай нөмірлер бар екенін білу, оны тіркеуден шығару үшін ұялы байланыс операторының кеңсесіне бару қажет.
sputniknews.kz