Кедергісіз өмір келешегі | «Айқын» газеті

0

Кез келген қоғамның даму деңгейін мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдайға қарап анықтауға болады. Осы тұрғыдан келгенде, елімізде көптеген игі бастамалар жүзеге асырылып жатыр. «Нұр Отан» партиясы да дәл осы бағытта мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттіліктерді талап ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін бұл бастаманың оң әсері байқалды.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша ерекше білім алу қажеттіліктері бар 144 783 бала болса, оның ішінде 96 555 бала – мектеп жа­сында. 48228 бала – мектепке де­йінгі жаста. «Тең мүмкіндіктер әлемі» қо­ғам­дық бірлестігі осындай балалардың ара­­сында өмір сүру құндылықтарын дә­ріп­теп қоймай, рухы мықты жан­дар­ға құрмет көрсетуді, төзімділікті, қа­жыр­лықты, табандылықты насихаттап келеді.
«Бұл жобаны жүзеге асыру барысында негізінен төрт басымдықты ерекше атап өткен жөн. Оның біріншісі мүмкіндігі шек­­теулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру болса, екіншісі олар­дың инклюзивті білім алуларына ықпал ету. Үшіншіден, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету. Төртіншісі –мүмкіндігі шек­теулі жандардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Біз осылардың ішіндегі соңғысына ерекше мән береміз. Бұл бағыт бойынша нақты іс-шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар басталып кетті», – дейді «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұргүл Ұлжекова.
Жақында ғана «Нұр Отан» партия­сы­ның «Кедергісіз келешек» және «Астана – рухы мықтылар қаласы» жобалары аясын­да мүмкіндігі аз азаматтар үшін бас­қа­лар­мен бірдей тіршілік етуге, кедергісіз орта құруға бағытталған қалалық спар­такиада өтті.
Бүгінде бас қаламызда мүмкіндігі шектеулі 382 тұлға бейімделген спорт түр­лерімен тұрақты айналысса, 145 бала осындай спорт үйірмелеріне қатысады.
«Спартакиада «Нұр Отан» партия­сы­мен бірге Астана қаласы әкімдігінің, «Бочча» паралимпиадалық спорт федера­циясының, «Жігер» спорт клубының және «Каспий» спортты дамыту қорының және біздің атсалысуымызбен өтті. Сайысқа 200-ден астам спортшы қатысып, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, отырып ойнайтын волейбол, «64» дойбысы, пауэрлифтинг, голбол, бочча және шахматтан сынға түсті. Сонымен қатар спартакиада аясында «Бочча» паралимпиадалық спорт федера­ция­сының ресми түрде ашылғанын атап өткен жөн. Бұл спорт – тірек-қимыл аппа­раты бұзылған, ДЦП ауруының ең ауыр түріне шалдыққан жандарға спорттық бәсекелерде бақ сынауға мүмкіндік бере­тін сайыс түрлерінің бірі. Боулинг пен пе­танка сияқты бочча да – доппен ой­на­латын командалық сайыс. Ол ойыншы­лар­ды дәлдікке, ширақтыққа баулиды» дей­ді «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бір­лестігінің жетекшісі Нұргүл Төленқызы.
Бұл спартакиада Паралимпиадалық жаттығу орталығында өтті. Бірегей спорт кешенінің залдары мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып жабдықталған. Мұнда әмбебап, бейімделген жаттығу залы, спорт ойындарына арналған бөлек зал және жекпе-жек залы бар.
Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен Астанадағы №83 мектеп-гимназияда мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты І балалар инклюзивті спорт фестивалі өкізілгенін айта кету керек. Бұл шараға дені сау балалармен қатар ДЦП, Spina bifida, даун синдромы, аутизм спектрі бұзылған, есту қабілеті нашар, кохлеарлы импланты бар және көру қабілеті нашар балалар да қатысты.
Фестивальге қатысқан әр баланың болашаққа деген сенім жарқы­ра­ған жа­нарынан көрініп тұрды. Мүмкіндігі шек­теулі балалардың спортпен айналы­суына жағдай жасау, қоғамда қалыптасқан стереотиптерді бұзу мақсатында ұйым­дастырылған спорттық сайысқа 70-тен астам бала қатысты. Фестивальде сырқаты барлар мен дені сау балалардың арасын­дағы бөгет бұзылып, олардың спортпен тең дәрежеде айналысу құқтары жүзеге асырылғандай болды. Бочча, бейімделген жүзу, паракаратэ, паратаэквондо, хорео­гра­фия сияқты инклюзивті спорт секция­ларының оқушылары спорттағы жетістік­терін бір алаңда көрсетті.
«Көздеген мақсатымызға ерекше білім беруді қажет ететін балалардың өмір сүру сапасын жақсартып, инклюзивті спорт сек­цияларын құрып және Астана қала­сын­да бейімделген спорт түрлері бойынша спорт секцияларының моделін тарату ар­қы­лы жетсек дейміз. «Саламатты Қазақ­стан» жобасы шеңберінде қазіргі уақытта 100 бала қатысатын инклюзивтік бейім­делген спорт секциялары ұйымдас­тыры­лып, жұмыс істейді. Бұл жобаға даун син­дромы, аутизм және дамуындағы басқа патологиялармен бірге есту және көру қабілетінің бұзылуы диагнозы қойылған балалар қатысады. Ерекше білім беруді қажет ететін бала­лармен бірге сау балалар да жаттығады. Бейімделген спортпен айна­лысу үшін тең жағдай жасалады. Осы­лай­ша, жоба ба­ла­лық шақтан ерекше білім бе­руді қажет ете­тін адамдарға төзім­ділік та­н­ытуға кө­мек­теседі. Себебі балалар бір-бі­рімен тең дәрежеде араласады. Бү­гінгі таң­да адаптивті каратэ, паратаэк­вондо, жү­зу, хореография, бокс және гол­бол сек­циялары бар. Осы­лайша кедер­гісіз өмір ке­лешегін жасасақ дейміз» дейді Нұргүл Ұлжекова.

Гүлжан РАХМАН