Кедейсіз бе? Қай тапқа жатасыз? Айына 150 мың, баста үй, астыңызда көлік, банкте жинақ болса орта тапқа жатасыз

0

Пандемия бүкіл әлемде кедей адамдар санын еселеп өсіргені сөзсіз. Орталық Азияның жағдайы қалай?

Орталық Азия – ХХІ ғасыр басталғалы өзге аймақтарға қарағанда, кедейлікті жою бағытында ең ғаламат жетістікке жетіп, алға озған өңір еді. Мұнда кедейшілік деңгейі аса жоғары қарқынмен кеміді. 90-шы жылдармен салыстырғанда көптеген жаңа жұмыс орындары құрылды, жалақы көлемі артты, мемлекет әлеуметтік аз қамтылғандарды жақсырақ қорғай бастады, жәрдемақы, зейнетақы өсті. Сондай-ақ ОА-ның кейбір еліне шетелден мигранттары аударатын сома ұлғайды.

Алайда 2009 жылдан бері бұл прогресс баяулап, стагнация жағдайына дейін жетті. Бүгінде тіпті кедейлер саны қайта көбейе бастады. Себебі, қымбатшылық, ұлттық валютаның құнсыздануы, дағдарыс кесірінен отбасылар табатын қазіргі табыс толыққанды өмір сүру, орта таптың үлесін жоғарылату үшін жетпейді. Бұған пандемия және оған қарсы күрестің шектеулері қосылды. Демек, ОА елдеріне жай дағдарыстан емес, терең шұңқырдан шығудың қамын жасауға тура келеді.

Мемлекет аз қамтылғандарды қорғауға, біліктілігі мен жалақысы төмен әлеуметтік жұмыс орындарын құруға баса көңіл бөлуде. Ал орта таптың күрт азаюы назардан қалыс қалып жатыр…

Бұл өте қауіпті құбылыс! Өйткені орта тап – бүкіл халықты, ұлтты қайыршылық пен деградация құрдымына құлаудан қорғайтын буфер, ұстын болып табылады. Егер орталықазиялық, қазақстандық аса бай адамдар негізінен, шетелде жылжымайтын мүлік алып, сыртта ақша шашатын болса, орта тап керісінше, қаржысын елде жұмсау арқылы ішкі тұтынысты өрістетеді, жаңа жұмыс орындарының, жаңа бизнестің құрылуына ықпал етеді.

Қынжылтатыны сол, кейінгі бірнеше жыл бойы орта таптың өсу қарқынын байқай алмай отырмыз. Тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Ташкент секілді бірнеше агломерацияда ғана олардың қатары шамалы ұлғайды.

Әлемді жайлаған пандемия мен күйзеліс кесірінен орта тапқа қойылатын талапты да біршама «жеңілдетуге» тура келді. Бүгінде күніне 11 доллардан астам (4 мың 730 теңге, айына – 147 мың теңгедей) табыс тапсаңыз, сізді орта тапқа жатқызуға болады. Әрине, бұдан бөлек, сіздің басыңызда – баспанаңыз, астыңызда – көлігіңіз, банкте – жинағыңыз болуы шарт. Бұл кедейшілік аймағына кіріп кетпеуге сеп.

Жалпы, кедейшілік деген не? Оған қатысты әртүрлі айқындауыш бар. Біздің пайымдауымызша, пандемия мен дағдарыс үй шаруашылықтарына үлкен сын болды. Сондықтан кедей деп күніне 3,2 доллардан аз табыс табатындарды жатқызамыз. Қырғызстан мен Тәжікстанда 1 миллион 609 мыңға жуық жаңа кедейлер пайда болды. Ал Қазақстан мен Өзбекстан – өңірдегі табысы орташадан жоғары, биік амбициялы елдер саналып келді. Таңдандыратыны сол, бұл екеуінде кедейлердің көбеюі алапат әрі әлдеқайда жоғарғы қарқынға ие. Жалпы алғанда, бұларда кедейлер қатарына тағы 2 миллион 652 мыңдай адам қосылуда. Себебі, бұларда күніне 5,5 доллардан кем табыс табатындар кедей саналады.

Пандемия мен күйзеліс туризм, сауда, мұнай-газ, мейрамхана-тамақтандыру орындары және оларға жапсарлас салаларға жойқын соққы берді. Бұларда бұрын ауқатты саналған компаниялар банкрот болып, жұмыскерлері әртүрлі несиесін төлей алмай, қарызға батуда. Мысалы, осы салаларда бос жұмыс орындары туралы хабарландырулар бұрын тек өсіп келсе, енді 45 пайызға құлдыраған. Бұл да күйзелістің бір нышаны. Ел жұмыс орындарын жоғалтуда деген сөз. Мемлекетке бұрыннан жұмыссыздарға жұмыс тауып беру проблема болатын, қазіргі кезде оларға жаңа жұмыссыздар легі қосылуда.

2020 жылдың басында Дүниежүзілік банк Орталық Азиядағы кедейлер санына қатысты болжамын нақтылады. Оған сәйкес, егер 5,5 доллар межесін басшылыққа алсақ, Орталық Азияда жалпы саны 19,5 миллион адам кедейлікте тұрып жатыр.

Жаңа жағдайда кедейшілікті азайтудың басты шарттары қандай?

Пандемиямен күрес және коронавирустың таралуын құрықтау маңызды. Мемлекет қайтадан локдаун енгізіп, қатаң карантинге оралса, халықтың әл-ауқат деңгейі тіптен құлайды. Бұл бүкіл елді дағдарыс аймағына лақтырады. Дағдарыстың ең жаман ошағы да осы.

Мұны мысалы, Тәжікстанның мысалында көруге болады. Карантин кезінде азық-түлік қауіпсіздігі айтарлықтай нашарлады. Тамақ, тауар бағасы көтерілді. Адамдарда өнім алуға ақша қалмады. Қаржы тапшылығы салдарынан азаматтар тамақтан үнемдеуге кірісті. Дастархандағы астың әралуандылығы азайды. Тіпті кейбір отбасылар күніне бір-екі рет қана тамақтану режиміне көшкен. Өңірде азық-түлік қауіпсіздігі алда жақсарады деген үміттемін.

Мұның бәрі пандемияның жаңа толқыны туындамауы үшін коронавируспен күрестің, індетке қарсы талаптарды халықтың қатаң сақтауының маңыздылығын аңғартады. Індет бақылаудан шығып кетпеуі керек. Сонда экономика қалпына келеді, бизнес қайта өркен жаяды, жұмыс орындары ашылады. Індет ушықса, ол осының бәріне нұқсан келтіреді. Өйткені бірінші орынға адамдарды құтқару шығады. Инвестжобалар, бизнесті қаржылай қолдау доғарылады. Бюджет індетпен күреске және халықты әлеуметтік қорғауға шығындалады.

Әлемнің әртүрлі өңірлерінде көптеген ел пандемиямен күресте табысқа жетуде. Олардың үлгі-тәжірибесін игерген жөн.

Сарапшылар Қазақстанда ипотеканы төмендеткеннен гөрі тұрғын үй бағасын арзандатқан дұрыс деген байлам айтады. АҚШ, Еуропа, Латын Америкасы, Азия және араб елдерінде ипотека біздегіден арзан. Тұрғын үй несиесінің қымбаттығы баспанасыз, тиісінше кедей адамдар санын арттырмай ма?

Ипотеканың мөлшеріне Ұлттық банктің базалық ставкасы, елдегі инфляция, ипотека нарығының монополияландыруы және басқа да факторлар әсер етеді. Осы нарық және қаржы институттары неғұрлым жақсы дамыса, ипотека мөлшерлемесі де соғұрлым төмен болады.

Егер мемлекет әкімшілік жолмен тұрғын үй кредитін жасанды түрде арзандатса (7-20-25 бағдарламасы, «5-10-20 Шаңырақ» бағдарламасы), онда әл-ауқаты төмен адамдар да үлкен несие алуға жүгіруі ықтимал. Онда олардың кейін төлей алмай қалу тәуекелі артады. Біз Қазақстанда өтеу мерзімі өтіп кеткен кредиттердің көптігін байқап отырмыз. Сондықтан Үкіметтің абай болып, тепе-теңдікті сақтағаны жөн. Арзан ипотека сөзсіз, қажет. Сонымен бірге азаматтарды жаппай ипотека алуға жасанды түрде ынталандыруға болмайды. Дағдарыс жағдайында кейін ол несиенің қайтарылуы күрделі және мемлекетке қосымша проблема.

Ең бастысы, тұрғын үйдің құны қолжетімді болуы шарт. Сонда оны азаматтар ақшаға сатып ала алады. Арзан баспана көп және шектеулі топқа емес, баршаға қолжетімді болса, бұқараға несие алудың қажеті болмайды. Ендеше ипотеканы арзандатуға күш салғанша, үй бағасын арзандатуға ұмтылған дұрыс.

Қазақстан Үкіметі терең экономикалық дағдарыс салдарларын жою үшін жедел шаралар қабылдауда, осал топтарды қолдау үшін кең ауқымды әлеуметтік шаралар қолға алынды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Кедейлер санын азайту, артта қалушылықты жою үшін Үкімет экономиканы қалпына келтірумен шектелмей, өз алдына әлдеқайда батыл мақсаттар қоюы қажет. Оның қатарына еңбек нарығын қолдау, шағын және орта бизнестегі жұмыс орындары мен жалақыны субсидиялау бойынша ауқымды бағдарламалар, денсаулық сақтау және білім салаларына инвестиция салу, энергиялық тиімділікті арттыру, қолжетімді баспана тұрғызу, жемқорлықпен пәрменді күрес жатуы мүмкін. Ауқатты не қайыршы ел атану – әр мемлекеттің, әр халықтың өз қолында.

inbusiness.kz