Казинолар жыл сайын 80-90 млрд теңге аралығында салық төлеп отыр
Қонаев қаласындағы жұмыс істеп тұрған казинолар басқа жаққа көшірілмейді. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлім етті, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
«Ойын субъектілері Қонаев және Ақмола облысындағы Щучинск қаласында орналасқан. Казинолар бүгінде жұмыс істеп тұр, оларды көшіру жоспарда жоқ. Ойынқұмарлық деп жатырсыз, ол тек Қазақстанда емес әлемде бар. Оған мобильді телефон арқылы онлайн құмартуы да мүмкін. Біз жұмыс істеп тұрған казиноларға талап қойып жатырмыз, яғни казино ретінде ғана емес ойын-сауық орталығы ретінде қайта құру. Бұл шетелде бар тәжірибе яғни казино өз алдына жұмыс істейді, одан бөлек кинотеатр, аквапарк, сауда орталығын ұйымдастыруға болады», — деді Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында.
Өңір басшысының айтуынша, Қонаевтағы казиноларды көшіру жоспарда жоқ.
«Жалпы ойын-сауық саласында 3,5 мың адам еңбектеніп жатыр және төңірегінде тағы 3 мың адам жұмыс істеп жатыр. Шамамен 7 мыңдай адам жұмыспен қамтылған. Облыста 61 мың тұрғын бар десек, солардың 10/1 аталған салада жүр. Казинолар жыл сайын жергілікті бюджетке 80-90 млрд теңге аралығында салық төлеп отыр. Бұл үлкен қаражат», — дейді ол.