Түркиядағы медиа-форумға қазақ журналистері қатысты

0

Анадолы спорт журналистері ассоциациясының 12-құрылтайы мен Анадолыдағы ақпарат құралдарының медиа форумы Түркияның Гемлик қаласында 10-12 желтоқсан арасында өтті.

Шарада Анадолы спорт журналистер ассоциациясының атауы Анпдолы журналистері мен спорт тілшілері ассоциациясы боп өзгерді. Төраға Ибрахим Ердоған Ассоциациясының 9 жаңа мүшесімен кеңейтілген тізім арқылы бірауыздан қайта сайланды.

Бурсаның Гемлик ауданындағы “Atamer Doğa Resort” қонақүйінде өткен медиа форумға Түркия Республикасы Ұлттық Мәжіліс депутаты Атилла Сертел, CHP партиясы төрағасының орынбасары Сейіт Торун,  Гемлик қаласының губернаторы Мехмет Уғур Сертаслан, Нилүфер ауданының губернаторы Тургай Эрдем, саяси қайраткерлер, Түркияның барлық қала, аймақтарынан БАҚ өкілдері қатысты.

Медиа форумда  “Түркі әлемі, Ататүрік және медиа” тақырыбына баяндамалар жасалды. Медиа форумға қазақстандық БАҚ делегациясын бастап барған Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы Алаш арыстарының қазақ баспасөзін қалыптастырудағы рөлін айта келе, “Әлемдегі барлық ақпарат құралдары Ахмет Байтұрсынұлы үндегендей, “халықтың көзі, құлағы һәм тілі болуға міндетті”, — деді. Н.Жоямергенқызы түркі әлемі журналистерінің бірлігін арттыру үшін кәсіби алаңда ортақ жобалар жасау, маңызды ақпараттарды бір біріне жедел жеткізу, кәсіби тұрғыда тәжірибе алмасу, түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, тарихын және түркі мемлекеттеріндегі танымал тұлғаларды БАҚ арқылы насихаттау туралы айтты.

Өз кезегінде түркиялық журналистер Йүксел Байсал мен Нежати Картал түрік және әлемдік медианың жаңа үдерістері, бәсекеге қабілетті болу жолдары жайлы айтты.

Шара соңында 2022 жылы жүзеге асырылатын жобалар талқыланды.