Kaspi Bank бұрынғы қызметкерін тапқан адамға 10 миллион теңге береді
Алаяқ кепілде тұрған мүлікті сатып алуға көмектесу үшін ақша сұраған, оның жеке шотына 28 адам ақша аударған
ПАВЛОДАР, 12 шілде – Sputnik. Павлодарда Kaspi Bank-тің бұрынғы қызметкері Руслан Сексембаев банктің атын жамылып, клиенттерді алдаған. Бұл туралы қаржы ұйымының Instagram-дағы парақшасында хабарланды.
Банктің мәліметінше, ол кепілде тұрған мүлікті сатып алуға көмектесемін деп, зардап шегушілерді өз шотына қаржы аударуға көндірген, сосын зым-зыя жоқ болып кеткен.
Қазір полиция тергеу-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Kaspi Bank алаяқтың қайда екені туралы мәлімет берген адамды 10 миллион теңгемен марапаттайтынын хабарлады.
«Kaspi қылмыскерді тауып, жазалау үшін және клиенттердің мүдделерін қорғау үшін құқық қорғау органдарымен белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Kaspi алаяқтың қайда екені туралы мәліметке 10 миллион теңге көлемінде сыйақы төлейтінін жариялады. Ақпаратты Kaspi қауіпсіздік қызметінің +7 705 211 16 93 телефонына хабарлауға болады. Егер сіз немесе сіздің туыстарыңыз осы адамның әрекетінен зардап шеккен болса, Павлодар қаласы құқық қорғау органдарына арыз жазуыңызды сұраймыз», — делінген қаржы институтының үндеуінде.
Kaspi Bank банкпен барлық қаржы қатынасы келісімшартпен бекітілетінін мәлімдеді. Банк ешқашан біреудің жеке шотына ақша аударуды талап етпейді.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға хабарлағандай, осы жылдың 11-12 шілдесінде Павлодар қаласының полиция басқармасының орталық бөліміне 1982 жылы туған «Kaspi bank» АҚ қызметкері Сексембаева Руслан Владиславовичке қатысты азаматқа қатысты алаяқтық фактісі бойынша 28 азамат арызданған.
Бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (Аса ірі көлемде алаяқтық жасау) бойынша Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді.
Айта кетейік, бұл бап бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сотқа дейінгі тергеу аясында күдіктіні ұстау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.
sputniknews.kz