Kaspi Bank айналасындағы шу: Сексембаевқа алданған халық ақшасын қайтара алмай жүр

0

2019 жылы Руслан Сексембаев есімді азамат Kaspi Bank атын жамылып клиенттерді алдап, кепілдегі жылжымайтын мүлікті сатып алуға көмектесемін деген уәдемен жәбірленушілерді өзінің шотына қаражат аударуға көндіріп, кейін қашып кеткен. Сол кезде аталмыш банк Р. Сексембаевты табуға 10 млн. теңге сыйақы тағайындаған болатын.

KzNews редакциясына жаурналист Оңғар Қабден алаяқтың сөзіне сеніп, алдауға түскен павлодарлықтардың ашық хатын жіберді.

«Құрметті қазақстандықтар, Сіздерге осыдан екі жыл бұрын Қазақстан бойынша үлкен резонанс тудырған оқиғадан жапа шегушілер үндеу жасап отырмыз! Нақты айтқанда 2019 жылы біз — «Каспий банк» қызметкері болған Руслан Сексембаевқа алданып, сан соғып қалған жүзге жуық павлодарлықтармыз. Ол кезде бәріңіз білесіздер оны ұстау үшін банк он миллион теңге сыйақы да жариялаған еді.

Сонда біз алаяқтың ұсталғанына да қуанған болатынбыз. Қазіргі таңда еңкейген қарттан, еңбектеген сәбиге дейін білетін «Каспий банк» басшылығы бүкіл жапа шегушілердің қаражатын қайтарып береміз деген уәдесінде ішінара тұрды деуге болады. Істі тергеу барысында Руслан Сексембаевтың барлық айла-шарғыларды қулықпен атқанғандығы толық дәлелденді.

Бірінші сот инстанциясы да оны кінәлі деп үкім шығарып, тоғыз жылға бас бостандығын айырып, барлық шығындарды өтеуге міндеттеді. Алайда Руслан Сексембаев сот үкімімен келіспей жүзге тарта адамды оған жала жауып отыр деген желеумен істі қайта қарауға шағым түсірген.

Бүгінгі таңда іс аппеляциялық сотта қаралу үстінде. Бірінші тыңдаулар өтті. Және содан кейін біз Руслан Сексембаевтың ешқандай өкініп, қаншама адамның қаражатын қолды қылып, қаншама материалдық, моральдық, тіпті денсаулықтарына зиян келтіргендігін түсінбей отырғандығын сезіндік.

Арамызда тіпті сол кезде жүкті болып, осындай сұмдық жағдайға тап болғанын естіген соң, стресс салдарынан ішіндегі баласы мерзімінен ерте туылып, мүгедек те болып қалған әйел бар. Алаяқтың осындай сұмдық жағдайлардың өзі ойландырмағаны, және тіпті ешқандай аяушылық сезім тудырмағаны бізді аталмыш қадамға баруға итермелеуде. Үндеуімізге қолдау көрсету арқылы жапа шегушілердің жан айқайы, қиналысы мен күдігі сейіліп аппеляциялық сот барынша әділ шешім шығарады деген ойдамыз. Сіздерден қолдау күтеміз!»