Кәсіподақтардың қадірі мен қарекеті | «Айқын» газеті
Қазақстан кәсіподақтар федерациясы – өз қатарына 2 миллиондай адамды біріктіріп отырған еліміздегі аса ірі қоғамдық ұйым. Мұның өзі кәсіподақ қозғалысының Қазақстан қоғамында биік беделге ие екенін көрсетеді.
Бұл – бір жағынан ресми анықтама. Екіншіден, бұл қоғамдық ұйымның ел ішінде етене араласқан тыныс-тіршілігінен хабардар етеді. Ал шындығына келгенде, кәсіподақ ұйымдарының арғы-бергі тарихы еңбек адамдарының құқы мен мүддесін қорғауды алдына қойған қызметін аға ұрпақ өкілдері басынан өткерген.
Ал қазіргі кәсіподақтардың қарекеті қандай? Сауалдың бұлай қойылуы, біздіңше тегін емес. Себебі еркіндік пен таңдауды негізге алатын кәсіподақ ұйымдары салалық болып бірігіп қызмет етуінің өзара ерекшеліктері көп. Осы жерде адамдар «Осы сен қай кәсіподақтасың?» деген сұрақты да қойып жатады.
Дей тұрғанмен, елімізде жоғарыда келтірілгендей, Қазақстан кәсіподақтар федерациясы – ортақ үлкен шаңырақ. Жер-жерде 18 мыңдай бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына басшылық жасайды әрі арқа сүйейді. Ұзын-ырғасы 22 салалық кәсіподақ бірлестігін ұйытып отыр. Бұл қоғамдық ұйымның қызметін еңбек етіп жүрген адамдардың сезінуі мен қажеттілігін әрдайым қолдап келуінде әрине, жариялылық пен ашықтық, заң тұрғысында қауымдасуы аса маңызды. Еңбек дауларын шешуге, еңбек шарттары мен қауіпсіздігін жақсартуға, жаңа мүмкіндіктер жасауға қабілетті болуы қажет. Кәсіподақтар жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында ынтымақтастық таныта отырып, медиатор бола алады.
Жалпылай алғанда, кәсіподақтар ел тәуелсіздігі жылдарында талай-талай қиын кезеңдерден өтті. Тағдырлы, сындарлы шақта ұйымның абырой-беделін сақтап қалу үшін қыруар іс тындырды. Сонымен бірге, өзекті мәселелер де көп болды. Түйінін шешуді күткен түйткілдер де бар.
Қазіргі Қазақстан кәсіподағының дәстүрлі жұмысына серпін беретін қадамдар жасау, оң өзгерістердің игілігін барынша сезіндіру, түйіндеп айтсақ, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді уақыт ағыны талап етіп отыр. Міне, осы бағытта Қазақстан к+әсіподақтар федерациясы жыл басынан бастап бетбұрыс жасаудың негізін қалап, кәсіподақтардың күретамырына қан жүгіртті. Жаңғыртудың 2018-2019 жылдарға арналған «Жол картасын» әзірлеп, онда алға қойылған міндеттердің басым бөлігі қазірдің өзінде жүзеге асып отыр. Жалпы, Еңбек қоғамын қалыптастыруда кәсіподақ ұйымдарының әрбір бастамасы қарапайым еңбек адамдарының жүрегінен жол таба білуі тиіс. Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, серіктестікті нығайту істерінде кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру үшін әр аймақта орасан іс-шара өткізілді. Кәсіподақтар федерациясының өңірдегі ұйымдары тым артық айтқаннан емес, ұйқысынан сергек оянатын болды. Қостанайда, Павлодарда, Алматыда, Таразда, Шымкентте, Шығыс Қазақстан облыстарында өткен кәсіподақтардың әртүрлі тақырыптағы форумдары мен беделді басқосулары ең әуелі кәсіподақ ұйымдарының абырой-беделін көрсете түсті.
Мәселен, Меркі кентінде еңбеккер жастардың республикалық форумы алғаш рет өткізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200 еңбеккер жігіттер мен қыздар осы жиынға арнайы қатысқан белгілі заңгер И.Рогов, Мәжіліс депутаттары Д.Мыңбай, Г.Шиповских, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым, Қазақстанның Еңбек Ері М.Ескендіров секілді қоғамға әйгілі, тұлғалы азаматтармен өзекті мәселелер жайында пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде кәсіподақтар қатарында 35 жасқа дейін 840 мыңнан астам ұл-қызымыз бар. Олай болса, кәсіподақтардың негізгі тірегі – жастар.
Мұндай маңызды басқосулар әлбетте, жастардың тәрбиесіне өз жемісін береді. «Еңбек адамын танытудағы кәсіподақтың рөлі» тақырыбында жүйелі акцияның жүргізілуі де ел арасында жақсы бағаланды. Еңбегімен елеулі адамдардың жастарға патриоттық тәрбие беруде жеке өнегесімен үлгі болуы – ең ықпалды тәрбие болмақ.
Үшжақты (жұмыскерлер, атқару органы және жұмыс берушілер) әлеуметтік әріптестік моделі де өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Осы құжат негізде жұмыс орындарын сақтау бойынша 115 мың меморандумға қол қойылып, бүкіл еліміз бойынша 3 млн-ға жуық жұмыскердің ертеңге деген сенімін нығайтуға мүмкіндік берді. Мұның сыртында ұжымдық шартқа қол қоюға мұрындық болып, еңбекшілердің өмір сапасын жақсартуға кәсіподақтардың ұдайы қамқор болуы да – қажетті іс. Бұл мәселе биыл ерекше қолға алынды. Жер-жерде шағын және орта бизнесте кәсіподақтардың құрыла бастауы осы мәселеде айқындық танытып келеді.
Кәсіподақтардың қарекеті қандай жағдайда нәтижесін береді? Өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, өз қарекетін үйлесімді, қарқынды және жаңашылдықпен астарлы, жүйелі жүргізуге, сонымен бірге, белсенді әрі адал, білімді азаматтарға тәуелді. Осы орайда Кәсіподақтар федерациясы басшылығына жаңа тұрпаттағы, мемлекеттік басқарудың әртүрлі сатысынан абыройлы өтіп, сенімді беделге ие болған республикамызда, әр өңірде шынайы танымал жаңа азаматтардың келуімен де, көпшілік қолдауымен де серпіліс жасалғанын адалдық үшін айтуымыз тиіс. Жасыратын несі бар, кәсіподақтардың кадрлық саясатында сабақтастық пен олардың қатарын алғыр, кәсіби маман жастармен толықтырып, жаңартып отыру біраз уақыт бойы ұмыт қала бастаған. Ал мұның кері әсерін сезінбегендер енді қатаң талап пен жауапкершілік күшейе түскен шақта әрине, жұмыс қарқынына ілесе алмайтынын біліп, абыржымай тұрмаса керек. Сосын ұйымның атына негізсіз сын айтуға ұрынғаны сирек болса да, естіліп қалады.
Бұдан да маңызды мәселе, әрбір қоғамдық ұйым қаржы-қаражаты бар, атқарған жұмысы бар болса, оны ашықтық жағдайында қарапайым еңбек адамдарына есеп беруі керек емес пе? Алға қойылып отырған жаңа талаптың бірі – осы.
Бір жылға жуық кезеңде Кәсіподақтар федерациясы алдағы күнге, жаңа идеяларға жол ашатын парасатты іс-қаракеттің іргетасын қалап үлгерді. Биыл Жоғарғы сот Кәсіподақтар федерациясының өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес барлық өңірдегі кәсіподақ орталығында Татуласу орталығы мен медиация кабинеттерінің ашылуы қоғамда мәні бар ерекше оқиға болып қалды. Еңбек нарығындағы медиация жағдайы заң қызметкерлерінің ғана емес, әртүрлі мамандық иелерінің де қызығушылығын туғызып, федерация ұйымдастырып келе жатқан семинар-кеңеске де белсене қатысып жатыр. Оны айтасыз, отандық айтулы ғалымдар Қазақстан кәсіподағы қозғалысының теориясы мен іс-тәжірибесін түбегейлі зерттеуді биыл өз тарихында бірінші мәрте қолға алды. Бұл да – көпқырлы ізденістің бір парасы.
Сондай-ақ биыл біз үшін үлкен оқиға – Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс ХХV съезі өткізілуі. Осы мәртебелі съезге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жолдаған құттықтау сөзінде «Қазақстан кәсіподақтары жұмыс берушілермен бірлесіп, өздеріне еңбек саласын жаңғырту жөнінде жауапкершілікті ала отырып, қазақстандықтардың Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа жағдайларына әлеуметтік бейімделуімен айналысатын қозғаушы күш болуы тиіс», – деп кәсіподақтардың мақсат-міндетін атап көрсетті.
Бұл Қазақстан кәсіподақтарының бүгінгі және алдағы уақыттағы жұмыстарына басты бағыт бола береді.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Жамбыл облыстық аумақтық
кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы
Дереккөз: Айқын