Кәсіпкерлік жаңа белеске көтеріледі
Мұрагерлер құқы шектелмейді
Жалпы, отырыс барысында депутаттар Елбасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның 1-бабы 2-тармағының 5) және 6) тармақшалары бойынша қарсылықтарымен келісті.
Мемлекет басшысының аталған заң бойынша келіспеген немесе бұрынғы күйінде қалдыруға байланысты ұсыныстарын депутаттарға Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әлия Рақышева жеткізді.
– Өздеріңізге белгілі, Парламент 2018 жылғы 27 желтоқсанда аталған заңды қабылдап, ол 28 желтоқсанда Мемлекет басшысының қол қоюына енгізілді. Қабылданған заң 2017 жылғы 31 қаңтардағы және 2018 жылғы 5 қазандағы Президенттің Жолдауларын іске асыруға бағытталған. Президент тұтастай алғанда бұл заңға қолдауын білдіреді, бірақ қабылданған заң алып тастаған азаматтардың мүліктік құқықтарының кепілдіктері туралы заңнаманың жекелеген қолданыстағы ережелерін сақтау қажет деп ойлайды. Баяндалғанды ескере отырып, Қазақстан Конституциясы 44-бабының 2-тармақшасына сәйкес, Мемлекет басшысы Заңның 1-бабы 2-тармағының 5) және 6) тармақшаларын алып тастауды ұсынды, – деді Ә.Рақышева.
Мемлекет басшысының мұрагерлікке құқылы азаматтардың құқықтарын шектемеу туралы ұсынысымен депутаттар толық келісті.
Корольдік қылмыскерге пана емес
Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин Мәжілістің мінберіне үш рет көтеріліп, Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы өзара құқықтық көмек, адамдарды ұстап беру және сотталған адамдарды ұстап беру туралы 2017 жылы 1 қарашада Астанада қол қойылған келісімдерді ратификациялау туралы заң жобаларына байланысты баяндама жасады.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы қарым-қатынастар деңгейі жоғары. Қазіргі уақытта екі ел арасындағы қорғаныс өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында байланыс арта түскен. Оған қоса, 2006 жылдан бері сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық қарым-қатынастарды тереңдетуге бағытталған үкіметаралық комиссия жұмыс істейді.
– Бұл келісімдер халықаралық талаптарға сәйкес келеді. Аталған келісімдер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болғандықтан, ратификациялануы тиіс, – деді А.Лукин.
Бас прокурор орынбасарының айтуынша, мұндай құқықтық келісім жасалмаған мемлекеттер қылмыскерлерді ұстап беруде өзара байланысты және сенімді негізге алады. Мәселен, өткен жылы Германия іздеуде жүрген Қазақстанның үш азаматын қайтарған.
Бас прокуратура бастамашы болған заң жобалары толық мақұлданды.
Кәсіпкерлер тынысы ашылады
Депутаттар жалпы отырыста бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері қарастырылған заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. Аталған құжаттың маңыздылығына тоқталған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасы Мемлекет басшысының бизнес-ортаны одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленгенін атап өтті.
Оның айтуынша, қабылданған түзетулер кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігін құруға мүмкіндік бермек. Өйткені бұл ең алдымен жаңа кәсіпорындар ашу, несие алу, құрылысқа рұқсат беру және салық салуға жағдай жасауды көздейді.
– Жаңа өзгерістер бизнес саласын дамытуға, сауда қызметін нығайтуға ерекше ықпал ететін болады. Сонымен бірге кәсіпкерлер үшін де өте тиімді болып табылады. Осының барлығы шағын және орта бизнестің экономикалық қуатын күшейтуге серпін беретіні сөзсіз, – деді Нұрлан Нығматулин.
Мәселен, заң жобасына 2020 жылдан бастап тауарларды таңбалау және сауда-саттық қызметінде кассалық-бақылау құралдарын пайдалану ережелері енгізілді.
Сондай-ақ депутаттар қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру мақсатында салықтық әкімшілендіруді оңайлату, мүгедектерге әлеуметтік қызметтер көрсету кезіндегі кірістерді салық салудан босату, салынған әкімшілік айыппұлды мерзімінен бұрын төле-
ген кезде шартты жеңілдік беру, толық декларация беру мерзімін ұзарту арқылы кедендік әкімшілендіруді оңайлату, сондай-ақ халықаралық пошта жөнелтілімдері кезінде кедендік ресімдерді жеңілдету, электронды сауда алаңдарын дамыту және электронды сауданы жүзеге асырған кезде сатып алушылардың құқықтарын қорғауға байланысты түзетулер енгізген.
«Жусан» операциясы туралы кино қажет
Жалпы, отырыс соңында Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында қаңтар айының басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Сириядан 47 адамды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясының сәтті өткендігін айта келе: «Президент мұндай қайырымдылық әрі гуманизм актісіне бастамашы болу арқылы Қазақстан азаматтарының қай жерде болса да олардың тағдырына деген қамқорлығы мен алаңдаушылығын көрсетті», деді.
Осыған орай операцияға дайындық және оны өткізудегі қиындықтар мен қауіп-қатерлерді баяндайтын фильм түсіру қажеттігін мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен жоғары деңгейде жүзеге асырылған қазақстандық азаматтарды құтқару операциясы секілді ерекше оқиғалар өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін жоғары көркемдік кино түсіруге тамаша сюжет болар еді. Осыған байланысты, біріншіден, мемлекеттік тапсырыс бойынша «Жусан» операциясы негізінде шытырман оқиғалы, деректі, патриоттық тәрбиедегі көркем фильм түсіруге тапсырма беруіңізді сұраймын. Екіншіден, Президенттің үстіміздегі жылды Жастар жылы деп жариялауына байланысты жастардың рухани және патриоттық тәрбиесі жалпы мемлекеттік мүдде болғандықтан жастардың патриоттық және рухани тәрбиесінің кешенді жоспары мен шараларын қарастыру жөн болар еді», деді Қ.Сұлтанов өз сауалында.
Сонымен қатар депутаттар – Меруерт Қазбекова, Магеррам Магеррамов және Наталья Жұмаділдаевалар да орталық атқарушы органдардың басшыларына сауалдарын жолдады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/