«Барахолкадағы» дау: Кәсіпкерлер Тоқаевтан араша сұрап отыр

0

Алматының әйдік болған «барахолкасындағы» «Рахат» базарына қатысты дау әлі басылмай тұр. Биыл наурыз айының басында БАҚ пен әлеуметтік желіде: «Алматыда 300-ге тарта кәсіпкер жұмыстарынан айырылып қалуы мүмкін», деген ақпарат жария болды. Онда Алматыдағы «Рахат» базарының жер учаскесі өзге компанияның қолына өтіп кеткені туралы айтылған. Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталы жазды, деп хабарлайды KzNews.  

«Жерді жалға алған жаңа компания ескі базарды сүріп тастап, орнына жиһаз фабрикасын салмақ», деген саудагерлер наразылықтарын білдіріп, митингке де шыққан. Бұл қоғамда қызу талқы болды.

«Алматы әкімдігі  ол базарды жауып, орнына жиһаз фабрикасын салуды көздеп отыр. Өз әрекеттері заңсыз, «ТКМ» ЖШС-нің жерге артықшылық құқығына нұқсан келтіретіні екеніне қарамастан, заң талаптарын өрескел бұзып, жерді «Almaty CPS» ЖШС-не беріп отыр. Бұл шешімді қабылдауда жердің санитарлық-қорғау аймағында орналасқаны, қала аумағында өндіріс құрылысын салу үшін конкурс жариялау қажеттігін, Аймақтық үйлестіру кеңесі ғана жобаны инвестициялық деп танып, мемлекет тарапынан грант ретінде ғана беру қажеттігінің ысырып тастап, шешім қабылдап отыр», — деген «ТКМ» ЖШС өкілдері мен заңгерлер бүгін Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюроның баспасөз орталығында баспасөз жиынын өткізді.

Оған жер құқығы саласындағы заңгер – Бақытжан Базарбек, «ТКМ» ЖШС-нің өкілі, заңгер – Жамиля Туленова, заңгер – Жанибек Башанов қатысып, сөз сөйледі.

«Заң нормалары сақтала ма, құқықтар сот билігімен қорғала ма» деген сұрақтың жауабын ала алмай жүрген «Рахат» базарының кәсіпкерлері әкімдік пен сот жол беріп отырған заңсыздықтардың мән-жайын қоғам алдында жария ету мүмкіндігін пайдалана отырып қана әділдікке қол жеткізуді көздейтіндіктерін айтады.

Сот әділдікті жақтауға емес, Алматы әкімдігін ақтауға тырысып жатыр

Жамиля Туленова, «ТКМ» ЖШС-нің өкілі, заңгер:

— «Рахат» базарында қазір жеке кәсіпкерлер өз жұмыстарын жалғастыруда.  Наурыз айында саудагерлер наразылыққа шыққан.  Оның себебі – «Almaty CPS-тің» сотқа берген жерді босату туралы талабы еді. Олардың талабы сот шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылды. Бірақ, сот шешімдері, міне, үш жылдан асып барады, осы күнге дейін өзінің заңды шешімін таппай отыр.

Өйткені, сот тарапынан «Almaty CPS-тің» мүддесіне қарай бет бұру және жергілікті атқару органдарының лауазымды тұлғаларының позициясын ашық қорғау орын алып отыр. Сондықтан, біз осы үш жылдан астам уақыт бойы сот билігіне сенбейміз деумен келеміз.

Сотта біздің әкімдік және уәкілеті органдар – қалалық Жер қатынастары басқармасы, қалалық Жоспарлау (урбанистика) басқармасы және Кәсіпкерлік басқармаларының шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап арызымыз қаралды. Сот шешімі шықты. Сот істі қарауы кезінде «Almaty CPS-тің» жерді босату туралы талап-арызын, яғни екі істі бір өндіріске қосып, заңсыз шешім шығып отыр. Біз ол бойынша шағымданған едік. 27 қыркүйекте Алматы қаласының аппеляциялық сот алқасы сол шешімді өз күшінде қалдыру туралы тағы бір шешім қабылдады. Енді аппеляциялық  сот алқасының бұл шығарған қаулысына біз наразы болып отырмыз. Өйткені сот талап-арыз шеңберінен шығып, «ТКМ-ді» «кәсіпкерлер арасында әлеуметтік наразылық тудырды және заңсыз, негізсіз табыс тауып отыр», — деп айыптап отыр. Ешбір дәлелсіз, дәйексіз жасап отырған осы сот тұжырымы біздің наразылығымызды турдырды.

Бұл өз кезегінде Алматы қаласындағы кейбір судялардың әділетсіз шешім шығаруға дайын екенінінің бір дәлелі.

Әуелде олардың («Almaty CPS-тің») берген талап-арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Неге? Заң бойынша, «ТКМ» жер учаскесіне өзге тұлғалардың алдындағы артықшылық құқығын қорғау мақсатында сотқа жүгініп келді. Бұл өз шешімін тапқанша «Almaty CPS» жерді босату туралы талап қоя алмайды. Ол туралы ауданаралық экономикалық соттың судясы Қазымбетова осы шешімге өз бағасын берген.

Біздің апеляциялық сот алқасында әкімнің 6 маусым 2019 жылғы ««Almaty CPS-ке» жерді беру және ол жер теліміне «ТКМ ЖШС-ның» барлық құқығын айыру туралы» қаулысын заңсыз деп тануды талап етіп, арызымызды жолдағанбыз. Ал мынау соудя Абсеметова шығарған қаулыға қарасақ, ол арыз-шағымымыз бойынша шағаратын болашақ қаулының тағдырын алдын-ала шешіп қойған. Сондықтан, судяның шығарған шешімі заңға кереғар. Өйткені, ертең азаматтық процестік кодекстің 76 бабына сүйеніп, осы қаулының негізінде біздің талабымыз бойынша теріс шешім шығатынына сенімдіміз.

Қазір бізге жала жабылып отыр. «Мемлекетке нұқсан келтіріп отыр, мемлекет меншігіндегі жерді заңсыз пайдаланып отыр, жеке кәсіпкерлерді пайдаланып отыр, әлеуметтік наразылық тудырып отыр», — деген баға беріп отыр. Бұл ауыр айыптау. Бұл наразылық тудыратын жайт.  Сеніп келген сот билігі осындай әрекетке барып отырса, әрі қарай қандай билікке сенуге болады? Біз тығырыққа тіреліп  отырмыз. Өйткені заң өз билігінен жоғары шешім қабылдап отыр. Қазір бізге қарсы бірлесіп әрекет етудің құрбаны болып отырмыз.

Дәл қазір біз жердің салығын төлей алмаймыз. Себебі – заң жүзінде жердің пайдаланушысы «Almaty CPS». Ал бірақ, «Рахат» базары орналасқан жерде өзінің сауда орындары бар жеке кәсіпкерлер өз кәсіптері, ондағы мүліктері үшін ай сайын салықтарын төлеп отыр. Олардың ай сайынғы салықтарының өзеріне, жұмыскерлеріне дер кезінде түсуін қадағалап отырған мамандар бар. Сондықтан, «мемлекеттік бюджтке қаражат түспей жатыр», — деген соттың тұжырымы мүлде негізсіз.

Соттың қаулысы қолымызда. Қаулыда жер пайдалану мерзімі «Almaty CPS-ке» 4 жыл 11 айға берілген. «Соның 2 жыл 4 айы өтіп кетті», — деп отыр. Соттан оны ешкім сұраған жоқ. Одан кейін « осы уақытқа дейін «ТКМ» ол жерді босатпай отыр», — дейді. «ТКМ-нің»  бұл жерге қойып отырған талабы мүліктік талап емес, құқықтық талап! Сот оны түсінбейді деп ойламаймын. Екеуінің айырмасы жер мен көктей. «ТКМ-ның» ол жерге құқығы бар. Ал қазіргі сот тұжырымы заңды өрескел бұзу болып табылады. Содан кейін, ««Almaty CPS-тің» жерді босатуды талап етуге құқығы бар», — дейді. «Әкімдік пен прокуратураға жердің иесі ретінде шағымдануға құқығы бар», — дейді. «Almaty CPS-тің» талабы бұл істің ішінде қаралмауы керек еді. Өйткені, азаматтық процестік колдексте талап қою тәртібі және заңсыз әрекеттерді шағымдану туралы анық жазылған. Ал сот екі өндірістің ісін бір іске біріктіріп отыр. Біздің шағым беруіміздің себебі де сол еді. Бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертуге жатады. Өйткені әртүрлі екі өндірістегі іс бірге қаралды. «Almaty CPS-тің» талабы «ТКМ» талаптары бойынша нақты шешім шыққанша қаралуға жатпайды.

Сот өзінің осы бір тұжымымен «Almaty CPS-тің» алдағы уақыттағы қадамдарын айқындап, қандай әрекет жасауы керектігін көрсетіп беріп отыр. «Almaty CPS» осы 2 жыл 4 айда базарға келіп, «біздің осындай құқығымыз бар, мынадай жоспарымыз бар», — деп кәсіпкерлермен сөйлескен де жоқ. Олар тек біз өз құқығымызды талап етіп сотқа жүгінгенде ғана пайда болды. Соттың шешімі белгілі бір дәлелдемеге негізделуі керек.

Біз Бауыржан Байбекті үшінші тұлға ретінде сотқа шақырдық.  Өйткені, қаулыға қол қойған – Байбек. Байбектің қол қойған қаулысында қандай заң нормалары бұзылғанына назар аудардық. Ол құжаттардың барлығын көрсетіп, іске қатыстыруға шақырдық. Бірақ, судя Қазымбетова өз ұйғарымымен, өз еркімен Байбекті үшінші тұлғалар қатарынан шығарып тастады. Бұл да заңсыз. Өйткені, азаматтық процестік кодексте ондай норма жоқ. Сот өзі шақыра алады. Ал талапкердің шақырған адамын қатысушылар санатынан шығара алмайды.

300 саудагер, олардың артындағы мыңдаған адам (отбасы мүшелері) Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды. Өйткені ертегі күнге деген сенім жоқ. «Almaty CPS» бір күні келіп, «мына жерді түгел босатамыз», — десе, ол нағыз әлеуметтік наразылықтың ордасына айналады. Не болмаса, басқа да арандатушылық әрекеттер болатын болса, оны тоқтататын күш жоқ. Өйткені, жергілікті атқарушы орган барлығын сотқа итеріп, тек бақылаушы болып отыр. Ал сот жергілікті атқару органды ақтап алу үшін барлық амалды жасап отыр.

Алматы қаласында соттар әкімдікке тәуелді!

Бақытжан Базарбек, заңгер:

— 3 жылға кетіп бара жатыр, сотта қорғап жатқанымыз – «Рахат» базарындағы жеке кәсіпкерлерінің құқы. 2019 жылы қаулы шықты, сол сәттен бастап кәсіпкерлер сотқа бере бастады.

Біз сотқа оншақты талап-арыз бергенбіз. Түрлі-түрлі талап-арыздар. Талап-арыз берген кезде  азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес, біріншіден Алматы қаласы әкімдігінің Жер қатынастары басқармасы, қалалық Сәулет-құрылыс басқармасының әрекетін заңсыз деп тану туралы талап бердік. Бірақ, судялар өзінің жұмысын дұрыс білмей ме, әйтеуір біздің талап-арыздарымызды бірнеше мәрте қайтарып тастады. Сол талап-арызымызды беру кезінде-ақ, біз бұл жерде аудандық деңгейдегі соттар Алматы қаласы әкімдігіне толығымен тәуелді екенін байқағанбыз. Соттың тәуелсіздігі деген ұғымға Алматыны келтіре алмаймыз. Біз іс барысында бұрынғы әкімді, әкімнің орынбасарларын, Жер комиссиясының мүшелерін т.б. шақырғанбыз. Ал судялар оларды барынша арашалап отыруға тырысты. Әрине, қорқады. Себебі Жер комисссиясының мүшесі егер сұраққа алынса, сот барысында қандай сұрақтар қойылатынын олар біледі. Ертең қандай былықтар шыға келетінін олар жақсы түсінеді. Сондықтан да судялар біздің талаптарымызды қанағаттандырмауға тырысқан.

2019 жылы бір қаулымен «ТКМ» ЖШС-ға уақытша жер пайдалану құқығын ұзатпай, мерзімін тоқтатады да, уақытша жер пайдалану құқығын «Almaty CPS» мекемесіне береді. Бір қаулымен ғана. Бұл заң шеңберінен тыс дүние.

Екіншіден, Жер кодексінің 37 бабына сәйкес, жалға алу шартын кейінгі мерзімге ұзарту туралы мәселе Жер комиссиясында қаралмайды. Жер кодекесінің 37 және 43 баптарына сәйкес, ол әкіммен тікелей қаралуы тиіс. Бірақ, Жер  қатынастары басқармасы заңсыз түрде Жер кодексінің 37, 43 баптарын бұза отырып, оны Жер комиссиясының қарауына шығарады. Шындығында, 2017-2020 жыл аралығында 80-ге жуық жерді жалға алу мерзімін кейінге ұзарту мәселесі Жер комиссиясында қаралған. Алматы қаласының 2017-2020 жылдар аралығындағы Жер комиссиясында қаралған барлық арыздар және материалдар қайта қаралып, тексерілуі тиіс.

Үшіншіден, Жер кодексінің  43 бабында нақты жазылған. Егер қандай да бір құрылыс нысанын салатын болса, бұл мәселесі Жер кодексінің 44/1 бабымен ретеледі. Яғни, заңның өзі бұл баппен емес, 44/1 деген баппен берілетінін айтып тұр.

Одан кейін инвестициялық жоба бойынша, Жер кодексінің 48 бабымен, жерді сауда-саттықсыз беріп отыр. Бірақ, елімізде инвестициялық жобаларға жер беру ережесі қабылданбаған. Біз құзырлы органдардан, министрліктен арнайы анықтама алдық. Бұл жерде тиісті комитет нақты жауап берді. Инвестициялық жобамен берілетін жер үшін арнайы аумақтық координациялық кеңестің рұқсаты болуы тиіс. Бірақ, Алматы әкімдігі «Almaty CPS-ке»  жерді берген кезде координациялық кеңестен өткізбеген, қаралмаған. Ол туралы әкімдіктің өзі тиісті құжаттарын берген. Одан бөлек, инвестициялық жоба үшін жер берудің тиісті ережесі керек. Ондай ереже дайын, бірақ заңмен қабылданбаған, республикалық деңгейде. Демек, әкімдіктер инвест жоба үшін жер беруге құқығы жоқ.  Бірақ, Алматы қаласы әкімдігі Жер кодексінің 48 бабы бойынша, инвет жоба үшін жер беріп отыр. Бұл Қазақстан бойынша бірінші жағдай. Оның өзі үлкен дау тулдырып отыр.

Соттағы былықтар туралы да айту керек.  Соттар істің артында әкімдік тұрғанын білсе, сол сәтен бастап сот төрелігі аяқталады. Әкімдік жүз жерден Жер кодексінің баптарын өрескел бұзса да,  тіпті өтірік заңмен жер берген күннің өзінде екінші тарап әкімдік немесе әкімдік басқармалары болса, соттар төрелігі жүрмей қалады. Мүмкін Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау жақтарда соттар тәуелсіз шығар. Бірақ, Алматы қаласында соттар әкімдікке тәуелді. Соттар дәлелдемелерді қабылдамай, істі барынша қысқартуға немесе әкімдік пайдасына шешім шығаруға тырысады. Мен Үкіметтік жер комиссиясының мүшесі, тәуелсіз сарапшы, заңгер ретінде Алматы соттарындағы былықты басқаша түсіндіре алмаймын.

Біз саусақтан сорып алған сөздерді емес, нақты дәлелдерді ұсынып отырмыз. Жер кодексінің 37, 43, 65 баптары бұзылып отыр. Оның бұзылғанын судялар біліп отыр. Аталған баптардың бұзылғанын әкіміктің Жер қатынастары басқармасының өкілдері сот барысында да, соттан тыс «Атамекен» палатасында да өздері мойындап отыр. Бірақ, прокуратура қозғалмайды, Сыбайлас жемқорлықа қарсы департаменттің Алматыдағы өкілдері қозғалмайды. Осыны пайдаланып, олар жүз жерден мойындағанның өзінде еш нәтиже шықпай отыр. Қаулының күші жойылмайды. Сот тиісті қаулының күшін жоймайды.

Біз бұл жерде бостан-бос шырылдап отырған жоқпыз. Біз 300-ге тарта шағын кәсіпкердің мұңын жоқтап отырмыз. Олар салық төлеп отыр. Дамыған елдерде шағын және орта бизнес экономиканың негізі. Бірақ, Қазақстанда емес! Шағын және орта бизнесті қолдаушы күш – мемлекет боулы тиіс. Бұл «ТКМ» ісінде біз мемлекеттің бар екенін сезіп отырған жоқпыз!