Кәсіпкерлер бес бастама ұсынды

0

Форумға Парламент Мәжілі­сінің депутаттары, мемле­кеттік органдардың басшылары, Қазақстан Республикасындағы шетелдік дипломатиялық өкіл­діктердің өкілдері, іске­рлік-қауымдастық, жас стартапшылар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері қатысты.

Іс-шара Мемлекет басшы­сының кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмаларының шеңберінде отандық өнім­дерді және қазақстандық кәсіп­керлердің импорт алмастыру бойынша бастамаларын наси­хаттауға бағытталған.

Жиын ұйымға мүше кәсіп иелерінің көрмесінен бас­тал­ды. Кең дәлізге қаз-қатар орналастырылған жергі­лік­ті өнім өндірушілердің, қол­өнер­шілердің, жас стартап­шылардың қолдарынан шыққан дүниелер мен олар көрсететін қызмет түрлері сан алуан.

Жалпы отырысты ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко ашты. Оның айтуына қарағанда, ассоциация мүшелері арасында терең әріптестік қарым-қатынас орнаған. Сондай-ақ қазіргі уақытта қауымдастық мүшелері елімізге инвестиция тартуға бағытталған бірқатар жобаларды қолға алған. Оған қоса, ассоциация халықаралық келісімдер деңгейіне шығып үлгерген. Бұл жұмыстардың барлығы Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді орын­дауға бағытталған. Сон­дықтан аталған ұйым келесі жылы орындалуы тиіс бес міндетті белгілеген.

– Олар агроөнеркәсіп кеше­нінің әлеуетін іске асыру – ғылыми аграрлық-ин­но­вациялық орталық құру, ауыл шаруашылығы сала­сын­да­ғы  беделді шетелдік және отандық мамандарды тарту. Екіншісі, жастар кәсіпкерлігін дамыту – жас, бастамашыл кәсіпкерлерді қолдау, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, өңірлерде  жастарды қолдау орталығын құру. Үшіншісі, импортты алмастыру және кооперация орталығын дамыту − халық тұтынатын тауарларды өндіретін кәсіпорындардың («қарапайым заттардың экономикасы») ынтымақтастығын дамыту. Төртіншісі, технология және құзыреттерді беру – заманауи технологияларды тарту, кәсіпкерлерге жаңа бизнес дағдыларын үйрету. Бесіншісі, «жасыл» экономика – табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған жобаларды қолдау және ілгерілету, табиғат пайдаланушыларының одағын, көгалдандырушылар консорциумын құру, – деді Л.Прокопенко.

Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер ассоциациясы қоғамда бірлік пен келісімді нақты істердің айналасында шоғырландыра­тыны бұқараға мәлім. Олардың қатарындағы қалыптасқан, толыс­қан, жетілген кәсіпкер­лер әр кезде әлеуметтік жауап­кер­ші­ліктерін естен шығарған жоқ. Сонымен қатар жастарды кәсіпке баулуды міндетіне алып, қанаттандыруды мақсат тұтқан.

Жиын барысында Мәжіліс Төрағасы­ның орынбасары Владимир Божко, Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер ассоциациясы­ның құрметті төрағасы Юрий Тимо­щенко, Мәжіліс депутаты Альберт Рау, «Ұлттық аграрлық ғылы­ми-білім беру орталы­ғы» КЕАҚ  басқарма төраға­сы Ұлан Тәжібаев сөз сөйледі. Олар негізінен кәсіпкерлік­ті да­мы­тудағы мемлекеттік қол­дау, кәсіптің жаңа қырлары мен халық­аралық байланыстар жөнінде ой өрбітті.

Жалпы отырыстың соңын­да Қазақстан халқы Ассамблея­сы Кәсіпкерлер ассоциациясы филиалы директорларына куәліктер тапсырылып, бір­қатар меморандумдарға қол қойылды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

 

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз