Кәсіпкерлер бес бастама ұсынды
Форумға Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстан Республикасындағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері, іскерлік-қауымдастық, жас стартапшылар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері қатысты.
Іс-шара Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмаларының шеңберінде отандық өнімдерді және қазақстандық кәсіпкерлердің импорт алмастыру бойынша бастамаларын насихаттауға бағытталған.
Жиын ұйымға мүше кәсіп иелерінің көрмесінен басталды. Кең дәлізге қаз-қатар орналастырылған жергілікті өнім өндірушілердің, қолөнершілердің, жас стартапшылардың қолдарынан шыққан дүниелер мен олар көрсететін қызмет түрлері сан алуан.
Жалпы отырысты ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко ашты. Оның айтуына қарағанда, ассоциация мүшелері арасында терең әріптестік қарым-қатынас орнаған. Сондай-ақ қазіргі уақытта қауымдастық мүшелері елімізге инвестиция тартуға бағытталған бірқатар жобаларды қолға алған. Оған қоса, ассоциация халықаралық келісімдер деңгейіне шығып үлгерген. Бұл жұмыстардың барлығы Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындауға бағытталған. Сондықтан аталған ұйым келесі жылы орындалуы тиіс бес міндетті белгілеген.
– Олар агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін іске асыру – ғылыми аграрлық-инновациялық орталық құру, ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік және отандық мамандарды тарту. Екіншісі, жастар кәсіпкерлігін дамыту – жас, бастамашыл кәсіпкерлерді қолдау, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, өңірлерде жастарды қолдау орталығын құру. Үшіншісі, импортты алмастыру және кооперация орталығын дамыту − халық тұтынатын тауарларды өндіретін кәсіпорындардың («қарапайым заттардың экономикасы») ынтымақтастығын дамыту. Төртіншісі, технология және құзыреттерді беру – заманауи технологияларды тарту, кәсіпкерлерге жаңа бизнес дағдыларын үйрету. Бесіншісі, «жасыл» экономика – табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған жобаларды қолдау және ілгерілету, табиғат пайдаланушыларының одағын, көгалдандырушылар консорциумын құру, – деді Л.Прокопенко.
Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер ассоциациясы қоғамда бірлік пен келісімді нақты істердің айналасында шоғырландыратыны бұқараға мәлім. Олардың қатарындағы қалыптасқан, толысқан, жетілген кәсіпкерлер әр кезде әлеуметтік жауапкершіліктерін естен шығарған жоқ. Сонымен қатар жастарды кәсіпке баулуды міндетіне алып, қанаттандыруды мақсат тұтқан.
Жиын барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко, Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер ассоциациясының құрметті төрағасы Юрий Тимощенко, Мәжіліс депутаты Альберт Рау, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Ұлан Тәжібаев сөз сөйледі. Олар негізінен кәсіпкерлікті дамытудағы мемлекеттік қолдау, кәсіптің жаңа қырлары мен халықаралық байланыстар жөнінде ой өрбітті.
Жалпы отырыстың соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер ассоциациясы филиалы директорларына куәліктер тапсырылып, бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/