Кәсіпкер экономиканың тірегі болуы тиіс
Саланың өсім қарқыны қалай?
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан алған деректерге сүйенсек, еліміздегі кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың жалпы саны 1 241 328 субъектіні құрайды. Бұл 2018 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіштен 8,3 пайызға жоғары.
Статистика комитетінен алынған дерекке жүгінсек, 2017 жылы бұл көрсеткіш 1 миллион 145 мың 994 адамды, осы салада жұмыспен қамтылған адамдардың үлесі 3 миллион 118 мың 442-ге жеткен. Жыл санап ІЖӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі өсіп келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, 2014-2016 жылдар аралығында бұл 17-18 пайызға дейін өссе, 2017 жылы 27 пайызға жетіпті. 2012 жылғы 6,1 пайызбен салыстырсақ, әжептәуір көрсеткіш. Оның үстіне, ірі бизнеспен салыстырғанда, шағын және орта бизнес үлесінің өсім қарқыны айтарлықтай жоғары.
Президенттің тапсырмасы бойынша, жеңілдетілген несие көлемінің ұлғайтылғаны да өзін өзі еңбекпен қамтығандардың, жеке ісін бастауға құлықтылардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуге тиіс. Жалпы, жеңілдетілген несиенің көптеп берілуі кәсіпкерлікті дамытатын тиімді тетіктердің бірі саналады. 2017 жылы республика бойынша жалпы көлемі 32 миллиард теңге болатын 7 мыңнан астам шағын несие таратылған-ды. Үкіметтің хабарлауынша, 7 мыңнан астам адам несие алғанымен, тағы 5 мыңнан астам адам өз істерін бастауға қажетті несиеге мұқтаж екені байқалған. Осыны ескерген Елбасы Н.Назарбаев былтыр қосымша 20 миллиард теңге бөлуді, сөйтіп шағын несиенің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырғаны есімізде. Яғни, 2018 жылы шағын несиеге қол жеткізгендердің саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мыңға жуық адамды құрауға тиіс болатын.
Бірер апта бұрын Үкімет отырысында баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова: «Қосымша бөлінген қаражатты есепке алғанда, шағын несие берудің жалпы сомасы 62 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 45 млрд теңге ауылдық жерлерге (73%) және 17 млрд теңге (27%) қалалық жерлерге жіберілді. 2018 жылға арналған шағын несиемен қамту жоспары 14 мың адамды құрады», деді. Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы саласында несие беру көлемі айтарлықтай ұлғайғаны байқалады. 45 миллиард теңге қаржының негізінен мал шаруашылығын дамытуға − 76%-ы, өсімдік шаруашылығын дамытуға − 2,7 %-ы, құс шаруашылығын дамытуға − 2,2%-ы, көлік және қоймалау саласына − 6%-ы, қалғаны өңдеу өнеркәсібі сынды басқа да қызмет түрлеріне беріліпті.
Қалай болғанда да, Президенттің: «Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды» деп қадап айтқан сөзі іс жүзіне асуға тиіс.
Өткен жылдың соңында Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Doing Business-2019» рейтингінде 190 мемлекеттің арасынан 28-орынға тұрақтағаны белгілі. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, бұл рейтингтің қазақша аудармасы «Бизнес жүргізу» дегенді білдіреді.
Осы рейтингте қарапайым азаматтардың жеке кәсіппен айналысуына әсер ететін индикаторлар да қамтылған. «Кәсіпорын ашу», «Несие алу» сынды индикаторлар бойынша Қазақстан жоғары балл алғанын айта кетейік.
Кәсіпкерлерді түрлі әкімшілік немесе басқа да қысымдардан қорғауға да көңіл бөлінуі керектігі түсінікті. Осыған байланысты Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов былтыр бизнесті қорғауға қатысты 4 599 өтініш келіп түскенін, оның 43 пайызы шешімін тапқанын айтты. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 36,7 миллиард теңгені құрапты.
Қолдаудан кенде емес
Шағын бизнестің үлесі кей елдерде ІЖӨ-нің 50-60 пайызына дейін жететінін ескерсек, бізге де олардың тәжірибесін үйрену артық болмайтыны анық. Президенттің: «ІЖӨ-нің өсуі, ең алдымен, тиімділікті, еңбек өнімділігін арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті күшейту есебінен жүргізілуге тиіс. Соңғы жылдары экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 25-27% деңгейінде қалып отыр. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35%-ға, 2050 жылға қарай кемінде 50%-ға жеткізу көзделген», – дегенінің де осындай берік негізі бар.
Елбасы бизнестің жол картасы аясында мемлекеттен 385 миллиард теңге бөлінгенін, 20 мыңнан астам жобаға қаржылай қолдау көрсетілгенін, 180 мыңға жуық кәсіпкер тиісті оқудан өткенін атап өтті. Десе де, осы саладағы бірқатар мәселелердің шешімін таппай отырғанын, кей өңірлердің көрсеткіші төмен екенін де баса айтты.
Отырыс барысында Үкіметтің бизнесті дамытуға арналған жобалары үшін 600 миллиард теңге несие беру тетігі іске қосылатыны белгілі болды. Елбасы мол ақшаның «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуін қадағалауды, ұзақ мерзімді тиімді жобаларға жұмсалуын шегелеп тұрып ескертті. Үкімет 600 миллиард теңгенің 400 миллиардын өңдеуші өнеркәсіпке бағыттауды жөн деп тауыпты. Бұл күнделікті тұтынатын 250-ге жуық қарапайым тауарларды сырттан тасуды барынша азайтып, өзімізде көбірек өндіруге, көбірек экспорттауға жол ашуға тиіс. Яғни, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында қаржы мата, киім-кешек, аяқкиім өндірісі, тыңайтқыштар, лак-бояу өнімдері, есік-терезе, жиһаз өндірісі, тағы басқа да өнім шығаратын кәсіпорындарды ынталандыруға мол қаражат бөлінеді деген сөз.
Осы тұста Елбасының: «Егер кезінде несие алған әлсіз компанияларға беретін болсаңыздар, ақша жоқ болып кетеді де, банктер қолайсыз жағдайда қалады. Тек өз жұмысын көрсете білген компанияларға ғана беру керек», – деп ескерткенін де еске сала кетейік.
Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев айтқандай, ақпан айынан бастап қаржы беріле бастайды. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов те ұлттық палатаның басым бағыттағы секторларға несие беру бағдарламасын бастауға әзір екенін жеткізді.
– Мемлекеттің қаржы бизнесін модернизациялауға дайын әрі қаражатты жаңа техникаға салатын кәсіпкерлерге берілуі керек. Бизнес өзіне үлкен жауапкершілік алған жағдайда ғана мемлекеттен көмек алуы тиіс. Бизнесті дамытуға қажетті қолдау жасалуда, тексерістер саны азайды. Мәселен, 2017 жылмен салыстырғанда кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны 8,3%-ға артқан, 30 мыңнан астам жаңа шағын бизнес субъектісі ашылды. Сондықтан да кәсіпкерлердің жағдайы төмендеді деуге негіз жоқ», дейді ол.
Жалпы, соңғы бірнеше жылдың бедерінде жеке кәсіпкерлікті дамыту, іскер азаматтарды қолдау, бизнесмендердің қатарын көбейту ел Үкіметі алға қойып отырған басымдықтардың біріне айналғаны белгілі. Мақсат – ІЖӨ-дегі жеке кәсіпкерліктің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу. Осы мақсатта мемлекеттік деңгейде бағдарламалар қабылданып, қаржылай қолдаулар жасалыпты.
Әлемдік тәжірибе қандай?
Әлемнің бірінші экономикасының тағын ешкімге бермей келе жатқан АҚШ-та жеке сектордағы халықтың 50 пайыздан астамы шағын кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Кішігірім бизнес нысандардың жалпы саны 7 миллионнан асып жығылады. Олардың басым көпшілігінде шамамен 20 шақты адам жұмыс істейді. Капиталистік қоғамның қағидаларын жақсы білетін, қағидалардың көпшілігін өзі қалыптастырған мемлекет өткен ғасырдың басынан бастап шағын бизнеске ерекше қолдау көрсетеді, тиісті заңнамалар да әбден жетілдірілген. Мәселен «Бірінші жыл бонусы» деп аталатын, кәсіпкерлікті енді бастаушыларды бір жыл бойы салықтың тең жартысынан босататын жеңілдік басқа елдерге де үлгі.
Германия ІІ Жаһандық соғыстан кейін күйреген экономикасының 1950-1960 жылдары күрт гүлденіп сала бергені үшін шағын және орта бизнеске қарыздар деген пікір бар. Елдегі жұмыс күшінің жартысынан астамы осы секторға жұмылдырылған. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары отбасының он шақты мүшесі бірігіп жүргізетін кәсіпорындарға мемлекет қаржылай һәм заңнамалық қолдауды аямапты. Соның нәтижесінде қазір елде 1 миллионға тарта шағын отбасылық кәсіпорын бар. Германия Еуропа экономикасының локомотиві ретінде мойындалды. Бұл елде 5-8 пайыздық үстемемен несие ұсынылып, оны төлеуге 15 жылға дейін мұрсат беріледі. Әлеуметтік салаға қатысты бизнеске бұдан басқа да ерекше жеңілдіктер көрсетіледі екен. Францияда бизнесті жаңадан бастағандар алғашқы екі жылда көптеген салық түрінен босатылады. Ал елдің экономикасы қалыңқы бөлігінде бизнес бастағандар үшін тағы қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Жалпы, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Елбасы Н.Назарбаев былтыр көктемде «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы» заңға жариялы түрде қол қойғаны белгілі. Қол қою рәсімінде Мемлекет басшысы: «Жеке бастама мен еркін кәсіпкерлік еліміздің экономикалық дамуының және әл-ауқатымыздың артуының басты факторына айналды», деген болатын. Сондықтан ел Үкіметі алдағы уақытта аталған шағын және орта бизнесті дамытуға білек сыбана кірісуі тиіс.
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/