Кәсіпкер: инвесторлар жоғары бәсекеге ие жобаларға ақша салуы керек

0
29 Қараша 2018, 15:59 256 0

Фото: Автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біздің тұтынушылар өмір ағымынан қалыспаған, жаңашылдықты жақсы қабылдай біледі. Бұл туралы «Astana group» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов Алматыда өтіп жатқан инвестициялық форум барысында айтты.

Форум барысында сөз сөйлеген отандық кәсіпкер шетелдік инвесторларға қандай салаға ақша құю қажеттігі жөнінде және жоғары бәсекеге қабілетті жобамен келуге кеңес берді.

«Біздің тұтынушылар өмір ағымынан қалыспаған, жаңашылдықты жақсы қабылдай біледі. Егер сен қандайда бір жоба жасап немесе қызмет түрін сататын болсаң, ол жоғары бәсекеге ие болуы қажет. Яғни қандайда бір франшизаны әкелгенде Азияның кіші қаласының деңгейінде емес, әлемнің ірі қалаларының деңгейінде ойластырып әкелуің керек. Менің тәжірибем көрсеткендей, Алматыда инновациялық емес жобалар жүрмейді. Ол сандық әрі сұранысқа ие жоба болу керек», — дейді ол.

Сондай-ақ ол, Алматы еліміздегі ең ірі мегаполис екенін, мұнда 2 млн-нан аса халық тұратындығын және кез-келген мегаполис сияқты Алматыда да сервис пен инфрақұрылым басым бағыттардың бірі болып отырғанын жеткізді.

«Қазір қалада жабайы базарлар өркениетті саудаға көшуде, яғни зәулім сауда үйлері пайда болуда. Мұндай өзгеріс орын алған кезде әлемдегі ірі ритейлингтер келе бастайды. Inditex сауда тобы келді, OBI-дің ашылуы болды, алдағы уақытта Dikition француз жүйесінің ашылуы болады. Мұның барлығы Алматының тек Орталық Азия қалалары арасында ғана емес әлемдік кеңістіктегі шаһарлармен бәсекелестікке түсе алатындығын көрсетеді», -дейді ол.

Сонымен қатар, кәсіпкер қалада бизнестің сервис, логистикалық орталық, қоғамдық тамақтану сияқты түрлері дамып жатқандығын, алайда үлкен нарық болған соң мұнда жедел өндіріс те болу керектігін айтып өтті.

«Қазір бізде жүк көліктерін құрастыру зауыты істеп тұр, алдағы уақытта автобус құрастырамыз. Мұның барлығына, әрине, қала мен үкіметтен қолдау көрсетіліп отыр. Бұл өндіріс орындары Кеңес үкіметі тұсындағыдай үлкен зауыт емес, шағын, жинақы тез ауыспалы өндіріс орындары болу керек», — деді ол.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ