KASE ширек ғасыр ішінде қарқынды дамып келеді, бүгін де осы екпіннен жаңылмайды

0

Қазақстан қор биржасы бас­қар­ма­сының төрайымы Алина Алдамбергеннің айтуынша, бүгінде KASE мақсаты – шығын­дар­ды азайту, қызметтерді жақсарту және әмбебап қор биржасы болып табылатын, KASE-нің әзір­леген барлық өнімдерді ұсыну­ға қол жеткізетін, заманауи техноло­гия­ларға көшу.

Қазақстан қор биржасының жос­парлары мен мақсаттары, перс­пек­тивалық бағыттары сұхбаты­мыз­дың негізгі тақырыбына айналды. 

– Алина Өтемісқызы, 2018 жыл KASE үшін динамика тұрғы­сы­нан екпінді жыл болды: жазда Clearstream жүйесінде есеп айы­ры­сатын, бағалы қағаздар тізі­міне мемлекеттік бағалы қағаз­дар­ды (МБҚ) енгізу жобасы іске қосылды. Жуырда Мәскеу бир­­жа­сы­мен стратегиялық ынты­мақ­тастық туралы мемо­ран­думға қол қойылды, қытайлық бағыт белсенділендірілді. Мұның бар­лы­ғы кезекті кезеңде биржа­ның перс­пек­тивалық даму бағыт­тарын көрсетуге ұқсайды…

– Ширек ғасырда KASE үлкен жол­ды еңсеріп, өңірдегі ең заманауи және жоғары технологиялық бир­жа болып қалыптасты. Мұ­ның бәріне қол жеткізу үшін биржа әр даму кезеңінде қаржы нары­ғы­ның дамытушы локомотиві рөлін атқарды. Сондықтан, бүгінгі таңда да, бәсекелестік өршігенде де, басып озуға қадамдар жасауымыз керек. Егер біз осы қадамдарды дұрыс таңдамасақ, біздің орнымызды тар­тымдырақ ұсыныс жасаған басқалар дереу басады.

Осы жылы жергілікті қор нары­ғын дамытуға, сондай-ақ капи­тал­дың жаһандық нарығымен тығыз ин­те­грациялануға бағыттал­ған, бір­қатар жобаларды бастадық. Ең бас­ты­сы, бұл Clearstream және Мәс­кеу бир­­жа­сы­мен (MOEX) ынтымақ­тастық.

Атап айтсақ, Қазақстанның МБҚ-мен жасалған мәмілелері бо­йынша Clearstream халықаралық депозитарийі арқылы есеп айырысулар халықаралық инвесторлардың қазақстандық қор нарығына қол­жетімділігін едәуір жеңілдетеді. Қазақ­станда шетелдік инвестор­лар үшін, олар мойындайтын, түсі­нік­ті және үйреншікті халықара­лық делдалдар арқылы жергілікті на­рық­тағы МБҚ сауда-саттығына рұқ­сат­тама алу үшін барлық жағдай­лар жасалған. Екінші кезеңде акция­лардың, корпоративтік облигация­лардың сауда-саттығына рұқсаттама алу үшін ұқсас жағдайлар жасау жоспарланған.

Қазақстан мен Ресей ЕАЭО-ға кіреді, бүгінгі күннің күн тәртібінде эмитенттерге, инвесторларға, сауда-саттыққа кәсіби қатысушыларға Одаққа қатысушы мемлекеттердің нарықтарына рұқсаттаманы жеңіл­дету мәселесі тұр. MOEX-пен ын­ты­мақтастық және тікелей коррес­пон­денттік қарым-қатынастар елдері­міздің есеп айырысу жүйелері арасында осындай мүмкіндіктерді туғызады. Болашақта MOEX биржасында сауда-саттық жүргізетін ресейлік брокер сол сауда-саттық жүйелері арқылы KASE сауда-саттықтарында да сауда жүргізуіне мүмкіндігі болады. Қазақстандық брокерлерге Мәскеу биржасында сауда-саттық жүргізуге ұқсас мүмкіндіктер беріледі. 

Атап айтар болсақ, бұл бірыңғай қор нарығы емес, өзге нарықтарға рұқсаттама беретін, сауда-саттық жүйесі. Мысалы, скандинавиялық елдердің биржалары (Дания, Ислан­дия, Финляндия, Швеция) және Балтық елдері (Эстония, Лат­вия және Литва) NASDAQ шеші­мі негі­зінде бірыңғайланған сауда-сат­тық жүйесін қолданады. Атал­ған нарықтардың интеграциясына бір­ың­ғай реттеу де ықпал етеді.

Мәскеу биржасымен ынтымақ­тастық биржалық сервистерді әрі қарай дамытуға, соның ішінде ин­ф­ра­­құрылымның өзінде сауда-сат­тыққа қатысушылардың тәуекел­дерін жоюға мүмкіндік береді. Атап айт­сақ, сауда-саттыққа қатысу­шы­лардың несиелік тәуекелдері KASE орталық контрагент ретінде өзіне қабылдап алып, заң жүзінде мәміле бойынша соның бір тарабы болып, сол уақытта орталық контрагенттің өзінің тәуекелдері, қатысушылар­дың кепілдік жарналар мен кепіл­дік қорларды қарастыратын, тәуе­кел-менеджменттің күрделі, көп деңгейлі және тиімді жүйесі есебінен жабылады. Биржада жоспарлан­ған орталық контрагентті енгізу, MOEX тәжірибесі көрсеткендей, қазақстандық нарықтың шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады.

Мәскеу биржасымен стратегия­лық ынтымақтастық аясында негіз­гі мақсат KASE сауда-саттық ұйым­­дастыруында қолданылатын бар­лық сауда-саттық жүйелерінің модер­­низациясы болып табыла­ды. MOEX сауда-саттық жүйесі алғы шеп­тегілердің арасында бол­ған­дық­тан, бірыңғай ІТ ядросына өту KASE өз нарығына қатысушыларға қаржы құралдарының жаңа түрлері мен есептесулердің жаңа амалдарын ұсынуға мүмкіндік береді. 

– Басқа жобаларға да назар аударайық: ЖШС арналған жаңа сауда-саттық алаңдары, КОБ, тіпті стартап-жобаларға көбірек назар аудару. Классика тұрғы­сынан, биржа үшін бұл типтік сала емес қой. Үлкен тәуекелге бас ұрып, көптеген инвесторлар «дефолттар шеруін» еске ала оты­рып, осылай ойлайтын болар. Мұндай тәуекелдердің негізі қан­дай және оған сұраныс бар ма?

– Шынында да классикалық бир­жалық бизнес, тұрақтанған биз­нес-модельдері, кірісті акция­лары бар, салыстырмалы ірі компанияларға көбірек бағытталады. Бірақ әлем тоқтаусыз өзгеріп жатыр. Барлық салаларда интеграция үдерістері жүріп жатыр, ал жаңа технологиялар санау­лы секундта ақпаратпен алмасуға қол ­жеткізді. Технологиялардың, әсіре­се, ІТ дамуы классикалық бир­жа­лық бизнеске әсерлі ықпалын тигізді. Қаржы құралдарының сауда-сат­тық­тары виртуалды әлемге ауысып кетті. Әлемде түрлі электрон­ды сау­да-саттық алаңдары, соның ішін­­де crowd-funding қызмет етіп жа­­тыр. Ал классикалық қор алаң­дары бейім­делуге тырысып, бизнес субъек­ті­лерінің кең спектрін қам­тып, қол­жетімдірек болуға ұмтылады.

KASE осы үдеріске қосылады, қазақстандық компаниялардың кең спектрі үшін ашық нарықта қаржы тарту мүмкіндігі қолжетімді болуы үшін жұмыс істейміз. Биржа эмитенттер қызметінің, сауда-саттық алаңында айналыста жүрген қаржы құралдарының айқындылығын қам­тамасыз ету үшін максималды жағ­дайлар жасайды, сондай-ақ ашы­латын ақпараттың сапасын арттыру бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асырады. Бұл инвесторларға жан-жақты ойланған шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

2017 жылы биржа листинг құры­лымын трансформациялады, ал ағым­дағы жылы KASE Private Market және KASE Start-up сауда-сат­­тық алаңдарын іске қос­ты. Түрлі алаң­дардың бар болуы инвес­тор­ларға, олардың инвес­тиция­лық таң­дауларына сәйкес келе­тін, қаржы құралдарын таңдау мүмкіндігін береді.

– Жаңа идеялар әлеуетті эми­тент­­терді ынталандырды, ал өңір­дегі бизнесті қор нары­ғын­да қаржы тартудың артықшы­лы­ғы­на көз жеткізе алдыңыздар ма? 

– Қазақстанда экономиканы несиелендірудің көбінде банктік моделі тарихи қалыптасқан. Отан­дық қор нарығының танымал­дылығы төмендігінің бірден-бір себебі, оның мінсіз инфрақұрылымы мен құрал­дарының кең спектріне қарамастан, кәсіпкерлер мен тұр­ғындардың қор нарығы мен оның мүмкіндіктері туралы аз хабардар болуы. Сондықтан KASE ақпа­раттандыруды арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізеді.

2015 жылы KASE Қазақстанның өңірлеріне көшпелі ақпараттық-білім беру циклын бастады. Бұл бас­таманы Қазақстан қаржыгерлерінің ассоциациясы, «Атамекен» ҰКП, «Даму» КДҚ, қазақстандық брокерлер, консалтингтік және аудиторлық ұйымдар қолдады. Бірлесіп біз облыс орталықтарында «дөңгелек үстелдер», кездесулер және бизнес-ланч ұйымдастырдық. 2016 жылдан бастап биржа кәсіпкерлерге арналған қор нарығының негіздері мен инвесторлармен өзара әрекеттестік бо­йынша оқыту семинарларын өткізе бастады. Салыстырмалы түрдегі біздің аз ғана тәжірибеміз көрсеткендей, отан­дық қор нарығын компания­лар үшін қаржыландыру арнасы ретінде танымал ету бойынша өткізілетін іс-шаралар, орта мер­зім­дік және ұзақмерзімдік перс­пек­тивада сауда-саттықтардың көлем­і­нің өсуіне де, инвесторлық белсен­ділікті қарқындатуға да, сондай-ақ корпоратвитік басқару деңгейін арттыруға және дамудың ең үздік практикаларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

KASE-нің кейбір нарықтарында өсімді байқаймыз. Мысалы, акция­лар­дың қайталама нарығында сауда-саттықтың көлемі ағымдағы жылдың 11 айында 529,6 млрд теңгені құрады, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 261,8 млрд теңге болса, 2016 жылы – 249,4 млрд теңге болған. Корпоративтік облигациялардың бастапқы нары­ғындағы, орналастырудың көлемін көрсететін, сауда-саттықтың көлемі 2018 жылдың 11 айында едәуір өсіп, 1 572,8 млрд теңгені құрады, ал 2017 жылы осы көрсеткіш – 864,5 млрд теңге болған.

KASE ұсынылатын қызметтер­дің спектрін кеңейтуге, инфрақұры­лымның сенімділігін қамтамасыз етуге және қазақстандық қор нары­ғының танымалдылығын арттыруға жұмсаған күш-жігері қазақстандық қор нарығының халықаралық классификаторларда рейтингі өсуіне себеп болды.

2017 жылдың наурыз айында FTSE Russell қазақстандық нарық­тың «Клиринг және есептесулер» критерийі бойынша жайғасымын жақсартып, «Шектелген» деңгейінен «Сәйкес» деңгейіне дейін көтерді. Сол жылдың қыркүйек айында қазақстандық қор нарығына «Frontier» мәртебесі берілді.

Үкіметіміздің, ҚР ҰБ үйлесті­рілген әрекеттерінің арқасында Қазақстан екі жыл қатарынан Doing Business рейтингінде «Мино­ри­тарлық инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша бірінші орынға ие болғандығын қосымша айта кеткім келеді. 

– Қазіргі инвесторлар мен эмитенттер кімдер?

– Қазақстандық қор нарығы­ның қазіргі инвесторлық базасы жергілікті жеке және институцио­нал­дық инвесторлармен, қазақстандық компаниялармен және шетелдік инвесторлармен көрініс алады. Start-Up бастап Blue chips дейін биржалық сауда-саттық алаңдарының тізбегін іске қосқаннан соң және енгізу бо­йынша KASE белсенді жұмыс жасап жатқан, жаңа қаржы құралдары пайда болғаннан соң, ашық нарықта қаржы тартатын қазақстандық компаниялардың әрі қарай көбеюін және өсуін күтудеміз.

Инвесторлық базаның өсуінің оң тенденциясы және бастапқы, сондай-ақ қайталама нарықтағы ойын­шылардың белсенділігі бай­қа­лады. Мысалы, биылғы 11 айда акциялардың қай­талама нарығын­дағы сауда-сат­тық­тың көлеміндегі 54,2% жеке тұл­ға­­лардың үлесінде; 16,7 % – заңды тұлғалардың үлесі; 21,4% – бро­керлік ұйымдар және 7,6% – институционалдық инвес­торлар. Шетелдік инвесторлар­дың акциялар нарығының брутто-айналымындағы үлесі 9,8%, 2017 жылы – 5,2% және облигациялар нарығында 1,4%, ал 2017 жылы 2,3% болған.

Сондай-ақ инвесторлық базаның сапалы өзгерістері орын алып, оның диверсификациясы жүріп жатыр. Осылайша, облигациялар нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттарының үлестерін қарасақ, 2016 жылы 89,5% БЖЗҚ алатын, басқа институционалдық ин­вес­торлардың үлесі 2,8%, 2017 жылы олардың үлесі 4%-ға өсіп, ал ағым­дағы жылы 53,8%-ға жет­ті. БЖЗҚ үлесі ағымдағы жылы 11,9%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте бир­жа­дағы орналастырулардың көлемі биыл 639,1 млрд тең­гені құрады, ал 2016 жылы 424,4 млрд теңге, 2017 жылы 269,5 млрд. теңгені құраған (2017 және 2018 жылдардағы банктік секторды қаржылай қолдау бағдарламасы мен нарықтық емес орналастыруларды қоспағанда).

Соңғы үш жылда 49 жаңа эмитент тартылды, олардың қаржы құ­рал­­д­ары биржаның ресми тізіміне енгізілді. KASE ресми тізімі 162 жаңа қаржы құралдарымен толық­ты­рылды. 2018 жылдың басынан бас­­тап листингілік компаниялардың қата­рына 15 жаңа қазақстандық компания 17 қаржы құралымен қосылды.

KASE өзін ЕАЭО кеңістігінде де, жаһандық нарықта да өзін белсен­ді көрсете білді. 2015 жыл­дан бастап биржа, әлемнің 79 бир­жалық ұйымының басын бірік­тір­е­тін, БҰҰ «Sustainable Stock Exchanges» халықаралық бастама­сы­на қосылды. Биржа әлемдегі бир­жалық ұйымдарының ең ірі жаһан­дық ассоциациясы болып табы­латын Дүниежүзілік биржалар федерациясының (WFE) құра­мына кіреді. KASE екі өңірлік бир­жа­лық ассоциацияның құрамына кіреді, соның бірі: Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропа елдерінің және екіншісі – ТМД елдерінің биржалық ұйымдарын біріктіреді.

– Бүгінгі таңда KASE өзін әмбебап биржа ретінде көрсетеді. Оның құрылымын қалыптастыру қалай болды, барлық қаржы құралдары дамыды ма, және валюталық құралдардың басым­дылығы сақталады ма? 

– Халықаралық нарықтарда акциялардың, индекстердің және фьючерстердің сауда-саттық алаңы ең басымды модель болып табылады. Еуропа елдерінде және АҚШ-та шетел валюталарының нарығы әдетте биржадан тыс сауда-саттық алаң­дарында қалыптасады. Біздің бизнес-моделіміз – әмбебаптық прин­ципіне негізделген. Ол нарық­тар жинағында, өнімдер тізбегінде, қызметтер түрінде (сауда-саттықтық, сауда-саттықтан кейінгі) көрінісін табады. Биржада инвестор өзінің ақша қаражаттарын тиімді басқара алады, себебі нарық активтердің түрлі кластары ұсынылған.

Биржада барлығы 4 сектор қыз­мет етеді: бағалы қағаздар, шетел валюталары, ақша және деривативтер. Инвестор бағалы қағаздарды сатып ала алады және сата алады, репо нарығында ақшаның қажетті сомасын тартып, шетел валюталарында номинацияланған қаржы құралдарын сатып ала алады.

Біздің биржамыздағы ең алғаш­қы қаржы құралы валюта болға­нын еске сала кетейін. 25 жыл бойы биржада бірінен кейін бірі жаңа қаржы құралдары пайда бола бас­тады, және біз эмитенттер мен инвесторлар үшін мейлінше ыңғай­лы жағдайды қамтамасыз етуге атса­лыстық. Уақыт талабымен және нарыққа қатысушылардың есеюімен қатар, басты драйверлер қаржы құралдарының жаңа кластарының пайда болуы болды.

Бұл үрдіс жалғасын табуда. Осы­лайша, 2016 жылы KASE жеңіл­­детілген сызба бойынша ком­мер­циялық облигациялар шығару ар­­қылы тұрақты эмитенттермен шұғыл түрде қысқа мерзімді қар­жы тартуы­на жағдай жасады. Коммерциялық об­лигация­лар тарихының бұл ең бастауы, алайда жүзеге асырылған орналас­тырулар 10 шығарылымға жетті: «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ, «СевКазЭнерго» АҚ, «Исткомтранс» ЖШС, «Азық-түліктік келісімшарт корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ, «МРЭК» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «Альфа-Банк» Еншілес Банкі АҚ. Барлығы листинг процедурасынан 15 коммерциялық облигация өтті.

Қазақстандықтардың көпшілігі биржада тек валюта саудаланады деген ойда. Мүмкін бұл тұрғындардың назарындағы валюта туралы жаңа­лық­тармен байланысты болар. Шын мәнінде, мәмілелердің ең үл­кен көлемі репо операциялары нары­ғының үлесінде, ол екінші дең­гей­дегі банктер үшін ең танымал. Осы­лайша, осы жылдың 11 айын­да ақша нарығының жалпы көлемдегі үлесі 101,5 трлн теңгеге немесе 85,8% жетті, ал шетелдік валюталар нары­ғы­ның үлесі бар-жоғы 10,5 %.

KASE нарығының әрбір сегмен­ті дамып келе жатыр. Алайда барлы­ғын бірдей жетілдіру мүмкін емес, оған объективті себептер бар. KASE нарығының ең аз талап етілген сег­менті деривативтер нарығы болып табылады. Әлемдік практикада бұл ең өтімді құралдар болса, біз Қазақ­станда бұл олай емес деп мәлімдеуге мәжбүрміз.

– KASE үшін заманауи талап деп нені айта аласыз, жаңа қаржылық дағдарыстың жаршысы деп аталған, жуырда орын алған рекордтық күрт құлдырау туралы әлемдік биржалардан келі­п жатқан хабарлар сізді алаң­датпай ма? 

– Қазақстандық KASE акция­лары­ның индексі жағымды динамиканы көрсетуде: дүниежүзі қор индекстерінің тез өсіп келе жатқан индекстерінің үштігіне екі рет кіріп отыр. 2016 жылы +58% болса, 2017 жылы +59% болды. Жылдың басынан бастап KASE акциялары индексінің өсімі 4%-ды құрады.

Ағымдағы 2018 жылдың алдың­ғы жылдармен салыстырғанда айырмашылығы бар: индекстердің өсімі көзге түсетіндей емес. Инвес­торлар тәуекелі жоқ активтерді таңдай­ды, мысалы, АҚШ мемлекет­тік облигациялары. Олар бойынша кіріс 2014 жылдан бері максимумдарда: АҚШ-тың 10-жыл­дық мемлекеттік облигациялары бойынша – 3% аса. Кірістің өсуі АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің монетарлық саясатының күшеюі тұсында орын алды. Компаниялардың акциялары екі жылдан кейін қымбат тұратынын, ал тәуекелсіз құралдар бойынша мөлшерлемелердің өсуін ескерсек, инвесторлардың басым бөлігі тәуекелсіз активтерді таңдап кетуді жөн көреді. Біздің ойымызша, ФРЖ экономиканың құлдырауы жағдайында монетарлық саясатты бәсеңсітеді, бұл қор индекстеріне оның ықпалы шектеледі.

Әлемдік нарықтар үшін бүгінгі таң­дағы ең зор тәуекел дүние­жүзінің ең ірі экономикалары болып табылатын АҚШ пен Қытай­дың арасындағы сауда сайысынан төнеді. Бірақ, менің ойымша, бұл шиеленістің эскалациясы, қор алаң­дарының құлауына әкеп соқ­тыра­тындай, 2008 жылдың қар­жылық дағдарысына ұқсас, дағ­дарыстық деңгейге жеткізбейді.

– Өз мерейтойын биржа қан­дай көрсеткіштермен қарсы алып жатыр?

– Біз үшін ең маңызды көрсет­кіш­тер капитализация, сауда-сат­тықтың көлемдері, биржа мүшелерінің саны және инвесторлардың белсенді шоттары болып табылады. Аталған көрсеткіштердің барлығы едәуір жақсарғанын қуана растаймыз. 2017 жылы биржа тарихындағы сауда-саттықтың жиынтық көлемінің рекордтық көрсеткіші тіркелді – 151,5 трлн теңге, акциялар нары­ғының капиталдандыру да тарихи максималды мәніне жетті.

Мерейтойлық жылдың қорытын­дыларын жуырда шығарамыз, ал әзірше 2018 жылы KASE индексінің онжылдық максимумға жеткенін атап өтсек болады. Бұл өте маңыз­ды, себебі KASE индексі – қор нары­ғында қызықты әрі өтімді құрал­дар бар екендігін дәлелдейтін, еліміздің бейнесі десе болады.

Бір жылда листингілік компа­ния­лардың саны да өсті. Қараша айының соңында биржаның сауда-саттық тізімдерінде 111 эмитент шығарған, 128 атаудағы акция­лар, сондай-ақ 61 эмитенттің кор­пора­тивтік облигацияларының 244 шы­ғарылымы болды. KASE мүше­лерінің тізімінде үш санат бойынша 52 кәсіби қатысушы бар.

Инвесторлардың саны да ұлға­йып келе жатыр. Үстіміздегі жыл­дың 1 желтоқсанындағы жағдай бойын­ша Орталық депозитарийде жеке тұлғалардың атынан ашыл­ған 116 264 жеке есеп-шоттар тір­келген, бұл жылдың басындағыдан 7 019 шотқа артық. KASE – ком­мер­циялық ұйым, сондықтан қар­жылық көрсет­кіш­тер­ді де атап өткен жөн болар. Сау­да-саттық көлемдерінің өсуі­мен қатар біздің кірістеріміз де өсуде. Өткен жылы біз тарихи максимумға жет­тік: 2017 жылдың нәтижесі бо­йын­ша биржаның операциялық кірі­сі 2,5 млрд теңге, ал таза пайдасы 792,8 млн теңгені құрады. Салыс­тыратын болсақ: 2005 жылы осы көрсеткіштер тиісінше 515,5 млн теңге және 232,7 млн теңге болған.

– Сіздің пікіріңіз бойын­ша 25 жылда еліміздің экономикасы­ның дамуында KASE қандай рөл атқарды?

– Қазіргі экономиканы қор нары­ғысыз және оның өзекті құрылымы – биржасыз көзге елестету қиын. Осы тұрғыдан KASE қаржы жүйесінде өз орнын иеленді. Сынақтар мен дағдарыстарды еңсере отырып, биржа еліміздің экономикасының ажырамас бөлігі болып қалыптасып, бизнесті қорға айналдырудың, оның капиталға айналуын арттырудың, бизнес-мақсаттарды шешудің аль­тернативті мүмкіндіктерін көрсетті.

Биржаның Қазақстандағы ат­қаратын рөлі өте жоғары, себебі біз бірнеше нарықтарға қызмет көр­се­теміз. Біз тек қор биржасы ғана емеспіз – KASE барлық контра­гент­тердің кездесуіне ең ыңғайлы орны­на айналды. Бізде валюта да, кең ауқымды ақша нарығы да, акция­лар да, облигациялар да саудаланып, барлық нарықтар бір-бірімен байла­ныс­тырылған. Бұл кездесу орнының айқын инфрақұрылымын құрдық.

KASE өз акционерлерінің, қаржы ұйымдарының биржасы ғана емес болып шықты. Ол барлық адамдарға арналған биржа болып келе жатыр. Біз барлық эмитенттер үшін де, барлық кластағы инвесторлар үшін де сауда-саттық алаңдарына рұқсаттаманы максималды кеңейтіп, жеңілдетеміз. Алайда, хеджерлеу нарығында ауқымды жұмыстар атқару қажет. Ол нарық бізде бар, бірақ басқаларына қарағанда әлі көп танымал емес. Біз бұл нарықты барлық қатысушылар үшін пайдалы етуіміз керек.

Шетелдік инвесторлар Қазақ­станды инвестициялар үшін тартымды мемлекет ретінде қарас­ты­ра­тынын KASE әбден түсінеді, алай­да осындай инвестициялармен бай­ланысты барлық тәуекелдерге де байыпты қараймыз. Осыған бай­ланысты KASE Қазақстанда шетелдік және жергілікті инвесторларға ұсынуға болатындай жобаларды ұсыну­ға мүдделі. Биржаның баға­лауы бо­йынша ірі және айқын жобалар болған жағдайда, Қазақстан­ға капиталдың ағылуы елеулі болуы мүмкін. Өз тарапынан Биржа әлеуетті эмитенттермен және ин­вес­торлармен диалог ұйымдас­тыру, жетілген шетелдік инвесторлар­­­дың талаптарына сай келетін, ең үз­дік әлемдік тәжірибелер бойынша ақпараттар ашуға көмек көрсету бойынша өз қызметін ұсынуға әзір. Сондай-ақ Биржа, Бағалы қа­ғаз­дар жөніндегі халықаралық ұй­ы­мының нұсқауы бойынша, өзі­нің сауда-саттық алаңдарында жасал­ған мәмілелер бойынша есеп айы­рысуларды ұсынады. Осы үшін Clearstream және Мәскеу биржасымен келісімдер жасалды.

Біз, нарықтың талаптарын алдын алу және бәсекеге қабілет­тілігі­міздің деңгейін төмендетпей әрі қарай қор нарығын дамытамыз, бизнеспен және тұрғындармен жұмысымызды жалғастырамыз, басып озу бойынша қызмет етеміз. Сон­дықтан өз бизнесіміздің көк­жиегін әрі қарай кеңейтіп, қаржы құ­рал­дарының тізбегін өсіріп, ин­ф­ра­құрылымды дамытамыз.

Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз