Кәріздегі жанып жатқан судың видеосы қостанайлықтарды шошытты
Қостанайдағы кәріздердің бірінде судың жанып жатқан видеосы тарап кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Тұрғындар суға мұнай өнімдері түсіп кетті деген пікірде. Қазір халық жарылыс болып, өрт шығуы мүмкін деп қорқып отыр.
«Кәрізден мұнай қалдықтарының элементтері табылды, бұл туралы бірден экология департаментіне хабарланды», — дейді «Айкөмек» ахуал орталығының басшысы Алишер Батырбеков.
Видеода белгісіз адамдар кәрізден суды шығарып жатыр. Судың жерге төгілген тамшылары тұтанып, бірден өрт пайда болуда. Видео желідегілерді шошытты. Қостанайдағы кәріздерді мұнай өндіру үшін пайдаланып жатыр деген ақпарат тарап кетті.
Экология басқармасы лаборатория қызметкерлері шақыртылып, сынама алынғанын айтты. Нәтижелер тек бес күннен кейін белгілі болады.
«Қазіргі таңда кәріздегі судың құрамында шынымен мұнай өнімдері бар ма, жоқ па тексеріліп жатыр. Барлығымыз ол видеоны көрдік. Және мұнай өнімдерінің де бар екенін байқадық. Қала тұрғындары сол кәрізге жақын маңда мұнай өнімдерін өңдейтін зауыттың бар екенін біледі. Кәсіпорын да бұл мәселені зерттеуге атсалыспақ», — дейді экология басқармасының басшысы Заида Бисахалова.