Каримова кешірім сұрап, 686 млн доллар ақшасын дауламауға уәде етті

0
65

Өзбекстан экс-президенті Ислам Каримовтың қызы, түрмеде жазасын өтеп жатқан Гүлнара Каримова Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтан өзіне кешірім беруді сұрады. Ол денсаулығы нашарлағанын айтып, шетелдік шоттардағы 686 млн доллар қаржысын мемлекетке өткізуге уәде етті.

Каримованың президент пен халыққа бағыттаған үндеуін қызы Иман Каримова өзінің Instagram сторисінде жариялады.

Каримова «Менен осы күнге дейін алынған Өзбекстан аумағындағы 1,2 млрд доллар көлеміндегі қаражат ендігі маған тиесілі емесін, қаржының республика бюжетіне қосылғанын айтқым келеді. Бұған жергілікті тергеу деректері дәлел» деп жазады.

Ол шетелдегі шоттарында да қаржысы бар екенін айтып, ақшасын сотта дауламауға уәде берді. «Адвокаттарым $131 000 000 және $555 000 000 қаржыны қайтару туралы сотқа түсірген шағымды қайтарып алды» деп жазады Каримова.

«Қазір денсаулық жағдайым алаңдатады. Екі операция жасату қажет боп тұрғандықтан президентке өтініш айтуға мәжбүрмін» дейді ол.

Экс-президент қызының швейцариялық адвокаты Грегуар Манже Каримованың денсаулығы нашарлап кеткенін, оған тиісті ем-дом көрсетілмей жатқанын айтады.

Өзбекстан билігі Гүлнара Каримованың үстінен екі қылмыстық іс қозғаған. Тергеушілер мемлекетке келген зиян мөлшерін екі миллиард доллар деп бағалаған.

2015 жылы тамызда Ташкент соты Гүлнара Каримованы салықтан жалтару, ақша жымқыру және бопсалау қылмыстарына айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеген. Кейін оның үстінен қаржы алаяқтығын жасаған, шетел валютасын жасырған, кеден заңын бұзған және қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырған деген айыптар бойынша тағы бір іс қозғаған.

2017 жылы желтоқсанда Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. 2018 жылы шілде айында сот Каримованың жазасын жеңілдетіп, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Сот үкіміне сәйкес, Гүлнара Каримова қызы Иманның үйінде өтеуі тиіс болған, оның үйден шығуына және интернет пен байланыс құралдарын пайдалануына тыйым салған.

2019 жылы наурыздың басында Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың сот шешімімен үйқамақтан түрмеге ауыстырылғанын хабарлаған. Биліктің мәлімдеуінше, үйқамақта отырған Гүлнара Каримова «жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзған»: бірнеше рет байланыс құралдарын пайдаланып, қызының үйінен рұқсатсыз шығып кеткен.

Бұған дейін мобильдік байланыс қызметін көрсететін үш ірі компания – Telia, Vimpelcom және МТС – Өзбекстанның телекоммуникация нарығына кіру үшін Гүлнара Каримоваға миллиондаған доллар пара беруге мәжбүр болғанын мойындаған. Бұл мәлімдемелерден кейін АҚШ билігі Гүлнара Каримоваға парақорлық және күдікті жолмен алынған 865 миллион доллар ақшаны заңдастыру айыптарын таққан еді.

Гүлнара Каримова – Өзбекстанды 27 жыл басқарып, 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болған Ислам Каримовтың үлкен қызы. Кезінде оны әкесінің орнын басуы ықтимал ықпалды адам деп санаған.



Azattyq