Каримов тұсында қашып кеткен банкир Өзбекстанға оралды
Өзбекстанда алғаш ашылған «Алп Жамол Банк» жеке банкінің иесі Мухиддин Асомутдинов Өзбекстанға оралған. Бұл туралы 16 қаңтарда Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады. Өзбек қызметінің редакциясына 15 қаңтарда туыстары мен серіктерінің 63 жастағы Мухиддин Асомутдиновты Ташкенттегі үйі алдында қарсы алып жатқаны туралы видео түскен.
Мухиддин Асомутдиновтың Ташкенттегі жақын танысы оның соңғы тоғыз жыл Қазақстанның Алматы мен Астана қалаларында тұрғанын айтады. «Мухиддин-ака туыстарымен Қазақстанда кәсіп ашып, өз бетінше тіршілік кешті. Оның Қазақстанда беделді туысы болды. Сол себептен ол ештеңеден қауіптенбеді» дейді банкирдің танысы.
Мухиддин Асомутдиновтың туысы экс-банкир қазір Ташкентте емделіп жатқанын айтады. «Ислам Каримов қайтыс болған соң Өзбекстандағы жағдай өзгерді. Бұдан соң Мухиддин-ака елге қайтқысы келіп жүрді» деді туысы экс-банкирдің Өзбекстанға биліктің рұқсатымен оралғанын айтты. Азаттықтың Өзбек қызметі Мухиддин Асомутдиновтің өзімен сөйлесе алмады.
2009 жылы желтоқсан айында сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Каримов Конституция күніне орай сөйлеген кезінде «Елде өте бай не өте кедей адамдар болмауы керек» деген. Осыдан кейін елде ірі кәсіпкерлер шетінен ұсталып, мүліктері тәркілене бастады.
2010 жылдың наурыз айында Өзбекстан Орталық банкі «Алп Жамол Банктің» лицензиясын тартып алды. Оның иесі Мухиддин Асомутдиновтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Осыдан кейін банкир елден қашып кеткен.
2011 жылы сот шешіміне сәйкес, банктің барлық мүлкі мен қаражаты мемлекет меншігіне өтті.
Өзбекстан орталық банкінің мәліметінше, «Алп Жамол Банк» қызметін тоқтататын кезде банк активі 67 миллион доллар болған және 100 мыңнан астам клиентке қызмет көрсеткен.
Дереккөз: Азаттық