Кәрім Мәсімов Қытай вице-президентімен кездесті

0

8 сәуірде Пекинде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов Қытай вице-президенті Ван Цишаньмен кездесті. Бұл туралы Қытайдың CCTV телеарнасына сілтеме жасап, Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

Екі тарап «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыру жолдарын талқылаған.

Ван Цишаньнің айтуынша, Қытай президенті Си Цзиньпин мен Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жұмыстарының арқасында екі тарап тығыз байланыс орнатып, «Бір белдеу – бір жол» жобасын бірге жүзеге асыруда жоғары жетістіктерге жетті.

Ван Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Қытай халқының досы» деді.

Қытай вице-президентінің пайымдауынша, екі елдің стратегиялық байланыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, екі халықтың дамуына септігін тигізеді.

Кәрім Мәсімов екі елді стратегиялық серіктес деп атады. Оның сөзінше, Қытаймен байланысты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі мақсаттарының бірі.

Мәсімовтің айтуынша, Қазақстан Қытаймен қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзуге асыруға дайын.

Деректі фильм: Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?

Azattyq