Кәрім Мәсімов «Билікті басып алу» бабы бойынша күдікке ілінді

0

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің үстінен «Билікті басып алу» бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалған.

Ол бұған дейін «мемлекетке опасыздық жасау» бабы бойынша күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалған еді.

«Осы істің шеңберінде билікті күшпен басып алуға және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер фактілері бойынша қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен К.Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы А.Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Д. Ерғожин ұсталды» делінген ҰҚК-ның 13 қаңтар күнгі хабарламасында.

56 жастағы Кәрім Мәсімов – Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі. Назарбаев оны 2016 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп тағайындаған. Мұның алдында ол 2007-2012 және 2014-2016 жылдары екі рет премьер-министр қызметін атқарған.