Карантиндегі Алматыға кірмек болған тұрғындар қамауға алынды
Карантин режимін бұзған төрт адам ұсталды, олардың үшеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал біреуі шетелдік болып шықты
НҰР-СҰЛТАН, 24 наурыз – Sputnik. Алматының маңындағы блок-бекеттерді айналып өтпек болған тәртіп бұзушылар 5 тәулікке қамалды, деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазақстанның үш азаматы және бір шетелдік азамат қала маңындағы блок-бекеттерді айналып өтіп, карантиндегі Алматыға кіруге тырысқан. Оларды Ұлттық ұланның әскерилері ұстады.
«Ұсталғандардың арасында болған 20 жастағы Қырғызстан азаматының құжаты жоқ болып шықты. Сондай-ақ, Алматы облысының екі тұрғыны мен Түркістан қаласының 44 жастағы тұрғыны бар. Олардың бірі Ақсай өзені арқылы қалаға кіруге тырысса, қалғандары Покровка ауылының маңындағы өткізу пунктінде ұсталған», – деді Қарасай ауданының полиция басшысы Асхат Данияр.
Әкімшілік соттың шешімімен қазақстандық құқық бұзушылар 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал шетелдік қыз кім екені айқындалғанға дейін қабылдау орталығында болады.
Оқи отырыңыз: Коронавирус қаупі жоғары аймақтар картасы интернетте қайта пайда болды
Коронавирусқа байланысты 19 наурыздан бастап Қазақстанның екі қаласында – Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин енгізілді. Қалаға кіріп-шығу қашан қалпына келтірілетіні белгісіз.
16 наурыздан 15 сәуірге дейін бүкіл Қазақстан бойынша төтенше жағдай режимі жарияланды. 24 наурыздағы ақпарат бойынша елімізде 68 адам коронавирус жұқтырды.
sputniknews.kz