Карантин жастардың ортасына түсіп жатыр: Сөз байласқан жастар мүлдем үйленуден бас тартуда — Қазақстан жаңалықтары

0

Коронавирус пандемиясының таралауына байланысты Қазақстанда да төтенше жағдай жарияланып, той-домалақтар, көпшілік жиналатын шаралар мен мәдени қойылымдарды өткізуге қатаң тыйым салынды. Той десе қу басы домалайтын кейбір қазаққа бұл тыйым әсер етпей, думанды қуанышын жасап, айыппұл төлеп жатқандары да кездесті. Ал той ұйымдастырушылардың хәлі қалай? Осы жылдың көктеміне той алып қойған олар бұл қысылтаяңнан қалай шығады? Stan.kz тілшісі елімізге танымал той ұйымдастыру орталықтарының басшыларына хабарласып мән-жайды анықтап көрді.

шоуменШымкенттік танымал асаба Фархад Балқыбекұлы президент енгізген жарлықты халық орындауы керек дейді. 

«Президентіміз халық арасында індеттің тез таралуына жол бермеу мақсатында заң қабылдаса, біз басшы айтқан міндетті орындауымыз керек. Өйткені, бұл халықтың қамы үшін жасалып жатқан дүние. Бір ғана тойдың әсерінен бүкіл халықтың арасына ауру таратуды қаламаймыз. Президентіміз дәл осы жағдайды дұрыс деп тапса, біз оны қолдауымыз керек», — деген азулы асаба той иелері мұндай өзгерісті түсіністікпен қабылдағанын жеткізді.

«Той иелеріне хабарласып, жағдайды түсіндіргенде барлығы дұрыс қабылдап жатыр. Салтанатты шараларын 2-3 айға шегеріп ауыстырды. Бір Қазақстан емес, бүкіл әлемде болып жатқан жағдай осы», — деген Фархад Балқыбекұлы той ұйымдастырушы ретінде заңға бағынбай той жасап жатқандарды кездестірмегенін, тек желіде бір-екі тойды көзі шалып қалғанын жасырмады. 

«Елімізде осындай қиын жағдай болып тұрғанда бір тойды кейінге шегерудің еш қиындығы жоқ. Мүмкіндік болғанша сақтық шараларын ұстанып, осы қиындықты бастан өткеріп алайық. Әр қиындықтың артында жақсылық тұратынын ұмытпайық», — дейді Фархад Балқыбекұлы. 

шоумен

Еліміздегі элиталы тойларды басқарып, «қымбат асаба» атанған Руслан Ысқақов карантиннің кесірін көріп отырғанын жасырмады.

«Төтенше жағдайға қатысты еліміздегі тойлардың басым бөлігі кейінге шегерілді. Мысалы, наурыз-сәуір айына жоспарланған тойлар тамыз-қыркүйек айларына ауысты. Ал той иелерінің 20-30%-ы мүлде той жасамаймыз деген шешім қабылдады. Өйткені жоспарланып қойған той болмай қалған соң, екі жақ құдалар келісе алмай қалды. Кейбірінде тойханалары кейінге шегерілген соң ол күндері бос болмай, той иелерінің көңіл-күй түсіп кетті. Той жасаймыз ба, жасамаймыз ба деген қорқыныштан бізден ақшаларын қайтаруды талап етіп жатыр. Осы жағынан біз үшін өте қиын. Ақшаларын алғаннан кейін біз оны айналымға жібереміз, бір бөлігін әншілерге үлестіреміз. Әншілердің де айналымға салатындары бар. Осындай жайттардан ақшаны қайтаруда бізде қиыншылықтар болып жатыр. Оны жасырмаймыз. Шамамен менің компаниям 15-20 миллион теңгеге шығынға батты», — дейді той-бизнесінде жүрген асаба.

«Алдағы уақытта не боларын халық білмей отыр. Карантин тоқтағанның өзінде есеңгіреген халықтың біраз уақытқа дейін есін жиып алуы қиын болады. Тіпті, той жасай ма — жасамай ма ол да белгісіз. Қазір халық шошып қорқып отыр. 20-30 адамның басын құрап, той жасаудың өзі қиын болып тұр. Қазіргі жағдай қарапайым халықты былай қойғанда әншілер үшін де қиын. Шығармашылықтары тоқтап тұр. Ән жазуға, оған сөз жазуға қазір ешкімнің зауқы жоқ. Жақсы күндерді күтуде», — дейді танымал асаба Рулан Ысқақов.

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

stan.kz