«Карантин оңай тиіп жатқан жоқ»: Отандық жұлдыздар карантин кезінде қайтіп күн көріп жатыр? — Қазақстан жаңалықтары
Елімізде төтенше жағдай мерзімі тоқтағанымен, карантин режимі созылуда. Тойға тыйым салынды, концерттер кейінге қалды. Бұл кезең әсіресе әншілер қауымын қатты алаңдатып отыр. Ал, осы уақытқа дейін салтанатты кештер мен мерекелік жиындарда жарқырап жүретін жұлдыздардың қазіргі жағдайы қалай? Табыстан қағылған танымалдардың жинаған қоры қай уақытқа дейін жетеді? Stan.kz тілшісі отандық шоу-бизнес өкілдері арасында арнайы сауалнама жүргізіп көрген еді.
Арман Дүйсенов, әнші, композитор:
Әртіс деген атымыз болмаса, біздер де қоғамның қарапайым бір бөлшегіміз, демек қалған жандардан ешқандай айырмашылығымыз жоқ. Біздер де тамақ ішуіміз керек, біздерге де әртүрлі күнделікті тұрмыстағы тыныс-тіршілігіміз үшін қажетті сабын, тіс пастасы, кір жуатын ұнтақ тағы басқа заттар керек. Ал енді жасыратыны жоқ, той – табысымыздың негізгі көзі болғандықтан карантиннің созылуы бізге де оңай тиіп жатқан жоқ.
Әли Оқапов, әнші:
Карантин мерзімінің ұзарғанын ауыр қабылдадық, әрине! Ең бірінші сол концерттер мен тойларға тыйым салынды және аталған шараларға ең соңғы болып рұқсат беріледі. Оның үстіне қаңтар мен ақпан айы әншілер үшін «мертвый сезон» деп аталады. Өкінішке орай, біздің карантин төрт-бес айға созылып кетті. Сөздің шыны керек, қазіргі заманда осыншама уақыт жұмыссыз отыру өте қиын. Карантин созылса, бірнеше ай ғана қазіргідей өмір сүре алатын шығармын!
Ербол Шәріпов, «Азия» тобының әншісі:
Амал жоқ! Биліктің режиміне қарсы келе алмаймыз. Бірақ расында да көп адамның қал-ауқатына кері әсерін тигізуде. Бізге де өзінің кері әсерін тигізуде. Оның ішінде шоу-индустрияға өте орасан зор ауыр соққы. Сондықтан бізге де өте ауыр тиюде! Мен өзімді қор жинайтын азаматтардың санатына қоспаймын. Бізге сол басымызда үйіміз, астымызда тұлпарымыз бар болса жеткілікті. Сал-серілер секілді жүре береміз. Сондықтан қорым жоқ. Қорым бар деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Бірақ бизнеске бет бұру керектігін осы карантинде түсіндім!
Айдар Тұрғамбек, «Жігіттер» тобының әншісі:
«Осы карантин мені көп нәрсеге үйретті, көп нәрсеге көзім ашылды. Көп нәрсеге үнеммен қарайтын болдым және тек қана бір жұмыс емес, бес-алты жұмыстың керектігіне көзім жетті. Мына табыс жеміс бермей қалса, келесі табыспен кете беретіндей. Карантиннен соң бизнесті бастауды қолға аламын. Кез-келген адамның жинаған қоры болу керек. Бұл өмір болғаннан кейін нешетүрлі жағдайлар болады. Бүкіл халыққа айтарым: «Адамның кем дегенде депозиті, өзінің жинаған қоры жату керек. Әр табысының 10 немесе 20 пайызын жинай беру керек және көбейтудің амалын жасау керек!
Сейфуллин Жолбарыс, әнші, композитор:
Әрине, бәріміздің де жұмыс істегіміз келіп отыр. Карантиннің созылғанына көңіліміз түсіп отыр. Карантин созыла берсе, қанша қор жинасаң да жетпейді ғой, шыны керек. Бірақ сол карантиннің біткенін, жұмыстың басталуына үміттеміз!
stan.kz