Карантин баспана бағасына қалай әсер етті?
Доллар бағамының өзгеруіне байланысты баспана сататындардың 70 проценті бағаны 10-15 процентке көтеріп қойған
НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik, Арман Асқар. Карантин басталған кезде тұрғын үй нарығында сұраныс төмендеді. Ал шектеу шараларын ұзартқаннан кейін ол көрсеткіш мүлдем түсіп кетті. Сол кезде баспананың бағасы арзандайды деген болжам айтылды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар жылжымайтын мүлік нарығы қалай құбылатынын айтып берді.
Баға 10-15 процентке көтеріледі
Құрылысшылар доллар бағамы өзгергендіктен сырттан келетін материалдар қымбатқа түсетінін айтып отыр. Бүгінде ұлттық валютамыз біршама күшейсе де, жылжымайтын мүлік нарығындағы баға көп өзгермеді. Қазақстан және Орталық Азия құрылысшылары одағының басшысы Жалғас Алмановтың айтуынша, құрылыс саласында өңдеу материалдарының 30 проценті шетелден жеткізіледі. Дәл осы тауарлардың бағасы көтерілді. Себебі оны доллармен сатып алады. Ал құрылыс материалдарының қымбаттауы баспананың бағасына әсер етеді.
«Дегенмен, баға көп өспейді. Себебі бюджеттен үйлерді салуға көп ақша бөлініп жатыр. Карантинге дейінгі жоспарлар бар. Үкімет соны орындауы тиіс. Алайда өңдеу материалдарының сырттан келетінін ескерсек, баға біршама өзгереді. Баспананың бағасы 10-15 процентке көтеріледі. Сосын доллар тағы өсетін шығар», — дейді Алманов.
Маманның ойынша, қазіргі кезде баспанаға сұраныс бар. Себебі адамдар жылжымайтын мүліктің тұрақты капитал екенін жақсы біледі.
«Пәтердің бағасы түспейді. Адамдар жылжымайтын мүлікке ақша салуға болатынын біледі. Сондықтан сұраныс болады. Қазір көбісі ақшаны жылжымайтын мүлікке салуда. Мысалы, менің таныстарымның көбісі бар ақшасына пәтер алып жатыр», — деп атап көрсетті Алманов.
Қазіргі сұраныс – уақытша үрдіс
Қазақстан риэлторлары қауымдастығының вице-президенті Елена Грива қазіргі сұраныстың неге күрт артқанын түсіндірді. Оның айтуынша, карантинге дейін адамдар баспана алуды жоспарлады. Алайда артынан шектеу шараларына байланысты осы жоспарды кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Қазіргі кезде дәл осы топтағы тұтынушылар баспананы алуға кірісті.
Оқи отырыңыз: Досаев төтенше жағдай кезінде ұлттық қордағы ақша көбейгенін мәлімдеді
«11 мамырда төтенше жағдай аяқталды. Содан бері баспана сатып алатын адамдардың саны күрт өсті. Олардың басым бөлігі – сол карантинге дейін үй алуды жоспарлаған адамдар. Енді қараңыз, осы санаттағы тұтынушылар өз баспанасын сатып алғасын сұраныс күрт төмендейді. Олардан кейін карантин кезінде жоспар құрғандар келеді. Бірақ ондай тұтынушылар көп емес», — дейді Елена Грива.
Сарапшының сөзіне қарағанда, карантин кезінде үйді кеңейтуге шешім қабылдаған, бірақ артынан жеке үйге көшемін деп шыққандар аз емес. Осылайша, карантин халықтың таңдауын өзгертті.
Қазіргі бағадан төмен болады
«Қазіргі кезде доллар бағамының өзгеруіне байланысты баспана сататындардың 70 проценті бағаны 10-15 процентке көтеріп қойды. Доллардың құны төмендесе де, сол бағаны ұстап отыр. Бірақ саудаласуға дайынбыз дейді. Ал бағаны сол күйінде сақтап қалғандардың саудасы қызып тұр. Себебі халық салыстырмалы түрде бағаның айырмашылығын көріп тұр», — дейді Елена Грива.
Оның ойынша, бара-бара баспанаға деген сұраныс төмендейді. Себебі карантин кезінде халықтың табысы азайды. Азық-түліктің бағасы көтерілді. Жұмыссыз қалған адамдар аз емес. Бұның барлығы жылжымайтын мүлік нарығына да кері әсерін тигізеді. Өйткені халықтың сатып алу қабілеті күрт төмендеді.
«Сондықтан кейбір сатушылар бағаны түсіруге мәжбүр болады. Ал асықпай сататындар баспана бағасын ұстап отырады. Ондай адамдар көп. Сол себепті жылжымайтын мүліктің құны күрт түседі деп айту қиын. Дегенмен сол кезде бағалар қазіргі бағадан төмен болады», — деп топшылады Елена Грива.
«5-10-20» бағдарламасы сұранысты арттыра ала ма?
Сарапшылардың айтуынша, жаңа тұрғын үй бағдарламасы жылжымайтын мүлік нарығына қатты әсер етпейді. Себебі оған қатысатын адамдардың саны шектеулі.
«Бағдарламаға тек әкімдік кезегінде тұрған адамдар ғана қатысады. Сосын шекті сома белгіленеді. Мысалы, Алматы мен Нұр-Сұлтанда 18 миллионнан артық бермейді дейді. Ал одан үлкен пәтер алғысы келетіндер не істейді? Сондықтан жаңа бағдарлама тек белгілі бір секторға ғана серпін береді, шағын пәтерлердің құрылысы артады. Сосын халық қалтасына да қарайды ғой», — дейді Елена Грива.
Халықтың табысы азайғаннан кейін эконом және комфорт класқа жататын тұрғын үйлерге сұраныс көп өзгермейді. Бірақ бизнес және элит баспананы сатып алу көрсеткіші төмендейді. Пәтер алатын адамдар қашықтан жұмыс істеуге ыңғайлы орын жасақтауға тырысады.
«Көпқабатты үйлердегі террасалар, балкондар мен лоджияларға деген көзқарас өзгереді. Адамдар сол жерде ыңғайлы жұмыс орнын жасақтауға тырысады. Себебі каранин кезінде көбісі осы тәсілдің тиімділігін түсінді. Алайда коронавирустың екінші толқыны болса, сосын мұнай бағасы тағы құлдыраса, жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай да өзгереді», — деді мамандар.
sputniknews.kz