Полиция Вашингтондағы тәртіпсіздіктен бесінші адамның қайтыс болғанын растады

0

Капитолий полициясы 6 қаңтарда Вашингтондағы тәртіпсіздік кезінде бір қызметкерінің қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұл Конгресс ғимаратына басып кіру кезінде қайтыс болған бесінші адам.

Мекеме таратқан хабарға қарағанда, Капитолий полицейі Брайан Сикник қақтығыс кезінде алған жарақатынан қайтыс болды. Ол кеңсесіне оралған кезде, есінен танып қалған. Жергілікті ауруханада жан тәсілім еткен.

Офицердің өлімін астана полиция департаменті, Капитолий полициясы мен федералды мекеме тергейтін болады.

CNN телеканалы осының алдында полиция өкілі қайтыс болды деп хабарлаған. Бірақ Капитолий полициясы бұл ақпаратты теріске шығарған.

Бір күн бұрын полиция наразылық кезінде төрт адамның қайтыс болғанын мәлімдеген.

Bloomberg мәліметінше, тәртіпсіздіктен кейін билік 50 адамға айып тақты. Негізінен ғимаратқа басып кіргендерді айыптаған.

Конгресс ғимаратына шабуылдан кейін Капитолий полициясының басшысы Стивен Сунд отставкаға кетті.