Канеломен үшінші айқас: Головкин Лос-Анджелесте не деді

0

Біз үшінші кездесуді шынымен де қызық етуге, бәсекелі етуге бар күшімізді саламыз.

Қазақстандық боксшы, бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) Лос-Анджелесте өзінің жаңа телесеріктесі DAZN ұйымдастырған баспасөз жиынына қатысып, сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Sports.kz.

— DAZN-ге ауысу сен үшін дұрыс қадам ба? Неге?

— Менде уақыт жеткілікті болды, бәрін әбден ойластыруға. Өйткені мен еркін агент едім. Менің идеяларымды жылжытуға, бокстың жаңа деңгейіне шығуға дәл осы DAZN мүмкіндік береді деп ойлаймын. Болашақта DAZN барлық боксшылардың үйі болатын шығар.

—DAZN-мен арадағы келісімшарт аясында алты жекпе-жек бар екен. Енді алты жекпе-жек өткізгеннен кейін карьераңды аяқтайсың ба?

— Сол барлық алты кездесуді өткізе алсам екен деп үміттенемін. Менің денсаулығым тамаша. Осындай компания тұрғанда бокста әлі де бола бергім келеді. Алты кездесуден кейін көрерміз оны. Бұл әзірге біздің алғашқы қадамымыз ғой.

— Чемпион болдың, талай рет белбеу қорғадың. Енді жаңа тарау бастала ма? Ендігі карьераңнан не күтесің?

— Менің мол тәжірибем бар. Бокстан кетіп жатсам да тәжірибелеріммен бөлісіп, жастарға көмектесемін. DAZN-ның арқасында біз көптеген қызық кездесулер ұйымдастыра аламыз.

—»Канеломен» үшінші кездесу өткізу сен үшін қаншалықты маңызды? DAZN-ге сол үшін ауыстың ба?

— Әрине, бұл мен үшін өте маңызды. Біз қазір неғұрлым қызықты, ірі жекпе-жектерге ұмтыламыз.

— 4 мамырда кім жеңеді — «Канело» ма Джейкобс пе?

— Кім жеңетіні туралы ойланбаппын, екеуі де мықты спортшы, екеуі де қазір бабында. Кім жеңетінін болжай алмаймын.

— Супер орта салмаққа ауысу DAZN-мен арадағы келісімшартта бар ма?

— Мен DAZN-ге неге келдім? Ең үздік босшылармен жұдырықтасып, ең қызық жекпе-жектер өткізу үшін. Басқа салмақтарда қызық жекпе-жектер болып жатса, басқа салмақтарға ауысамыз.

— «Канеломен» болған рематчтан қандай сабақ алдың, оның үстіне күзде онымен тағы кездесуің мүмкін ғой?

— Қандай сабақ алғанымды айту қиын. Әрине, екеуміз де сол жекпе-жектерден үлкен тәжірибе алдық. Біз үшінші кездесуді шынымен де қызық етуге, бәсекелі етуге бар күшімізді саламыз.

— Сенің Хайме Мунгияға қарсы жекпе-жегің туралы сөз көп. Мексикалықтар күтіп отыр, ал сені бұл жекпе-жекті қаламайды дейді?

— Мен ешқашан жекпе-жектерден қашқан емеспін. Мен ашықпын кімге болса да. Мықтылармен бокстасуға әрдайым дайынмын. Бұл кездесуді қарастырып отырмыз. Егер ол мексикалықтарға, бокс әлемі үшін қызықты болса – ол жекпе-жек міндетті түрде өтеді.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz