Кандидаттар теледебаты басталды

0

29 мамыр кешкі 18.00-де «Хабар» арнасында тікелей эфирде кандидаттар дебаты басталды. Теледебатқа Қазақстан президенті, «Нұр Отан» партиясы ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Ақ жол» партиясының кандидаты Дания Еспаева келген жоқ.

Дебатқа Жамбыл Ахметбеков, Әміржан Қосанов, Төлеутай Рахымбеков, Амангелді Таспихов, Сәді-Бек Түгел, Тоқаевтың сенімді өкілі Мәулен Әшімбаева, Еспаеваны ұсынған «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев қатысып жатыр.

Дебат үш кезеңнен тұрады. Бірінші раундта кандидаттар сайлау бағдарламасын таныстырып, бір-біріне сұрақ қояды. Екінші раундта кандидаттар жүргізушілердің сұрағына жауап береді. Үшінші кезеңде сайлаушылар кандидаттарға сауал қояды.

Бұл — Қазақстанда президент сайлауы қарсаңында ұйымдастырылған екінші теледебат. 2005 жылы желтоқсандағы президент сайлауы қарсаңында президенттікке кандидаттар – «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов, «Әділетті Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай, «Табиғат» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов, мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов арасында теледебат өткен. Сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев теледебатқа қатысуды қажет деп санамаған.

Биыл Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков — «Қазақстан комунистік халық партиясы»,
  • Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы,
  • Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков — «Ауыл» партиясы,
  • Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев — «Нұр Отан» партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы.

Azattyq