Кандидаттар дебатына Еспаеваның атынан Азат Перуашев қатысады

0

Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына «Ақ жол» партиясы атынан түсетін кандидат Дания Еспаева 29 мамыр күні «Хабар» арнасында тікелей эфирде өтетін теледебатқа қатыспайды. Бұл туралы Еспаеваның сайлауалды штабына сілтеп, Tengrinews сайты хабарлады.

Штабтың айтуынша, Еспаеваның орнына дебатқа «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев қатысады. «Дания Еспаева кесте бойынша, өңірде болады. Кесте біз теледебат туралы білгенге дейін жасалып қойған еді. Ауытқып кете алмадық. Еспаева Павлодар облысында болады» дейді штаб өкілі.

Кандидаттар дебатына Қасым-Жомарт Тоқаев та қатыспайды. Оның орнына сайлауалды штабының жетекшісі Мәулен Әшімбаев қатысады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия экономикалық жоғарғы кеңесінің жиынына қатысып жатыр. Сондықтан оның атынан дебатқа сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев қатысады» деп мәлімдеді партияның баспасөз қызметі.

Теледебатқа Жамбыл Ахметбеков, Әміржан Қосанов, Төлеутай Рахымбеков, Амангелді Таспихов, Сәді-Бек Түгел қатысатындарын айтты. Inforumburo.kz сайтының хабарлауынша, «Ақ жол» партиясының кандидаты Дания Еспаева дебатқа қатыспайды. Оның орнына партия төрағасы Азат Перуашев қатысады.

29 мамыр күні кешкі 6-да мемлекеттік «Хабар» арнасында Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында теледебат тікелей эфирде өтеді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков — «Қазақстан комунистік халық партиясы»,
  • Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы,
  • Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков — «Ауыл» партиясы,
  • Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев — «Нұр Отан» партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы.

Azattyq