Канада соты Huawei басшысын кепілге босатты

0

Канада соты қытайлық Huawei компаниясының атқарушы директоры Мэн Ванчжоуды кепілге босатты. Қытай азаматы әрі Huawei компаниясының негізін қалаушының қызы Мэн Ванчжоуды Канада билігі АҚШ-тың сұрауы бойынша Ванкувер әуежайында желтоқсанның 1-і күні ұстаған.

АҚШ билігі Мэн Ванчжоу Вашингтонның Иранға салған сауда санкциясын бұзып, сауда-саттық жасамақшы болған деп күдіктенеді. Оған америкалық бірнеше мемлекеттік мекемені алдау мақсатында қитұрқылық жасаған деген айып тағылған. Reuters агенттігі АҚШ-қа экстрадицияланып, сот айыпты деп таныған жағдайда Мэн Ванчжоуға ұзақ мерзімді түрме жазасы тағайындалуы мүмкін деп хабарлайды.

Ванкувер соты Ванчжоудың 10 миллион доллар кепіл төлеп босатылғанын, оның тәулік бойы бақылауда болатынын және электрондық бақылау құрылғысын тағып жүретінін хабарлады.

Huawei басшысының ұсталуы АҚШ пен Қытай арасында онсыз да ширығып тұрған сауда-саттық дауын одан ары күшейте түсті. Бірер күн бұрын Қытай Сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Канада елшілерін шақыртып, Huawei басшысының ұсталуына қарсылығын білдірген.

АҚШ президенті Дональд Трамп Reuters агенттігіне Қытаймен қарым-қатынасты одан ары ушықтырмау үшін Мэн Ванчжоудың үстінен қозғалған іске араласуға дайын екенін мәлімдеді.

Мэн Ванчжоу Канадада өзіне тағылған айып бойынша кінәлі емесін, АҚШ-қа экстрадицияланған жағдайда сотта оны дәлелдейтінін мәлімдеген.

Huawei Ирандағы операцияларын «қолданыстағы заңдарға, АҚШ, Еуропа Одағы мен БҰҰ санкцияларына сай жүргізгенін» айтады.

Дереккөз: Азаттық