Калифорниялық құрттар, целлофансыз өмір. Экобелсенді отбасының лайфстайлы

0
220

Алматылық Михаил Беляков тура бір жыл бұрын экология тақырыбында инста-парақшасын жүргізе бастаған. Экологияға қатысты үлкен тақырыптарды қозғағандықтан ол отбасымен бірте-бірте қоршаған ортаға зиянсыз өмір сүруге көшті. Қaзір Михаилдың үйінде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын контейнерлер мен калифорниялық құрттар бар. Ол не үшін керек? Экологиялық өмір сүру біз ойлағандай қиын ба? Экобелсенді осы және өзге де сұрақтарға жауап берді. 

Кеңседен экобелсенділікке дейін

12 жыл бойы IT саласында жұмыс істедім. Түрлі жоба жасап, оны бағдарламалаумен айналысатынмын. Бір кезде жұмыстасым кеңеседегі макулатураны жинап, қабылдау бөлімшелеріне тапсыруды ұсынды. Басында бұл идея күлкілі боп көрінген. Бірақ бірнеше рет қалдықтарды жинап, тапсырғаннан кейін мұның қызығына кіріп кеттік. Макулатурадан бөлек, алюминий, шыны, қағаз, пластикті де сұрыптай бастадық. Тіпті, капрон колготка мен шұлықтарды да қабылдайтын компаниялар мен бөлімшелердің бар екенін білгенде таңғалдық.

эко белсенді
Михаил Беляков. Фото: Теодор Фрост

Ол кездері қабылдау бөлімшелерін тек OLX сияқты сайттардан іздейтінбіз. Қалдықты жинап, тапсырамын деушілер үшін негізі бұл ыңғайсыздау болатын. Игі іс бастап, экологияға қамқорлық танытқысы келетіндер бөлімшелерді іздеуден-ақ тез шаршап, қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Сондықтан біз қалдықтарды қабылдайтын бөлімшелер туралы ақпаратты жинақтайтын Ecocity мобильдік қосымшасын жасауды жөн көрдік. Ұжымда жоба бәріне ұнады, ол әрі өте пайдалы болып шықты.

Қолданушылардың санын арттырып, қосымшаны неғұрлым танымал ету үшін @ecoala деген инста-парақша ашып, оны экологиялық тақырыпта жүргізе бастадым. Парақша жақсы оқылды. Жарнамасыз-ақ 3500 адам жазылды. Пластиктің жан түршіктірер суреттері мен қоқыс туралы статистиканы көргенде адамдарды шын мәнінде экологиялық проблемалар алаңдататынын байқадым. Бірақ кейін жоба табыс әкелмегендіктен жабылып қалды. Бағдарламалауға қайта оралғым келмей, жұмыстан кеттім. Жоба жабылса да, қосымшаны әлі пайдалануға болады. Онда карта немесе тізім арқылы өзіңізге жақын қабылдау бөлімшесін оңай таба аласыз.

Целлофанға альтернатива

Бұдан кейін де экологиялық тақырып мені көп толғандыратын. Осылайша жұбайыммен @paketamnet парақшасын жүргізе бастадық. Контентте популизмге жол бермей, өзіміз сынап көрген экологиялық нәрселер мен амалдар жайында жазуды мақсат еттік. Ең алғашқы қадамды целлофан пакеттерден құтылудан бастадық. Жұбайым қолөнерге шебер, тоқып-тіге алады. Сондықтан қолданып жүрген целлофанға альтернативаны өзіміз іздеп, жасадық.

Экоактивист Михаил Беляков
Беляковтар отбасында целлофанды алмастырған қаптар. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Азық-түлікті жақсы сақтайтын, тасымалдауға ыңғайлы қап жасау үшін материалды жақсылап таңдау маңызды. Басында көкөніс пен жемістерге арналған торлы қапты фатиннен тіккенбіз. Бірақ ол әлсіз болып шықты. Сондықтан синтетикадан жасай бастадық. Міне, қолданып жүргенімізге бір жыл боп қалды, сапасы жақсы.

Экоактивист Михаил Беляков
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кейін көкөніс-жемістерге ғана емес, басқа да азық-түлікке арнап қап тігу ойға келді. Целлофаннан мүлдем бас тартуды мақсат еттік. Бірнеше амал мен материал түрін қарастыра келе, оған да балама таптық. Қазір печенье, кәмпит, нан, ірімшік, қант сияқты өнімдерді салуға болатын шағын қаптарды дайындаймыз. Оларды зығыр, синтетика, лавсан, капрон, плащ типті матадан жасаймыз. Қаптан бөлек бахилы мен зығырдан жасалған сөмкелер жасаймыз. Бәрін инстаграмнан көріп, сатып алуға болады.

Экоактивист Михаил Беляков
Зығырдан жасалған сөмкелер. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кейбірі бізге “Сіз пайдаланытын материалдар да экологияға зиян. Оның несі жақсы?” деп айтып жатады. Иә, синтетика сияқты материалдар табиғи емес, тез шірімейді. Бірақ біздің мақсат – өткінші сәт үшін пайланатын целлофан мен пластиктің қолданылуын азайту.

Экоактивист Михаил Беляков
Оксана Белякова жасаған экодорбалар. Коллаж: Baribar.kz

Үлкен компания емеспіз. Сондықтан тек өндіріспен айналысу тиімсіз. Онлайн-дүкендерден экологиялық тауарларды алып-сатамыз. Мысалы, бамбуктан жасалған щетка, бірнеше рет қолдануға болатын блокнот, бөтелке, болаттан жасалған түтікше сияқты қосымша тауарлар бар.

“Қазақстанда экология соңғы орында”

Инстаграм парақшасын ашқанымызға бір жыл болды. Әрине, осыған дейін IT комнпанияда жұмыс істегендіктен кәсіпкер ретінде тәжірибем жоқ. Бизнес-жопар, стратегия, бухгалтерия, логистика, маркетингтен білімім әзірше аз. Қазір уақытымның жартысынан көп бөлігі осыларды семинар-курстарда меңгеріп, оқуға кетеді. Себебі инстаграм парақшамды әлі де пайдалы контент пен экологиялық тауарға толтыруды көздеп отырмын.

“Бақаны суда қайнатсаң, ол судың бірте-бірте ысығанын байқамайды” дейді ғой. Біз де қазір дәл сол бақа сияқты нашарлап бара жатқан экологияға бейімделіп жатырмыз. Көбі қоқыстың қайда баратынын, оның қалай шіритінін, қандай зиян екенін ойламайтын сияқты. Әсіресе, пластик тым көп қолданылып жүр. Біз оның суда, қоршаған ортада, тіпті, біздің ағзада барын байқамаймыз. Иә, ғалымдар адам ағзасынан микропластикті тапқан. Бұл – экологияға немғұрайлы қарауымыздың нәтижесі. Оның үстіне, біздің қоғамда медицина мен полицияға, билікке сенімсіздік, үй-жайдан басқа да поблема жетеді. Экология соңғы орында. Сондықтан оның жанашырлары аз.

Экоактивистті не шабыттандырады?

Экология тақырыбы мен үшін маңызды. Сондықтан барынша оған кесір келтірмей өмір сүруге, басқаларға да олай өмір сүруге болатынын көрсеткім келеді. Әрине, тұрмыс қалдықтарын тапсыруға апарар жолда автобуста, метрода қоқыспен жүруге ұялатын едім. Бірақ уақыт өте келе керісінше айналадағыларға үлгі болғанымды түсіндім. Қасыма келіп, тапсыру бөлімшелері туралы толығырақ білгісі келетіндер аз емес еді. Қайта осы әрекетім тапсырамын деп, кейінге ысырып жүргендерге мотивация болып, естеріне салады.

Бір күні критикалық масса пайда болады деп сенемін. Әкімшілікте экология тақырыбы жиі қозғалғанымен нақты, нәтижелі жасалған істер аз. Мектепте экологиялық тақырыптарды қозғайтын пәндер мен факультативтер жоқ. Пропаганда шамалы. Наша мен алкогольдің зиянына пропаганда жақсы ойластырылған. Бірақ дәл сондай зиян тигізетін экологияның нашарлауына қатысты ештеңе жоқ. Мысалы, батарея, лампа сияқты қалдықтарды қоқысқа тастауға болмайды. Ондағы улы заттар шірігенде жерге сіңіп, жер асты суларына дейін жетуі мүмкін. Ауаға таралса да, үлкен зиян тиеді. Осының бәрін мектептен бастап меңгеру маңызды.

Екі жыл бұрын батареяны қоқысқа лақтыра беретінмін. Ал қазір оны жерден тапсам, міндетті түрде алып, арнайы бөлімшеге жіберемін. Балаларым да мұны әдетке айналдырды. Көшеде мұндай қауіпті қалдықтарды көрсе, үйге әкеліп, контейнерге салып қояды. Өзіңді өзгертсең, қоршаған ортаны да өзгертесің деп ойлаймын. Бұл – өмірлік тәжірибем.

“Органикалық қалдықты үйдегі құрттарға тастаймыз”

Біз қалдықтарды есік алдындағы контейнерлерге сұрыптап саламыз. Контейнер ретінде жеміс пен көкөніске арналған ыдыстарды пайдаланамыз. Олар толған кезде жиналған тұрмыстық қалдықты қабылдау бөлімшелеріне өткіземіз. Ал азық-түлік сияқты органикалық қалдықты үйдегі құрттарға тастаймыз. Құрттар – азық-түлік қалдықтарынан құтылудың тиімді әрі қызық амалдарының бірі.

Экоактивист Михаил Беляков
Михаил Беляков. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Өткен жылы тұрмыстық қалдықтан құтылу жолдарын іздеп отырып калифорниялық құрттар туралы мәлімет оқыдым. Олардың азық-түлікті жеп, таза қарашірікке айналдыратынын, оларды үйде ұстауға болатынын білдім. Сөйтіп қала сыртында тұратын экофермерден 5000 теңгеге бір қорап калифорниялық құрттарды сатып алғанмын.

Қазір азық-түліктің біразын құрттарға тастаймыз. Соңғы екі айда шамамен 12 келі азық-түлік қалдығын құрттарға тастадық. Есесіне олардан қалған биогумусты қарашірік ретінде қолдануға болады. 

Экоактивист Михаил Беляков
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Банан, алмұрт сияқты осындай қалдықты жинап, блендермен араластырып не шірітіп береміз. Құрттардың тісі болмағандықтан тамақты жұмсартып берген жөн.

Экоактивист Михаил Беляков
Калифорниялық құрттар. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Құрттар да күтімді қажет етеді. Оларды осындай контейнерлерде сақтауым қолайсыздау. Бірақ топырақты оттегіге қанғуы үшін қопарып, суарып тұрамын. Оларға жақсылап күтім жүргізсе, проблема болмайды. Шамадан тыс тамақ бермеген жөн. Цитрус, сүт өнімдерін де құртқа жегізуге болмайды. Әйтпесе, қышқылдығы жоғарылап, құрттар өліп кетуі мүмкін. Ал қышқылдығы жоғарылап кетсе, оларға бор немесе жұмыртқа қауызын ұсақтап беру керек.

Экоактивист Михаил Беляков
Калифорниялық құрттар. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұл жұмысымнан бөлек, экобелсенділер ұйымдастыратын сенбілік, дармаркаларға қатысамын, оларды өзім де ұйымдастырамын. Айналамдағы адамдарға үнемі экологияға қамқор болуға кеңес беремін. Мемлекет тарапы да мұндай шараларға аса назар аударып қараса, жақсы болар еді. Қалдықтарды бөлек тастайтын контейнерлерді апарып қоя салмай, халыққа алдын ала түсіндіру жұмыстырын жүргізіп, кейін бақылау орнатса, қоғам қоқысты бөлек тастауға бейімделеді деп ойлаймын.

Әрине, әсірелеп, фанатизммен өмір сүрмейміз. Целлофан, пластикті қолданбасқа амал жоқ кездер болады. Мұндай жағдайда мәселені ескеріп, келесіде одан шығу жолдарын қарастырамыз. Оны күнде ойлап, қиналатын болсақ, қызығушылығымыз төмендеп, шаршатып жіберуі мүмкін. Тез арықтататын диета сияқты ғой. Ашығып, салмақты бірден тастаған соң, кері қосып аласың, зорығып кетесің. Сондықтан экобелсенді болу үшін өзіне үлкен ауыртпалық салудың қажеті жоқ. Әр іске бірте-бірте кірісіп, қасыңдағы адамдарға таза өмір сүруге үгіттеп, экологияға пайдаңның тигенін сезіну керек.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz