«Калашников» автоматы қай елдерде шығарылады?

0
0

Әлемге әйгілі автомат үздік қару-жарақтардың қатарына кіреді. Оны 55 мемлекеттің әскері қолданған. Бұған дейін «Калашников» автоматы заңды лицензия негізінде 12 елде жасалып келді

Алайда бүгінде әлем бойынша тараған 100 миллион автоматтың тең жартысы лицензиясыз құрастырылған. Былайша айтқанда, бұның бәрі – контрафакт. Себебі патент жоқ, үкіметаралық келісім де жасалмаған.

Қазіргі кезде мерзімі өтіп кеткен лицензиямен «Калашников» автоматын шығарып жатқан мемлекеттер аз емес. Олардың ішінде НАТО-ға кіретін Болгария, Венгрия мен Румыния да бар. Ал Ресей Федарациясында жасалатын автоматтардың үлесі әлемдік нарықта тек 10 процентті ғана алып отыр. Лицензиясыз өнімнің салдарынан біраз кірістен де қағылды. Дегенмен, заңды өндірістің көлемі артып келеді.

Биыл шілденің басында Арменияда 7,62-миллиметрлік «Калашников» автоматының АК-103 үлгісін шығару жоспарланып отыр. Оған өндіруші зауыттың лицензиясы беріледі. Бас кезінде автоматтың құрамдас бөлшектері Ресейдің Ижевск механикалық зауытынан жеткізілетін болады. Артынан Еревандағы «Нейтрон» ғылыми-өндірістік бірлестігі толық циклді өзі қамтамасыз етпек.

Лицензияның мерзімі – 10 жыл. Соның негізінде жыл сайын 50 мың автомат жасалады деген жоспар бар. Армения АК-103 үлгісін жайдан-жай таңдап отырған жоқ. Осы автоматтың артықшылықтары көп. Мәселен, астына 40 миллиметрлік граната атқышты кигізуге болады. Бұдан бөлек, оптикалық және түнгі көздеуіштерді тіркеуге мүмкіндік бар. Ал тіке атылған оқ 350 метрге дейін ұшады.

Әзербайжанда АК-74М автоматтары 2011 жылдан бері шығарылады. Екі жақты келісім 2010 жылы рәсімделген болатын. Оның мерзімі – 10 жыл. Жыл сайын 12 мың автоматты құрастыру қарастырылған. Бірақ оны тек ұлттық әскер үшін ғана шығаруға болады.     

Коронавирус пандемиясына байланысты Үндістан мен Ресей бірлесіп шығаратын АК-203 автоматтарының бағасын келісе алмады. Алайда Корва қаласындағы бірлескен кәсіпорында 670-750 мың Калашников автоматын шығару жоспарланып отыр. Жобаға сәйкес, Үндістанға АК-203-ті шығаруға қажетті барлық технология беріледі. Алдағы уақытта автоматтар басқа елдерге де экспортталады деген жоспар бар.

Мысырда «Калашниковтың» негізінде Misr автоматы жасалады. Бұл қару – АКМ-ның көшірмесі. Алайда сапа жағынан да, сипаттамасы жағынан да тұпнұсқаға жетпейді.

Қытай болса, «Калашников» автоматының өндірісін 1950 жылдардың соңында меңгеріп алды. Ал Вьетнам АКМ-ның жаңғыртылған нұсқасы – STL-1A автоматын шығарады. Бұл – АКМ мен АК-103 симбиозы.

Венгрия бірінші болып Калашников автоматының лицензиясын алған. Содан 1955 жылы АК-55-тің өндірісі басталған болатын. Ал 1960 жылдары Болгария да осы жұмысқа кірісті. Осы елде 30 жыл бойы автоматтың кеңестер кезіндегі нұсқасы жасалды. Одан кейін болгарлар АКМ мен АК-74 автоматының басқаша модификациясын құрастыра бастады. Оның фурнитурасы өзгеше, натолық калибр (патрон 5,56х45 мм) қарастырылған. Arsenal фирмасы Калашников автоматтарын АҚШ-қа да сатқан.

Польша да АК-ның лицензиясын алған. Осылайша, 1990 жылдардың басында әскерге KbK vz.88 Tantal (АК-74М модификациясы) автоматын таратты. Артынан Tantal-дың негізінде 5,56 миллиметрлік KbKs wz.96 Beryl жасалды. Оны әлі күнге қолданады.

Румыния Калашников автоматын РМ md.65 мен РА md.86 үлгісімен шығарды. Соңғы нұсқаның калибрі – 5,45 миллиметр. Румыния АК-ның лицензиясын сатып алудан бас тартқаннан кейін дәл осы автоматты шығаруды қолға алған. Румын армиясы оны әлі күнге дейін ұстайды.

Сербия әскерінің штаттық автоматы – M70 те АКМ-ның негізінде жасалған болатын. Ал Финляндияда шығарылатын АК-ның нұсқасы барлық көшірмелерге қарағанда сапалы әрі сенімді қару болып саналады. Rk.62 Valmet автоматы 1962 жылы шығарыла бастады және АК-ның базалық схемасын сақтап қалды.

2010 жылы Венесуэла Калашников автоматының АК-103 үлгісін шығаруға кірісті. Өзінің калибрі де сақталды.

2014 жылы «Калашников» концерні RWC компаниясымен келісімшартты рәсімдеп, атыс қаруын АҚШ пен Канадаға жеткізуге уағдаласты. Құжаттың мерзімі – 5 жыл. Ал экспорттың көлемі – жылына 80-200 мың дана автомат. Соның басым бөлігі АҚШ-ға жеткізіледі деген жоспар болған.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз