Этчисон еліне кетіп, Боннер бізде қалады
«Теңізшевройл» компаниясында кадрлық өзгерістер болды. Кәсіпорынның басшылық құрамындағы өзгерістер Алматыда өткен дәстүрлі БАҚ өкілдерімен кездесуде айтылды.
Осыған дейін «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарған, «Шеврон» компаниясында 38 жылдық еңбек өтілі бар Тед Этчисон зейнет демалысына шығатын болды. Әңгіме басында дәстүрлі кездесу деп бекерге айтып отырған жоқпыз. «Теңізшевройл» компаниясы басшылығы жылына екі рет Атыраудан Алматыға арнайы келіп, компанияның бүкіл тыныс-тіршілігімен журналистерді хабардар етуді әдетке айналдырған. БАҚ өкілдерін компанияның жұмысымен хабардар ету – бүкіл Қазақстан халқы алдында есеп беру деп қабылдайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Әр журналиспен біраздан бері көрмеген бауырымен кездескендей құшақ жая, қуана амандасып, хал сұрасатын Тед мырза енді еліне қайтады. Ол Индонезия, Нигерия, Қазақстан және АҚШ-тың түрлі бизнес бөлімшелерінде жобалау, өндіріс, басқару салаларында әр алуан басшылық қызметтерді абыроймен атқарды.
– Жұбайым Сюзан екеуіміз үшін шамамен 8 жылдай Алматы мен Атырауда жұмыс істеп, осынау тамаша елдің бір бөлшегі болу зор құрмет болды. Бірнеше жыл бойы ТШО сияқты әлемдік деңгейдегі кәсіпорынды басқарып, Қазақстан Республикасының дамуына және «Теңізшевройлдың» тамаша қызметкерлерін шыңдауға үлес қосқанымды мақтан тұтамын. ТШО-ның 25 жылдық мерейтойы жылы кәсіпорын тізгінін Имерге тапсыра отырып, оның басшылығымен кәсіпорынның одан ары дами түсетінін сеніммен айта аламын, – деді ол.
Тед Этчисон әдеттегідей компанияның жыл басынан бергі атқарған жұмыстарына шолу жасады. Биылғы алғашқы үш тоқсанда мұнай өндіру көлемі 21,5 миллион тоннаны құрағанын айтты. Компанияның ерекше мән беретін бір саласы – денсаулық сақтау, өнеркәсіп қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау. 2000 жылдан бері ТШО қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған жобаларға 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қазіргі таңда ТШО өндірілген газдың
98 пайыздан астамын кәдеге жаратуда. Жабдықтың сенімділігін арттыру шараларына жұмсалған инвестициялар 2000 жылдан 2018 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі аралықта зауыттардағы техникалық ақау саны мен алауда жоспардан тыс және технология бойынша шарасыз жағылатын шикі не қышқыл газ көлемін 99 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.
Осы жылдың алғашқы үш тоқсанында ТШО сұйытылған газ сату көлемін шамамен 1 миллион тоннадан асырып, құрғақ газ сату көлемін 6,9 миллиард текше метр, ал күкірт сату көлемін 1,8 миллион тоннаға жеткізді.
ТШО компаниясы құрылған 25 жыл көлемінде оның елімізге тікелей қаржы төлемдері 132 миллиард доллардан астам соманы құрады. Ол жергілікті қызметкерлерге төленген еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға аударылатын тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серіктеске бөлінген тиісті дивидендтер, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі төлемдер. Тек биыл жыл басынан бері ТШО-ның Қазақстанға төлеген тікелей қаржы көлемі 7,2 миллиард доллардан асты. Ал қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға биыл 2,5 миллиард доллар шығындаған. Оның 1,6 миллардтан астамы Келешек кеңею жобасы мен ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) аясында жұмсалды.
ТШО-ның өзгелер үлгі алатын тағы бір қыры – ұлттық кадрлар дайындауға үлкен мән беретіні. Қазіргі таңда компанияда жұмыс істейтіннің 81,8 пайызы – қазақстандық қызметкерлер. Кадрларды оқыту және шыңдау жөніндегі тұрақты бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде жауапты басшылық лауазымдарға тағайындалған жергілікті қызметкерлер қатары артты.
Енді ТШО тізгінін қолға алған Имер Боннер жайлы бірер сөз. Ұлыбритания мен Солтүстік теңіздегі кеніште мұнайшы-инженер ретінде қызметін бастаған ол – Ұлыбритания, Тайланд, Қазақстанда, сондай-ақ Калифорния штатының Сан-Рамон қаласындағы «Шеврон» корпорациясының бас кеңсесінде техникалық қызметкерден басшылық лауазымға дейін көтерілген. 2015 жылдан бері ТШО-ның өндіріс жөніндегі бас менеджері қызметін атқарды. Ол бұл қызметте өндіріске, бұрғылауға, қауіпсіздікке, ақпараттық технологияларға, кеніш игеруді нормативтік құқықтық қамтамасыз етуге және материалдық-техникалық жабдықтауға жауапты болды. Бір сөзбен айтқанда, осыған дейін өндірістік қызметтің барлық қырына бас-көз болған Боннер ханым БАҚ өкілдерімен емін-еркін әңгімесіне қарағанда «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры қызметін де шырқ үйіріп алып кететінін аңғартты.
Гүлнар Жұмабайқызы
Дереккөз: Айқын