Эстония парламент сайлауында оппозициялық партия жеңіске жетті
3 наурызда Эстонияда өткен парламент сайлауында оппозициялық либерал Реформалар партиясы жеңіске жетті. Партия премьер-министр Юрий Ратастың солшыл Центристік партиясынан басым түскен. Бұл жолы парламентке бес партия кірді.
4 наурызда Балтық ұлттық сайлау комиссиясы батысшыл Реформалар партиясына сайлауға қатысқан азаматтардың 28,8 пайыз дауыс беріп, Рийгикогудегі (Эстония парламенті — ред.) 101 орынның 34-ін иемденгенін хабарлады. Сайлауға дейін бұл партияға парламенттегі 30 орын тиесілі еді.
Бұған дейін билік партиясы болған Центристік партия 23,9 пайыз дауысты алған. Оған парламенттегі 26 орын берілді. Партия 2014 жылдан бері иемденіп келген 27 орнының бірін осы сайлауда жоғалтты. Бұл партияға көбіне Эстонияда тұратын орыстілді азаматтар дауыс береді.
Әсіреоңшыл, ұлтшыл, иммиграцияға қарсы саясат ұстанатын, мектептерде білім тек эстонша берілуі керек деп санайтын Эстония консерватив партиясы (EKRE) 17,8 пайыз дауыспен басым үштікке кірді де, парламенттегі 19 мандатқа ие болды. Бұған дейінгі сайлау нәтижесімен салыстырғанда, партия жақтаушылары екі есе өскені байқалады — алдыңғы сайлауда 8,1 пайыз дауысты алған партияға 12 орын тиесілі болатын.
Коалиция құрған екі партияға — Исама (12 орын) мен Социал-демократтарға (10 орын) азаматтардың 11,4 және 9,8 пайызы дауыс берген.
Комиссияның хабарлауынша, сайлауға дауыс беруге құқылы 1 миллионға жуық адамның 562 мыңы келген (61 пайыз).