Энергия инфрақұрылымы жаңғыртылуда
Иә, соңғы жылдары еліміздегі түрлі салада мемлекет-жеке- меншік әріптестігі аясында берілген нысандардың қатары көбейе бастады. Яғни, екі тарапқа да тиімді деп танылған әріптестік мемлекет пен бизнестің бірлесе әрекет етуіне жол ашты. Ел экономикасын көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді бюджеттің қарымы жете бермейтін ірі инвестиция тартуға бағытталған жаңа жобалар қызықтыра бастағаны да сөзсіз.
Былтыр Екібастұздағы энергетика саласындағы жаңғырту жобасы осы мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағыты бойынша қолға алынған-ды. Көшелерді жарықтандыруды жаңарту бастамасы «Горэлектросеть» ЖШС-не тиесілі. Жобаға қатысу үшін жарық диодты шамдар жасайтын қарағандылық «PROLUX LED» ЖШС шақырылды. Бұл кәсіпорын ішкі нарықта 2010 жылдан жұмыс істеп келеді. Жарық шамдардың бес жылдық кепілдемесі де бар.
Өткен жылы қос компания конкурста жеңіске жетіп, жобаны жүзеге асыруға кірісті. Жоба жекеменшік әріптестігінің банктен қарыз алуы арқылы қаржыландырылды. Мемлекет өз тарапынан төрт жыл бойы «Горэлектросеть» ЖШС, «PROLUX LED» ЖШС компанияларының жұмсаған инвестициялық және операциялық шығындарын өтеуді мойнына алады. Сөйтіп инвестор қарызға алған қаражатына бұрынғы 3500 сынапты және натрийлі шамдарды жарық диодты шамдарға ауыстырып, 82 шақырымдық сымды айналаға қауіп төндірмейтін түріне ауыстырды. Жобаны жүзеге асыруға 735 миллион теңге бөлінді. Бүгінде кеншілер қаласының көшелерін жарық диодты шамдар жарқыратып тұр дейміз. Сонымен қатар желілерді қашықтықтан бақылайтын автоматтандырылған жүйе де іске қосылды.
Қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, бұл ерекше жоба.
– Бюджет бір сәтте үлкен көлемде қаражат бөле алмайды. Сондықтан бұл жоба мемлкет пен жекеменшіктің бірлескен бағытында жүзеге асырылды. Нәтижесінде 4 мыңға жуық жарық шамдар мен оқшаулы сымдар орнатылды, дейді Н.Әшімбетов.
Яғни, жарық диодты шамдар орнатылып, сымдар ауыстырылғаннан кейін қала электр қуатын 57 пайызға дейін үнемдеген. Шамдар электр қуатын 3,5-4 есеге кем пайдаланады. Экологиялық тұрғыдан да зияны жоқ. Ұзақ мерзімді пайдалануға жарамды. Бұрын бір жылға көшелерді жарықтандыруға 100 миллион теңге бөлінсе, қазір 40-50 миллион теңге көлемінде бөлінеді.
Ендігі мәселе, бағандарды ауыстыру. Инвестор бұл жұмыс алдағы уақытта жүзеге асатынына сендіреді. Енді көшенің жарықтандыру желілері 7 жылға «Горэлектросеть» ЖШС-не сенімді басқаруға беріледі. «Сондықтан ескірген бағаналарды да біртіндеп ауыстыруға мүмкіндік бар», дейді кәсіпорын басшылары.
Әрине, бұл Екібастұздағы алғашқы жоба. Қалада тұрғын үй аулалары, подъездердің кіреберістері, ішкі алаңдарын жарықтандыру жұмыстары да жетерлік. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажет. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленбек.
Жақында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Манас Зейфолда: «Облыс орталығында 9 726 жарық диодты шамдар орнатылды. Жоспар 12 483 бірлік. Жобаның жалпы құны − 1,7 млрд теңге. Жұмыстың барлығы 25 желтоқсанға дейін аяқталады, нәтижесінде энергия үнемділігі 50 пайыздан асады», деді. Оның айтуынша, Екібастұзда жарықтандыру жұмыстары толық аяқталып, 3 498 жарық диодты шамдар орнатылған. Электр желілерін инвесторға сенімді басқаруға беру жұмыстары жүргізілуде.
Елбасы мемлекет-жекеменшік әріптестігі, әсіресе коммуналдық және әлеуметтік салаларда дамыту қажет, деп атап өткені белгілі. Яғни, мемлекет- жекеменшік әріптестігі тетіктерін білім және денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жылу шығару көлемінің қызметі мен жылуды бөлу жүйесін жаңалауда жүргізуге болады.
Сондай-ақ Екібастұзға тән энергетика саласында жылу энергия стансаларының құрылысын, темір жолдарды, әуежайлар, вокзалдар, темір жол стансалары ғимараттарының құрылысын жаңғыртуға және пайдалануға да мүмкіндік бар.
Жалпы, облыстағы мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту жобаларының басым бөлігі денсаулық сақтау саласына арналған. Бұл салаға 3 млрд теңгеден астам қаржы тартылды. Қаржыға облыс орталығындағы қалалық №1 аурухана, Екібастұз қалалық ауруханасы, облыстық аурухана ғимараттары жөндеуден өткізіліп, 3 жаңа компьютерлік томограф сатып алынды.
Сонымен бірге мемлекет- жекеменшік әріптестігі бағытында «Черноярка» демалыс үйінде зейнеткерлерге көмек көрсету жобасы жүзеге асырылуда. Былтыр мұнда 440, биыл 1 320 зейнеткер демалды. Жыл қорытындысы бойынша жалпы сомасы 14,6 млрд теңге болатын бірқатар жоба бойынша келісімшарттар бекітілмек.
Биыл Ақсу қаласында «Мүгедек балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету» оңалту орталығын құру, қалалық аурухананың медициналық зертханасын басқару жобасы және құны 290 миллион теңге тұратын компьютерлік томограф сатып алу жобалары жүзеге асырылады.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Алекпарованың айтуынша, облыс орталығында 881 балаға арналған жекеменшік 6 балабақша ашу жөніндегі келісімшарттар қаралуда. Жергілікті кәсіпкерлік палатасының мәліметінше, облыс бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағытын жүзеге асыруға алғашында 58 жоба тіркеліпті. Соңынан денсаулық сақтау, энергетика, әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы 11 жоба бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігі келісімшартына қол қойылды. Бұл бағыттың тиімділігі, бюджетке жүктемені азайту мен бизнес-қоғамдастықты активтерді басқаруға тарту болып отыр.
Айтпақшы, Екібастұзда «Свет ҒӨК» ЖШС жарық диодты шамдар жасайды. Тіпті Петропавл, Қостанай, облыс орталығындағы зауыттар, Екібастұздағы «Богатырь Көмір», «Шығыс» кеніші, «Проммашкомплект» және басқа да кәсіпорындар осы зауыттың тұтынушылары. Бұл кәсіпорын өнімі 2015 жылы Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсында «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында жеңімпаз атанды. Сондықтан жергілікті кәсіпорындарға да мүмкіндік беріп қолдау қажет. Бұл нарықтық кеңістікті кеңейтеді. Жобаларды жүзеге асыру барысында мемлекеттің кепілдігімен жеңілдетілген несие алады. Бюджет қаражатын тарту, салынған инвестицияның қайту кепілдігі бар.
Тағы бір мысал, Екібастұзда бұған дейін «ЭлектроТрансРеелто» ЖШС жарамсыз шамдарды өңдеумен айналысты. Жарамсыз шамдарды қайта қалыпқа келтіру үшін Ресейден арнайы құрал-жабдықтар әкеліп орнатты. Кәсіпорынның жылдық қуаты – мың дана шам. Шағын зауыт қоқысты өңдеп, қоқыстан өнім жасай алады. Зауыт мамандары жарамсыз болып қалған шамдар мен батареяларды жинауға көшті. Олар әрқайсысының құны 300 мың теңге болатын контейнерлерді өз қаражаттарына сатып алды. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы тұрғын үй аулаларына орнатты. Сөйтіп, «ЭлектроТрансРеелто» ЖШС контейнерлерден 11 мыңға жуық ескі шам жинаған көрінеді, еліміздің өзге өңірлерінен де тасымалдайды. Жиналған ескі шамдарды өңдеп, одан сынап алады. Алынған сынап құтыларға құйылған соң, қоймаларда сақталып, басқа кәсіпорындарға сатылады және құрылыс материалдарын дайындауда қолданылады.
Бұл жоба да билік тарапынан назар түскенде мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағытына дәл келіп тұрған жаңашыл жоба еді.
Басқарма басшысының орынбасары Манас Зейфолданың пікірінше, мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігі – инвестициялар тартудың және мемлекеттің басым қатысуымен салаларға жеке секторды тартудың тиімді құралы. Бұл қоғамдық маңызды қызметтерді көрсету үшін қаржылық, технологиялық, ұйымдастырушылық-басқарушылық ресурстарды біріктіруге мүмкіндік беретін жеке бизнеспен әріптестік. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі – бүгінгі экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет үшін бұл басымдықтарға бюджет қаражатын үнемдеу қосымша ресурстар (қаржылық, материалдық және басқарушылық) алу, көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасы мен көлемін арттыру жатады. Жаңа жұмыс орындарын құру және бұрынғы жұмыс орындарын сақтау, жобаны іске асыруда уақытты үнемдеу, көпшілік міндеттердің шешімін жылдамдату секілді тиімділіктер жоспары бекітілді.
Бұл күндері өңірімізде 2018-2021 жылдарға арналған 143 іс-шарадан тұратын «Энергия үнемдеудің» кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Жоспар Тиімді өнеркәсіптік кәсіпорын, Инновациялық энергетика, Энергиялық тиімді ТҮКШ және бюджеттік сектор, Энергиялық тиімді көлік, Энергиялық тиімді жарықтандыру, Энергия үнемдеуді насихаттау, Энергия тиімділігі және энергия үнемдеу бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін Инвестицияларды тарту, Мемлекеттік энергетикалық тізілім қарастырылған 8 бағытқа арналған.
Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен еліміздегі «Энергосараптама электр энергетикасы және энергия үнемдеуді дамыту институты» АҚ облыс бойынша аумақтық бөлімі «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру» тақырыбында осындай маңызды жұмыстар жасауда.
Мысалы, облыс орталығында 12 483 бірлік жарық нүктесін жарық диодтыға ауыстыру, 70 СЖБШ орнату және көше жарықтандыруын басқарудың интеллектуалдық жүйесін енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жеке әріптес 6155 жарық диодты шам орнатты. Биыл жеке әріптеске жобаны («ALtocom Asia» ЖШС) сенімді басқаруға берумен барлық монтаждық жұмыстар аяқталды. Басқарма мамандарының айтуынша, осы жобаларды жүзеге асыру арқылы электр энергиясын тұтыну 60 пайызға төмендейді, өңірдегі қалалар тұрғындары заманауи стандарттарға сәйкес сапалы және энергиялық тиімді жарықтандыру ала алады.
Қазіргі жаһандану уақытында әлем қалалары материалдық, технологиялық және адами капитал үшін өзара бәсекеге түсуде. Дамыған инфрақұрылым, қолайлы ландшафт, таза экология, энергия үнемділік, жоғары қауіпсіздік деңгейі, қала экономикасын дамытудың басты инновациялық шешімі негізгі көрсеткіші болып саналады екен.
Елбасы Жолдауында да «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады», делінді.
Бізге «Ақылды қала» «қазіргі заманғы өмір сүру сапасын инновациялық технологияларды қолдану есебінен қаланың тыныс-тіршілік жүйелерін үнемді пайдалануды қамтамасыз ету керек екенін» ескертуде.
Жалпы, Екібастұз еліміздегі 27 моно қаланың бірі. Еліміздегі «Моно қалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Бағдарламасын іске асыру барысы туралы» бағдарлама бойынша қанша қыруар қаражат бөлінгендері қалалық әкімдік сайтында қаптап тұр.
Бірақ жақсы нәтиже аз. Тіпті Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сайтында қалада осы салаға байланысты қандай жұмыстар жасалып жатқаны туралы бір ауыз сөз жоқ.
Уақыт бір орнында тұрмайды. Мүмкін алыс болашақта Екібастұз да «Ақылды қала» атанар. Қалаға «ақылды шамдар» да орнатылды. Еліміздегі индустрияландыру саясатын іске асыруда өндірісті қаланың орны бөлек екені де белгілі. Айналасы толы өндіріс орындары, әлемге белгілі электр стансалары, алып көмір кеніштері жұмыс істеуде. Көмірден газ өндірер де уақыт келер. Кәсіпорындар жанынан шағын бизнес өркендеп, раушан гүлдерін егіп, қызанақ өсіруде.
Кешегі Кеңес өкіметі тұсында Отын-энергетикалық кешен ретінде бүкілодақтық мәнге ие болған күрделі құрылыстары болды. Бүгінде еліміздің экономикалық дамуына орнықты үлес қосып келеді. Тек қолға алынған бағдарламалар, жоспар, жобалар нәтижелі болса.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы