Энергетика министрлігі борышкерлердің тізімін жариялады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Энергия өндіруші компаниялардың газ үшін берешегі жыл сайын 5-7 миллиард теңгенің айналасында болады. Себебі оларға тұтынушылар қарызын өтемеген

НҰР-СҰЛТАН, 19 қыркүйек – Sputnik. Энергетика министрлігі жылыту маусымына дайындық шаралары бойынша есеп берді. Оған сәйкес, бүгінде энергия өндіретін компаниялардың газ бен көмір үшін төлемеген ақшасы көп, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, газ үшін қарыздың көлемі миллиардтап саналады. Мәселен, энергия өндіруші компаниялардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 6,6 миллиард теңгеге жетті. Қарыз болып қалғандардың ішінде «МАЭК-Қазатомөндіріс» ЖШС, «Жайықжылуэнерго» АҚ (Орал қаласы), «Өзен Жылу» МКП, «Ақтөбе ЖЭС» АҚ, «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКП, «Орал ГТЭС» ЖШС және «Батыс Пауэр» ЖШС бар.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, энергия өндіруші компаниялардың газ үшін берешегі жыл сайын 5-7 миллиард теңгенің айналасында болады. Себебі тұтынушылардың өздері ақша төлемейді.

«Иә, қазір тиісті кесте бар. Бірақ мекемелерге қарыз болған тұтынушылар да көп. Тұтынушылар қарыз болғаннан кейін осы мекемелер де өз берешегін өтей алмай отыр. Осылайша, бір шеңберді айналып жүрміз. Дегенмен, ол компаниялар газбен қамтамасыз етілген. Проблема болмайды», — деді Есімханов астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, көмір саласында да біраз мәселе бар. Мәселен, энергия өндіруші компаниялардың «Богатырь көмір» ЖШС алдындағы қарызы 239 миллион теңгені құрап отыр. Олар — «Көкшетау Жылу» МКП (46 млн), «Севказэнерго» АҚ (64 млн), «Степногорск ЖЭС» ЖШС (39 млн) және «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ (90 млн).

Тағы оқыңыз: Елорданың мұқтаж жандарына көмірге қанша ақша берілетіні белгілі болды

«Негізі, айналымда миллиардтаған ақшасы бар мекемелер үшін 30-60 миллион теңге аса үлкен қаражат емес. Оның бәрі жабылады. Кестесі бар. Дегенмен, «Богатырь көмір» компаниясына да көмірді өндіруге, жалақы төлеуге және жөндеу жұмыстарына қаржы қажет», — деп атап көрсетті Есімханов.



sputniknews.kz