Эльмира Суханбердиева сотта көзіне жас алды

0
43

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Бұрынғы білім және ғылым вице-министрі кінәсін толығымен мойындап, тергеумен келісімге келді

НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде — Sputnik. Елорданың Есіл аудандық № 2 сотында бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваға қатысты алғашқы сот отырысы басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Отырыстың басында судья Бақытжан Есенов сотқа қатысушылардың барлық жеке мәліметін жазып алды.

Эльмира Суханбердиевадан отбасы жайлы сұрағанда ол: «Төрт балам бар. Үлкені 26-да, одан кейінгісі 17-де, біреуі 7-де және кішкентайы 3-те…Үшеуі кәмелетке толмаған», – деді.

Осы кезде бұрынғы вице-министр көз жасына ерік берді. Ал оның қорғаушысы Айгүл Әміренова оған қағаз майлықты ұсынды.

Прокурор Нұрлан Бекмағамбетовтың айтуынша, осы іске қатысты Эльмира Суханбердиева мен Елена Шеверняева өз кінәсін толығымен мойындап, тергеумен процессуалды келісімге келді. Осыған байланысты қылмыстық кодекстің 53-бабы бойынша жазаны жеңілдету қарастырылған.

«Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 1-бөлігі бойынша 2 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (6 312 500 теңге) айыппұл салынсын. Оған қоса, белгілі бір қызметтерді атқаруға тыйым салынуы қажет, мүлкі де тәркіленсін», – деді прокурор Бекмағамбетов.

Ал Елена Шеверняеваға прокурор 500 АЕК көлемінде айыппұл салуды ұсынды.



sputniknews.kz