электронды жүйе, кезек, ойындары, әні, қоштасу, орын үлестіру
Электронды жүйеге түнде жаппай хакерлік шабуыл басталған. Оған бір уақытта 500 мың адам кіруге тырысып жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы балабақша орындарын таратуға арналған электронды жүйенің уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Түнде жаппай хакерлік шабуыл басталды. Электронды жүйеге бір уақытта 500 мың адам кіруге тырысып жатыр. Қазіргі кезде техник мамандар тиісті шараларды атқаруда. Жүйені қосқан кезде біз арнайы хабарландыру жасаймыз. Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», — дейді басқарма мамандары.
Кімге қанша орын беріледі
Айта кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы 10 маусымнан бастап балабақша орындары электронды жүйе арқылы үлестірілетінін жариялаған болатын.
Басқарма басшысы Әнуар Жанғозин бүгіннен бастап, шамамен, 17 мың бос орын электронды жүйеге шығарылатынын айтты.
Тағы оқыңыз: Балабақша орындарын үлестіру жүйесіне өзгеріс енгізілді
«Басында 2016 және 2017 жылы туған балаларға арналған орындар жарияланса, 14 маусымда 2015 жылғы балаларға, ал 19 маусымда 2013-2014 жылы туған балалардың орындары шығарылады. Жүйеге бұрынғыдай e-astana.kz сайты арқылы кіруге болады, — деді Жанғозин.
Ресми мәліметке сәйкес, 2013 жылы туған балаларға 4000 орын, 2014 жылғы балаларға 2000 орын, 2015 және 2016 жылғы балаларға 5000 орыннан, ал 2017 жылғы балаларға, шамамен, 1600 орын беріледі.
Жүйеге қандай өзгеріс енгізілді
Биылдан бастап электронды жүйеге бірқатар өзгеріс енгізілген болатын. Мәселен, баланы кезекке қою және оған жолдама алуды ұялы телефон арқылы жасауға болады. Бұған дейін аталған қызметті тек электронды цифрлық қолтаңбамен ғана алуға болатын.
«Енді жүйеге кіру үшін электронды цифрлық қолтаңба да, компьютер де қажет емес. Бүкіл қызметті смартфон арқылы алуға болады», — деді Жанғозин елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Бұдан бөлек, электронды жүйеде әрбір балабақшаға қатысты толық ақпарат болады. Соның ішінде мекеме паспорты, орналасқан жері, бос орындар саны бар.
«Үшінші жаңашылдық, әр ата-ана өзіне ұнайтын немесе сәйкес келетін балабақшаны таңдап, ол туралы қажетті ақпаратты электронды пошта арқылы алады. Яғни, таңдаған балабақшада бос орын пайда болған кезде ол туралы поштаңызға хабарлама келіп түседі. Енді ата-аналар тәулік бойы компьютердің алдында отырмайды. Хабарлама түскен кезде жүйеге кіре алады», — деді басқарма басшысы.
Жолдаманы қалай алуға болады
Бұдан бөлек, балабақшаларға берілген жолдамалардың хронологиясын да көріп отыруға болады. Сондай-ақ, бұған дейін әлеуметтік жеңілдікті алу үшін құжат жинау міндеті қойылса, ендігі кезекте электронды жүйе оны автоматты түрде анықтайды.
«Қалғаны өзгеріссіз. Кезекте тұрған азаматтар хабарламаны алғаннан кейін үш күн ішінде жүйеге кіріп, жолдама алуы қажет. Ал жолдаманы алмаса, аталған құжат кезекте тұрған келесі адамға беріледі», — дейді Жанғозин.
sputniknews.kz