Экспозиция залдары ашылды | «Айқын» газеті

0

Елбасы кітапханасының музей ғимаратында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне орай «Әлем халықтарының музыка аспаптары», «Қазақстанның спорттық даңқы» атты тұрақты тың экспозициялар ашылды.

– «Бүгінгі күнді түсініп, түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деп Мемлекет басшымыз Н.Назарбаев айтқандай, мен ең алдымен баршаңызды алдағы Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көрермен назарына Тәуелсіздік күніне орай Елбасы кітапханасы қорындағы жинақтар негізінде дайындалған екі үлкен тұрақты экспозициямызды ұсынып отырмыз. Осы жылдар ішінде біздің қор жинақтарымыз Елбасына шетелдің мемлекет басшылары мен түрлі қоғам қайраткерлерінен табыс етілген музы­калық аспаптардың түрлері мен әлемдік және халықаралық спорт жарыста­рында атой салған жеңімпаздар жәдігер­лерімен толыға түскен. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры – мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр деп ойлаймын, – деді Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов.
«Әлем халықтарының музыка аспаптары» көрмесін құру идеясы EXPO – 2017 халықаралық көрмесі аясында музейде ұйымдастырылған көрме қонақ­та­рының оң пікірі мен қызығушылығының нәтижесінде пайда болған. Аталған көр­ме қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығып, сұраныс тудырды.
Музыка аспаптарының жинағы Елбасы Н.Назарбаевқа шет мемлекет пен үкімет басшыларының, халықаралық ұйымдар мен қорлардың, шетелдік делегациялардың, ел тұрғындарының тарту-сыйлықтарынан тұрады. Музей жинағындағы музыка аспаптарының коллекциясына қарапайым аспаптардан бастап, құрылымы мен музыкалық орындау мүмкіндіктері бойынша аса күрделі құралдар да кіреді. Олардың арасында үрмелі, шертпелі, ысқылы, ұрмалы және механикалық сынды музыка аспаптардың барлық түрлері кездеседі. Экспо­зицияға жалпы есеппен 35 жәдігер қойылған.
«Қазақстанның спорттық даңқы» экспозициясында Мемлекет басшысына отандық, шетелдік спортшылардың тарту еткен сыйлықтары, Елбасының жеке архи­віндегі құжаттар, Ұлттық олимпиада комитеті ұсынған материалдар мен спортшылардың жеке заттары ұсынылған. Жәдігерлердің қатарынан ке­лу­шілер В.Жиров пен М.Мәзімбаевтың белбеуін, А.Винокуровтың велоси­пе­ді мен киімін, саяхатшы-байкер Д.Петрухиннің сыйлықтарын көре алады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Дереккөз: Айқын