Экспертиза: Жайықтағы балықтар хлордан уланған
Экспертиза қорытындысына сай, Атырау облысы Жайық өзеніндегі балықтар хлордан уланған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Қожаев хабарлады.
«3 сәуірде экспертизаның алғашқы нәтижелерін алдық. Онда Жайық өзеніндегі балықтар хлордан уланып, қырылғаны айтылған» деді Қожаев.
Балықтардың жаппай қырылуы былтыр желтоқсаннан бері айтыла бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырауда 7-11 наурыз күндері Жайық өзенінен 3,1 тонна өлі балық жиналғанын хабарлаған.
Балық қырғыны бойынша Қылмыстық кодекстің «Суларды ластау, қоқыстау немесе сарқу» деп аталатын 328-бабы мен «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» деп аталатын 204-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ресми ақпарат бойынша, мемлекетке 439 миллион теңге залал келген.
15 наурызда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекеттік «Хабар» арнасына берген сұхбатында «Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуы бойынша төрт компанияның күдікке ілінгенін» айтқан.