Экс-премьер Сағынтаев «Нұр Отанның» саяси кеңесіне енді

0

27 ақпанда Астанада «Нұр Отанның» съезі кезінде партияның саяси кеңесінің жаңа мүшелері сайланды.

«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесіне елдің бұрынғы премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, сенат депутаты Дариға Назарбаева, жүзу спортынан Рио паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллин, сенат депутаты Сергей Громов, Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек, Астана әкімі Бақыт Сұлтанов, президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешев, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Ахметжан Есімов және тағы басқалар енді.

27 ақпанда Астанада «Нұр Отан» партиясының 18-съезі өтті. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев съезде көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төлеуді тапсырды. Ол үкіметке 2-3 пайыздық ипотека бағдарламасын жасауды тапсырды.

Назарбаев жиында «маған сенім артқан халықтың болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді» деді.

«Нұр Отан» съезі өтіп жатқанда Алматы мен Астанада ондаған адам партия кеңсесінің алдына жиналып, наразылық білдірді. Олардың көбін полиция ұстап әкетті.

Бақытжан Сағынтаев 2016 жылы қыркүйектен 2019 жылдың 21 ақпанына дейін Қазақстан үкіметін басқарған. Қазақстан президенті Назарбаев биыл 20 ақпанда Сағынтаев басқарған үкімет жұмысын сынап, отставкаға жіберген. Оның орнына Сағынтаевтың бірінші орынбасары болған Асқар Мамин премьер-министр болып тағайындалған.

Азаттық