Экс-әкім Амандық Баталов некесіз туған қызына зейнетақысынан 42 500 теңге алимент төлейді

0

Сот Баталовтың осы баланың әкесі екенін дәлелдеген

Алматы облысының бұрынғы әкім Амандық Баталов заңсыз некеден туған қызынан қашып, алиментке бар болғаны 42500 теңге төлеп жүр. Осылай деп Қарлығаш (есімі өзгертілген) атты әйел Nege Youtube арнасына сұхбат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарлығаш 2011 жылы Амандық Баталовпен Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып тұрған уақытында танысады. Экс-шенеунік материалдық жағдайы мәз емес әйелге көмектесіп, көңілін тапқан.

«Ол кісімен бір жаназада танысқан едік, Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетовтың бірінші орынбасары болған. Мені көріп, біреулер арқылы нөмірімді сұратып, қайта-қайта телефон шалып жүрді. Ол кезде мен ажырасқанмын, екі баламмен жұмыссыз жүрген уақытым. Маған танысайық, сөйлесейік деп ұсыныс білдірді. Жүргізушісін жіберді. Ол кісінің «Казахстанский» көшесінде үйі болған. Сол пәтерде отырып сөйлестік. Өте жақсы адам болып көрінді. Жағдайымның қиын екенін айтқанымда, көмектесем, уайымдама деді. Ол кісімен жақын қарым-қатынаста болып, аяғым ауыр боп қалды. Өзіне айттым, үнемі хабарда болдық. Кейін жауап бермейтін болды. Қызым 5-6 айға толғанда, суреттерін жіберіп отырдым. Үн қатпайтын. Кейін қызым өсе бастағанда, көмек сұрадым. Қолымды қайтармады. Сосын қызыңызға тегіңізді беріңіз немесе қайта-қайта ақша сұрай бермейтіндей көмек беріңіз деп сұрадым», — дейді әйел.

Қарлығаш Баталовтан туған қызын мойындауды сұрағаннан бастап, үйіне қоқан-лоқы көрсететіндер келе бастаған.

«2018 жыл болатын. Ұлым есіктің алдында ойнап жүрген. Телефоныма белгісіз нөмір хабарласып, «анау сіздің балаңыз ба» деді. «Ендігәрі біздің көкемізге хат жазып, көмек сұрайтын болсаң, балаңның аяқ-қолын сындырып, самокатымен бірге өртеп, өлтіріп кетеміз» деді. Қатты қорқып кеттім. Балконға жүгіріп шығып, баламды шақырдым. Сол кезде тағы да телефон шыр етті, көтергенімде «Қорқып кеттің ба? Бұл саған алғашқы және соңғы ескертуім, ендігәрі көкемізді мазалайтын болсаң, қол-аяғыңды сындырып, қаланың сыртына апарып көміп кетеміз, ұқтың ба?!» деді. «Ұқтым» дедім, баламды даладан алып кете ма деп қорқып тұрдым», — дейді кейіпкер.

Қарлығаш мұндай қорқытып-үкітуден кейін қоғамдық ұйымның төрайымы Жазира Қамалдановаға хабарласып, оқиғаны айтып береді. Белсенді оған полицияға арыздануға кеңес берген.

«Полиция департаментіне арыз жаздық. Ол кезде қызметте полковник Сарқытов, генерал Ұрынханов болған. Сарқытов мені үш баламмен бірге полиция ғимаратында мазақ етті. 11-12 сағаттап тамақсыз, сусыз ұстады. Пәтерге барғанда Баталовпен қалай жыныстық қатынасқа түстіңдер, ол кісі қалай жатты, қалай тұрды деп шұқылап сұрады. «Мен сізге айта алмаймын» дегенімде, «айтпасаң сені қамаймыз» деді. Мәжбүрлеп айтқызды. Күнде полицияға шақыртады, мен әбден шаршап кеттім. Генерал Ұрынханов шақырып, жұмыс ұсынды. «Арызыңды ал, біз сені осында жұмысқа тұрғызайық» деді. Мен келіспедім, өзімнің тәжірибем де жоқ, ол жақта мені не күтіп тұрғанын білмеймін ғой. Сонымен полициядан пайда болмай, Астанаға пркуратураға, ІІМ – не арыз жаздым. Содан кейін ғана қозғала бастады», — дейді Қарлығаш.

Айтуынша, Баталовтың адамдары келіп, «саған үй алып берейік, сауда нүктесін ашып берейік, арызыңды қайтарып ал» депті. Олар сөзінде тұрып сауда орнын, 3 жылдан кейін баспанасын алып береді.

«Арада медиациялық келісім болды, сол бойынша қызыңа ай сайын көмек көрсетіп тұрамыз деді. Сол қағазды жаздырып алған соң бәрін ұмытты», — деді Қарлығаш.

Баталов әйелмен өзі емес, жүргізушісі арқылы сөйлесіп тұрған. Қарлығаш жүргізушіден көмек сұраған сайын, созбалаңға салып, ақшаны әрең берген. Сосын әйел мұны заң жолымен шешуге бел байлап, 2020 жылы Баталовты сотқа беріп, әкелік құқығын мойындатып, алимент өндіріп алғысы келеді. Айтуынша, оның әкелік құқығын мойындату оңай болмаған, сот ісі 1 жарым жылға созылған. 2022 жылы сот Баталовты қыздың әкесі деп танып, алимент төлеуді жүктейді. Бірақ Баталов қазір қызметте істемегендіктен, 171 мың теңге алатын зейнеткер ретінде заң жүзінде 42500 теңге төлей алады. Қарлығаш экс-шенеуніктің бір зейнетақыға қарап отырмағанын біледі, сондықтан алиментті әділ төлесін дейді.

«Сіз мені ақшаға тоймайды деп айтады екенсіз, мүмкін «қызыма апарып бер» деп ақша жіберетін шығарсыз, бірақ мен ол ақшаны алып жатқан жоқпын. Өзіңізге де талай жаздым, кездесуде де сұрағанмын. Сұрағаннан, жалынғаннан шаршадым. 70 мың теңге берші, қосымшасын төлеу керек деп кәдімгідей жалынып сұраймын. Сіздің қызыңыз қолөнерге жақын, қолынан бәрі келеді», — деп Баталовқа медиа арқылы үндеу жасады әйел.

Айта кетейік, Амандық Баталов 2014 жылдан 2021 жылдың қарашасына дейін Алматы облысын басқарған. Оның некесіз қызы дүниеге келгенде Баталов алпысты алқымдаған еді.