Экпресс-тест: COVID-19 вирусын қалай анықтайды

0

Бүгінде республика бойынша дәрігерлер, полицейлер және тағы басқа мамандар коронавирусқа тексеріліп, жаппай тест тапсырып жатыр. Себебі олар осы індетпен күрес жолында алдыңғы шепте жүр. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де үйде отырған жоқ

Журналистер қоғамға толыққанды ақпарат жеткізу үшін блок-бекеттерге барады, көшеде жүріп, репортаж жасайды. Ондайда вирусты жұқтыру қаупі де жоқ емес. Sputnik Қазақстан тілшілері ұжым мен қоғам алдындағы жауапкершілігін ұмытпай, өз еркімен экспресс тестілеуден өтті.

Тест тапсыратындарды қалай таңдайды

Нұр-Сұлтанда коронавирусқа тегін экспресс тестілеу «Олимп» зертханаларында жасалады. Ол үшін ресми сайтқа кіріп, анкета толтыру керек. Сол жерде жеке мәліметтерден бөлек денсаулыққа қатысты ақпарат жазылады. Эпидемиолог мамандары анкетаға қарап, аурудың белгілерін байқаса, экспресс тестілеуге шақырады.

Тест тапсыратын адамға зертхана операторы хабарласады. Ол нақты қай күні және қай жерге бару керектігін айтады. Уақытын да белгілейді. Себебі зертханада адам көп жиналмауы шарт. Сол себепті әр адамның тест тапсыратын уақыты болады. Ал ұжыммен келген кезде процедуралық кабинетке бір-бірлеп кіргізеді. Басқалар далада күтеді. Бірақ топтасып тұруға болмайды. Кезек те, арақашықтық та сақталады.

Зертханаға тек бетпердемен ғана кіргізеді. Одан кейін қолды антисептикпен өңдеп шығу керек. Сосын тіркеуге жібереді. Бірақ тіркеуде отырған маманға тым жақын тұруға болмайды. Арақашықтық – 1-1,5 метр. Сол жерде жеке куәлік те көрсетіледі. Осыдан кейін процедуралық кабинетке өтуге болады.

Тест қалай жасалады

Экспресс-тест SARS-CoV-2 (COVID-19) коронавирусының IgG және IgM антиденелерін анықтауға арналған. Мамандардың айтуынша, вирус жұққаннан кейін 7-10 күннің ішінде IgM шығады. Бұл адамның ауруға шалдыққанын көрсетеді. Ал 2-3 аптадан кейін IgG қалыптасады. Ол адамның вируспен ауырып шыққанын көрсетеді және оған қарсы иммундық жүйенің белгісі болып саналады. Алайда бүгінде коронавирусқа қарсы тұрақты иммунинет қалыптаса ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз.

Тесттің өзі пластикалық құрылғы. Онда үш жолақ бар. Олар:

  • C – адамда коронавирус жоқ және мүлдем болмаған;
  • IgG – адам коронавируспен ауырып шықты және антиденелер қалыптасты; 
  • IgM – адам коронавируспен ауырып жүр.

Құрылғыға адамның саусағынан алынған қанды тамызады. 15 минуттың ішінде тесттің алдын ала нәтижесі шығады. Ал бір-екі сағаттың ішінде толық қорындысы жасалады. Мамандар нәтижесін электронды поштаға жібере алады.

Кей кезде IgM мен IgG бірге боялып шыға келеді. Бұл дегеніміз, вирус бір-екі аптаның ішінде жұққан. Ондайда тағы тест тапсыру керек. Дегенмен, «C», яғни толығымен теріс нәтиже шықса да, IgM мен IgG қалыптастып үлгермеуі де мүмкін. 

Экспресс пен ПТР-тесттің айырмашылығы қандай

Экспресс-тест қан арқылы жасалады. Оның дәлдігі 90 проценттен аспайды. Диагнозды дәлелдеудің негізгі әдісі — полимеразалық тізбек реакция. ПТР-тест кезінде сынама мұрын қуысынан және жұтқыншақтың артқы қабырғасынан алынады.

Экспресс-тест скринингтік тест болып саналады. Оны коронавирус жұқтыру қаупі жоғары адамдар тапсырады. Олардың ішінде науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина мамандары да бар. Бұдан бөлек, созылмалы аурулары бар егде жастағы адамдар, тұмау және пневмония белгілері шыққандар да тесттен өте алады.



sputniknews.kz