«Экономикалық болашақтың жоқтығы»: Отандық танымал продюсер АҚШ-қа неге көшіп кеткенін түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары
«Алдаспан» этно-рок, «Шапағат» топтарының продюсері Нұржан Тойшы біраз уақыт бұрын отбасымен бірге Америкаға қоныс аударған. Қоныс аударуы дәл карантин уақытына тұспа-тұс келген ол біраз қиындықтардан өтіпті. Нұржан мырзаның айтуынша, Лос-Анджелес халқы жұмыс істеуге құштар. Әр американлық табыс табуды көздейді екен. Жақында ғана көшіп барған продюсер карантин уақытында тамақ тасушы қызметін іздеп жүр екен. Өйткені дәл қазіргі уақытта Америкада белді бір қызметке тұру қиын дейді. Екі айдың ішінде 36 миллион адам жұмыссыз қалған…
– Нұржан мырза, өзіңізді «Алдаспан» этно-рок тобының продюсері ретінде танимыз. Бірнеше ай бұрын Лос-Анджелеске көшіп кеткен екенсіз. Елден кетуіңізге не себеп болды екен?
– Америкаға көшудің үш себебі болды. Бірінші, жұмыстағы мәселелер. Басқа жұмыс табыла ма, табылмай ма деген күмән болды. Екінші, Алматы қаласының экологиясы. Біздің климат. Үшінші, экономикалық болашақтың жоқтығы. Әрине, Қазақстанның мәңгілік мемлекет болуына сенемін. Қазір мен 46 жастамын. Біздің мемлекет 20 жылдың ішінде дамуға бет бұра ма, жоқ па соған күмән болды. Уақыт өтіп бара жатыр, бала-шағаны бағу керек. Сол себептен экономикасы дамыған мемлекетке көшуге тура келді. Сол оймен 2016 жылдан бастап жоспарлап жүріп, 2020 жылға Америкаға отбасыммен көшіп келдім. Негізі жағдайым жаман емес еді. Ресейдің «Галактика» дейтін компьютерлік бағдарлама жазатын корпорацияның Қазақстандағы өкілдігін 17 жыл басқардым. Жағдайым өте жақсы болды. Бірақ 2016 жылы девальвациядан кейін Америкаға көшуді ойладым. Одан бұрын өзім продюсерлік ететін «Шарапат» тобын Нью-Йорктегі өкілдеріміз сол жақта концерт беруге шақырған болатын. Сөйтіп дүркіретіп концерт берген едік. Сол жерде Асан Әбділовпен танысып қалып, ол кісі Америкаға көшіп келуіме ұсыныс жасаған болатын. Бірақ ол кезде Қазақстаннан көшу еш ойымда болмаған еді.
– Қазақ үшін ол жақта өмір сүру қалай екен? Шетелдің атмосферасына қаншалықты үйреніп кете алдыңыз?
– Әр адам әрқалай болатын шығар. Өзімді айтсам, мен әлі үйренісе алмадым. Себебі карантин болғаннан кейін адамдармен араласуға мүмкіндік болмады. Бұл жақта азиялық адамдар коронавирусты таратты деген соң ба, кейбіреулер бізді көрсе басқа жолмен жүруге тырысады. Одан кейін өз еліне үйреніп қалған соң, шет елде біраз шок болып жүреді екенсің. Басында елге қайтқың келеді. Бірақ уақыт өте етің үйрене бастайды екен.
– Лос-Анджелес халқы қандай? Бізбен салыстырғанда қонақжайлығы қалай?
– Қазір карантин уақыты болғандықтан әлі де халқын танып үлгермедім. Бірақ қандай болса да біздің елдегі қонақжайлыққа жете алмас. Діні, ділі бөлек ел. Келсеңіз, мұны бірден аңғарасыз. Жат елдің жат екеніне көзіңіз жетеді, өзіңізді еш алдай алмайсыз. Бұл жақта ешкім ешкімді күтіп жатқан жоқ. Соған дайын болу керек. Туристік сапар ол көшу емес, осыны ажырата білу керек.
– Соңғы кезде қазақстандықтардың басым бөлігі шетелде өмір сүргенді ұнатады. Мейлінше, Қазақстаннан көшуді қалайды. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп болуы мүмкін?
– Әлеуметтік жағдайдың нашарлағаны, экономикалық дағдарыс дер едім. Сондай-ақ, балалардың және жас ұрпақтың болашағының қандай болатынына көз жеткізе алмаймыз. Экологиялық мәселелер де бар.
– Шетелде өмір сүру қаншалықты оңай? Немесе қиын?
– Өте қиын. Өз елінде басын көтеріп, қоғамға сыйлы болып жүрген адам, бұл жақта олай болмайды. Себебі, елдегідей абыройлы жұмыс іздеп тапқанша бір немесе бірнеше жыл өтеді. Ал нан табу үшін басында қара жұмысты жасауға да тура келеді. Мұндай жағдайда кеудесін соққан адамды кездестіру қиын.
– Лос-Анджелес ең үлкен қалалардың бірі ғой. Сізде қандай қиындықтар кездесуде?
– Қымбатшылық. Жергілікті тұрғындар жер үйді сізге бірден жалға бере салмайды. Бір жылдың ақшасын бірден беремін десеңіз де, келіспейді. Әбден адам таңдап қалған халық. Сізді жақтырмаса, ақшаңызға да қарамайды. Пәтерін не болмаса жер үйін жалға бергенде түріңізге, жасыңызға, балаларыңыздың үлкен-кішілігіне қарап, әбден таңдайды. Мен қайта Варшам деген армян кісімен танысып қалдым. Ол Армениядан 20 жыл бұрын көшіп келген Америкаға. Осындағы орыстілділер арқылы сол кісімен сақтандыру мәселесін шешіп алдым. Үй жағын айтып мұңайып отыр едім, өз үйін жалға бере салды. Ол кісі әңгіме арасында қазақтар өте мейірімді жақсы халық дегенде көзіме жас келе жаздады.
– Біздің елмен салыстырғанда халқының басым көпшілігі не нәрсеге әуес екен? Немесе не нәрседен аулақ?
– Мұндағы халықтың есіл-дерті тек жұмыс істеу. Яғни, үнемі табыс табуды ойлайды. Содан кейін өздерінің жеке бостандығы үшін әр нәрсеге дайын. Басқадан да осыны талап етеді және өзі де солай жасайды. Жақсы нәрсеге әуес. Жұмыс істеуден ерінбейді. Үнемі күлімсіреп амандасып, жақсы сөздер айтуға құштар. Бірақ сізге шын көңілмен айтып тұр ма оны біле алмайсыз. Өйткені бұл жақта адамды әдетке айналып кеткен.
– Қазақстанда жақсы қызметте істегенсіз. Ол жақта немен айналысып жүр екенсіз?
– Мен компьютерлік салада инженерлік жұмыс іздеп жүрмін. Өкінішке орай, сол салада бір жұмыс орынға 60 адамдай бәсекеге түсіп жатыр деп естідім. Кейбір сайттан да сондай статистика көрсетіп тұр. Яғни, жұмыссыздық бар. Қазіргі карантиннің кесірінен де жай жұмысшылар – жүргізуші, даяшы, қонақ үйлердегі қара жұмысшылар, такси жүргізушілері, тағы басқалары жұмыссыз қалып отыр. Мұндай жұмыстарға оңай орналаса аласың. Бірақ дәл қазір ондай жұмысқа да кіре алмай қалдық. Үйдегілер үйде отырып істейтін уақытша жұмыс тапты. Маска тігеді. Соның ақшасы азық-түлігімізді жауып отыр. Ал өзімізбен бірге алып келген ақшамызды басқа шығындарға жаратып отырмыз. Көлік алдық. Бірақ жергілікті жүргізуші құжатын алатын мемлекеттік орган карантинге байланысты жабық. Ашыла сала құжатты аламын деп отырмын. Сөйтіп тамақ тасымалдайтын жұмыс табылады ма деген үміт бар. Әзірге осындай жұмыспен амалдай тұрамыз. Дәл қазіргідей қиын жағдай Америкада көп жылдан бері болмаған екен. Осы екі айдың ішінде 36 миллион адам жұмыссыз қалды деп естідім.
– Жақын арада елге қайту жоспарыңызда бар ма?
– Құдай қаласа, елге келесі жылы барамыз деп отырмыз. Туыстарды аралап қайтамыз. Қазақстанға кері қайтуға әрқашан да жол ашық. Бірақ бағымызды әбден сынап көремін. Ал жылда елге бару жоспарымызда бар, әрине.
– Шетелге қоныс аударғысы келетін қазақтарға қандай кеңес айтар едіңіз? Ең бірінші нені ескеруі керек?
– Ағылшын тілін жетік білу керек. Жақсы мамандық меңгеру қажет. Онсыз жұмыс табу қиын. Мысалы, мен 4-5 дипломыммен, ағылшын тіліммен әлі жұмыссыз жүрмін. Негізі мың рет ойланып, бәрін есептеп шығу керек. Менталитеті басқа, танымайтын жерге көшу ешуақытта оңай емес. Негізі жас кезде көшіп келген тиімдірек, қиындықтар онша білінбейді. Ал орта жастан ары қарай психологиялық сынақтардан өту қиын болады екен. Адамға да байланысты. Кейбір іштей мықты адам бұл қиындықтарды жеңе алады. Және тәуекелге бел буғандарға да оңай соғуы мүмкін. Ал сезімтал жанға бір жерден басқа мекенге көшу оңай емес. Осыдан абай болған абзал.
Дайындаған: Анар Дәукен
stan.kz